Партадағы «аналар»

11 ақпан 2017, 23:15

Жасөспірім қыздар арасында ерте жүкті болған «оқушы аналардың» саны жыл сайын артып келеді. Сорақысы сол, еліміздегі ең жас ананың жасы небары 13-те ғана. Ал өткен жылы облыс бойынша 143 павлодарлық оқушы партада отырып балалы болса, бүгінде 40 жасөспірім қыз жүктілігі бойынша есепте тұр.

Бүгінгі қыз – ертеңгі ана. Босаға аттап келін болу, бала сүйіп ана атану — әрбір қыздың ертелі-кеш пешенесіне жазылатын зор бақыт. Сол арқылы олар есігінен енген әулеттің ғана емес, тұтас ұлттың ұрпағын жалғастырады. Бұл — өмірдің бұзылмайтын заңдылығы, тағдырдың бұлжымайтын бұйрығы. Өкінішке қарай, кейбір бүлдіршін қыздарымыз бесіктен шықпай жатып, жаға ұстатуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жыл сайын әлемде кәмелет жасына толмаған 16 миллионға жуық қыз жүкті болады екен. Оның 3 миллионы жаза басқан қадамының ізін жасыру үшін жасанды түсік жасатады-мыс. Бұл сандардың ішінде Қазақстанның да үлесі аз емес. Қазақ жерінде бәлиғат жасына жетпей, жүкті болып қалатын қыздардың саны шамамен 10 мың мен 20 мыңның арасында. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, былтырғы жылы аймағымызда 15-18 жас арасындағы 143 оқушы жүктілігі бойынша есепке алынып, оның 99-ы баласын өмірге әкелсе, 38-і жасанды түсік жасату үшін дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Бұл мәліметтер аталмыш басқармада ресми түрде тіркелгендері ғана. Ал құрсағындағы шаранасын ешкімге білдірместен ішінде тұншықтырғандардың қанша екенін болжаудың өзі қорқынышты. Өйткені ойнап жүріп, от басқан қызының түздегі қылығын жасыру үшін жасанды түсік жасатуға мәжбүрлейтін де ата-аналардың өздері екенін гинеколог дәрігерлер де растап отыр. Аты-жөнін атамауымызды өтінген білікті дәрігер жас қыздардың көбіне түсік жасату үшін демалыс күндері мен түнгі уақыттарда келетінін айтады. — Мен гинеколог болып 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келемін. Осы күнге дейін қанша жасөспірім қызға жасанды түсік жасағанымды нақты айта алмаймын. Бірақ жыл басынан бері тура осындай жағдаймен 15 пен 18 жас аралығында 2 қыздың ата-анасы келіп, көмек сұрады. Алдымызға келген пациенттерімізге әуелі бұның бала денсаулығы үшін қауіпті екенін, кей жағдайларда оның екінші рет ана бола алмайтынын да ескертіп айтамыз. Себебі ол — біздің міндетіміз. Бұл қызмет тегін жасалмайды. Іштегі шарананың уақытына қарай бағасы да әр түрлі. Өз басым, дәрігер ретінде емес, 2 қыздың анасы ретінде жас қыздарымызға үлкен қадамға бармас бұрын ойланса дегім келеді. Ата-аналарды балаларының араласып жүрген ортасына мұқият болуға шақырамын. Кез келген нәрсенің бастауы араласатын ортаға байланысты, — дейді ол. Міне, дәл осындай жасырын жасалған аборттан кейін жасөспі-рімдер арасындағы мәселенің ушығып бара жатқанын аңғару қиын емес. Еліміздің ертеңі саналатын қыздардың еркелігінің соңы ессіздікке ұласса, оның себебін қайдан іздейміз? Әлбетте, сан-саққа жүгіртуге болады. Ең әуелгі сөз ата-ана тәрбиесіне тіреледі. Бұл дұрыс та. Баланың өміріне, тәрбиесіне мектеп, қоғам емес, ең бірінші әке-шешесі жауапты. Ал қазір мойнындағы сол жауапкершілікті ұстаздарға немесе айнала қоғамға, баласының ортасына арта салуға бейім ата-аналар жоқ емес. Сонымен қатар, ғаламтордың теріс тағылымы да — негізгі әсер етуші фактор. Порнографиялық суреттер мен ұятсыз фильмдерді көрудің өзі қолжетімді. Ғаламторға қосылу мүмкіндігі жоғары ұялы телефондардың шығуы мұның жолын тіптен жеңілдетті. Санасы қалыптаспаған әрі албырт жастағылар оны қызық көруі, соған еліктеуі де ғажап емес. Соңғы жылдары Қазақстанның түкпір-түкпірінен ашылып жатқан «Аналар үйінің» көбеюі де тегіннен- тегін емес. Піспей үзілген алма тәрізді жас аналардың кейбірі құрсағындағы шаранасын өлімге қимай, ата-анасынан қашып, осы «Аналар үйін» паналайды. Облыстағы «Аналар үйінің» жетекшісі Әсел Әбішеваның айтуынша, аталмыш орталық қыздарға жанашырлық таныта отырып, олардың өмірден өз орнын табуына жәрдемдесуді мақсат етеді. — Басты мақсатымыз — тығырыққа тірелген қыздарымызға қол ұшын созу. Баласынан бас тартпаса екен дейміз біз. Бұл «әкесіз тапсам, тегін бағатын жер бар екен» деген ой тудырмауы керек. Аналар үйіне тап болған әр қызға рухани көмек беріп, болашақта сүрінбей, өмірден өз орнын табуына көмектесеміз. Бірінші кезекте білім алып, кәсіп иесі атанып, жұмысқа орналасуына септесіп жүрміз. Мен мұндай қателікке қыздарымыз ата-ананың балаға өте аз көңіл бөлуінен жол береді деп ойлаймын. Алданып қалғаннан кейін отбасын жерге қараттың деген сөзден қорқып, суицидке де барып жатады. Бәріне баланы кінәлай бермей, ата-ана да үйдегі қызының не істеп, кіммен араласып жүргенін қадағалауы керек. Қалта телефонындағы орнатылған бағдарламаларға дейін бақылап, досындай сырласса, көп мәселе өз шешімін табар еді. Өткен жылы біздің «Аналар үйіне» 30 ана келіп орналасты. Олардың 17-сі балаларымен келсе, 13-і болашақ жас аналар, — дейді Ә.Әбішева. Кәмелет жасына толмаған қыздардың жүкті болып қалуына, жоғарыда аталған мысалдардан өзге тағы да бір себеп бар. Ол — жасөспірімдердің зорлық-зомбылыққа ұшырауы. Яғни, мұндай жағдайға тап болған қыздар көп жағдайда ата-анасына ашық айтудан қорқады. Білместікпен жасаған бір ғана қадамы талай қыздың тағдырын тас-талқан еткенін статистикалық мәліметтерден-ақ анық көріп отырмыз. Бармақ тістеп өкінгенімен, орнына келіп, оңалмайтынын білетін олар ендігі кезекте қателесуге құқылары жоғын білсе болғаны. Ал келесі мақсат бұрымы желбіреп, бойынан балалығы кетпеген өзге қыздарды қалай сақтауға болады? Ол үшін не істеу керек? Бұл сұрақтар төңірегінде көпшіліктің ойы сан алуан. Мәселен, 2016 жылы облыстық прокуратура 3 айдың ішінде 5 оқушы қыздың жүктілігін анықтағаннан кейін облыстық білім беру басқармасына оқушы қыздарды тоқсан сайын гинекологиялық тексерістен өткізіп тұру туралы ұсыныс жасаған. Алайда елімізде соңғы 13-14 жылдан бері ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бойынша, гинеколог мамандардың оқушы қыздарды жаппай тексеруіне тыйым салынған болатын. Десе де, көк жағалылардан келіп түскен ұсынысты ақ халаттылар да құп көріп отыр. — Қазіргі уақытта қыздарды гинекологиялық тексерістен өткізіп тұру өте қажет. Әсіресе, мектеп жасындағы қыздардың жүкті болып қалу мәселесі ушығып тұрған кезде, білім ордасына да оқушыға да маманның кеңесі ауадай қажет деп ойлаймын. Себебі отбасында қыздардың өміріне қатысты кейбір әңгімелер ашық айтыла бермейді. Жасөспірім қыздар арасындағы ерте жүктіліктің алдын алудың тиімді шешімі медициналық, білім беру ұйымдарымен, ІІД, ҚЖҚ, БАҚ арасындағы бірігу болып табылады. Сондықтан ерте жүктіліктің алдын алу мәселесі тек қана медициналық көмек көрсету жүйесін жетілдіру ғана емес, сонымен қатар сектораралық және ведомствоаралық қарым-қатынастың тиімділігін арттыру. Бүгінгі таңда жас қыздарды жоспарланбаған жүктіліктен қорғау мақсатында контрацептивтік заттар сатылып алынады. Мәселен, өткен жылы облыстағы медициналық ұйымдардың бюджет есебінен 4200,0 мың теңге сомасына контрацептивтер сатылып алынды, — дейді облыстық денсаулық сақтау департаменті ана мен баланы қорғау бөлімінің бас маманы Әлия Көбікова. Мамандар берген ақпарат көпті шошытары хақ. Десе де, дана халқымыз «ауруын жасырған өледі» демей ме? Біз берген мәліметтерді саралай отырып, өсіріп отырған гүліңіздің ертеңіне бір рет көз жүгіртіп, ойланып көріңіз.

Ресми мәліметке сәйкес, 2016 жылы жүкті болған жасөспірімдер саны — 143.

Олардың ішінде:

15 жаста – 6

16 жаста – 38

17 жаста – 96

қыз жүкті болған. Облыстағы ең жас ана 15 жаста. Маман кеңесі: Жасөспірім қыз баланың ағзасы толық қалыптаспаған және гормоналды жетіспеушіліктерге байланысты бала көтеруге дайын емес. Бұл әрі қарай қыз баланың репродуктивті дамуы мен қалыптасуына кері әсерін тигізеді. Тіпті, көп жағдайда болашақ ұрпақтың денсаулығына немесе тұқымдылықтың жойылуына әкеліп соғады. Қыз неғұрлым жас болса, жүктілік немесе босану кезіндегі қиындықтың даму қауіпі де жоғары болады. Егер, 16-19 жас-тағы жас әйел өздігінен босану мүмкіндігі болса, ал одан кіші қыз балада табиғи жолмен босану мүмкін емес. Бұл — әйелдің анатомиялық және функцио-налдық репродуктивті жүйесінің жетілмеуі. Жас аналар арасында ана өлімі деңгейін төмендету мақсатында босану кесарь тілігі жолымен жүргізіледі. 16-17 жастағы жүктілік тек қана физиологиялық емес, сонымен қатар психоэмоцио-налдық деңгейде өз ізін қалдырады. Өзінің мәселесімен жалғыз қалған қыз бала депрессияға түсуі мүмкін. Осы жағдайдағы жасөспірім қыз бала өзі «тұйықталады», ол өзіне өзі қол жұмсауды ойлайды. Бұл жерде психологиялық көмекті уақытылы және аталған мәселені шешу мүмкіндігін көрсету керек Р.S. «Тәрбие басы – тал бесік» дейді халық даналығы. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп мұны Мұхтар Әуезовтің толықтыра түскені бар. Әр отбасы «қызға қырық үйден тыйым» дегенді мықты ұстана білсе, үйдегі қыздың түздегі қылығының соңы ұлттың сүйегіне қара таңба салумен бітпес еді. Сонда біз де бүгін ақ бантикті «аналар», мектеп жасындағы «мамалар» туралы жазбаған болар ма едік?!

pavlodarnews.kz

 

16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде
05 шiлде, 14:06
Түркістан: Төлеби ауданында профилактикалық іс-шаралар басталды