jasqazaq.kz

Парламенттің «Құрылтай» деп аталып, бір палаталы болып құрылуы қоғам тарапынан кеңінен қолдау тауып отыр

Бүгін, 11:24

Республиканың көп ұлттық құрамды халқымен қабылданған ҚР Конституциясы қоғамды біріктірген маңызды саяси-құқықтың құжат болып табылады. Қазақстанның біртұтас халқының тікелей ерік білдіруімен дүниеге келген бұл тарихи акт Республикамызды демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырды, адамның конституциялық құқықтық жүйеде алатын орнын нақтылап берді. Қабылданғалы бері ол мемлекетіміздің өркениетті даму көшінен қалмай тиімді дамуына, халықаралық деңгейде Қазақстанның Ата Заңымызда бекітілгендей құқықтық, демократиялық, әлеуметтік мемлекет ретінде танылуына, мемлекетте, қоғамда саяси тұрақтылықтың орнығуына құқықтық негіз болып, өзінің үлесін қосуда.
Қазіргі кезде Конституцияның жаңа жобасы қарастырылуда. Бұл конституциялық реформаның маңызды тұсы айтарлықтай зор. Біз оның тек бір маңызды сәтін, ең бір сүбелі мәселесіне қозғайық деп отырмыз. Атап айтқанда, бұл конституциялық реформа халық билігінің жоғарғы органы — Парламенттің ұйымдастырылуын түбегейлі өзгертуді қарастырады. Талқылауға ұсынылып отырған жобаға сәйкес заң шығарушы, жоғарғы өкілді — халықтық орган Парламент, біріншіден «Құрылтай» деп аталып, екі палаталы емес бір палаталы құрамда құрылады әрі оның құрамы бара-бар өкілдік сайлау жүйесі бойынша сайланатын депутаттардан тұратын болады. Бұқаралық ақпарат құралдарында Парламенттің «Құрылтай» деп аталып, бір палаталы болып құрылуы мәселесі мақұлданып, тиісінше қоғам тарапынан кеңінен қолдау тауып отыр. Оны мен де қолдаймын. Тиісті мәселені қайталай бермес үшін мен көп айтылмаған — Құрылтайдың құрылуы мәселесіне тереңірек тоқталып кетсем деймін.
Жаңа Конституцияның жобасында Құрылтайдың бара-бар өкілдік сайлау жүйесі бойынша қалыптасатындығы қарастырылған. Құрылтайдың бара-бар өкілдік сайлау жүйесі бойынша құрылуы саяси жүйенің дамуына, шағын партиялардың белсендігін арттырып, партиялар арасында бәсекелестіктің күшеюіне оң әсерін тигізері хақ. Кезінде Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев Сенаттың отырысында (26.01.2022 ж.) сөйлеген сөзінде саяси жүйені орнықты дамыту ісінде саяси партиялардың маңызды рөл атқаратындығын, сол себепті елімізге жауапкершілігі жоғары әрі халықтың мүддесін тиімді қорғай білетін партиялардың қажет екендігін баса көрсеткен еді. Тиісінше, Құрылтайдың бара-бар өкілдік сайлау жүйесі бойында құрылуы Республиканың саяси жүйесінің орнықты, тиімді дамуының негізгі бір факторы болып табылады. Онымен толық келісеміз.
Айта кететіні, халықтық органды – Құрылтайды бара-бар өкілдік сайлау жүйесі бойынша құруда халықтың еркінің ескерілуін мүмкін ететін келесі жағдайды да ұмытпаған жөн. Ол жағдай — республикамызда саяси тұрақтылықты сақтау үшін, халықтың саяси билікке, әсіресе өкілді билікке деген сенімін жоғалтпауы үшін, әрі халықтың биліктің бірден-бір бастауы болып табылатындығы туралы конституциялық норманың жалған еместігін бекемдеу үшін қажетті жағдай. Нақты айтсақ, бара-бар өкілдік сайлау жүйесі бойынша Құрылтай депутаттарын сайлауда сайлаушы дауысын өзі қалайтын партияға бере отырып, ол партия ұсынған тізіміндегі нақты азаматты көрсеткені жөн. Бұл қазіргі шынайы демократиялық елдерде қолданылады. Ашып айтқанда, сайлаушылар Құрылтайды сайлау бойынша сайлау бюллетенін толтыруда өзі дауыс беретін саяси партияның тұсына тиісті белгі қойып, оның жанына партия ұсынған тізімдегі өзі қалайтын нақты адамның реттік нөмерін көрсеткені қажет. Тиісінше, дауыс беруден кейін сайлау қорытындысын анықтауда Орталық сайлау комиссиясы тиісті саяси партияның ұтып алған мандат санына қарай сол партия ұсынған тізіміндегі азаматтардың арасынан қайсысының барытындығын сайлаушылар қалауына (берген дауысына) қарай анықтайды. Ол саяси партияларды ешбір қолайсыз жағдайға қалдырмайды. Оның дұрыстығының екі жағын көрсетуге болады: біріншіден, Құрылтайға депутат ретінде саяси партия қалайтын тұлға барады. Себебі, тізімді партияның өзі қалыптастырады, тиісінше партия қаламаған адам тізімге енбейді де. Екіншіден, ол, яғни сайлаушының саяси партияға дауыс бере отырып, тізімдегі нақты адамды белгілеуі халықтық органға азаматтардың көпшілігі қалаған тұлғалардың да баруын, тиісінше мемлекеттік басқаруға халық сенетін адамның баруын мүмкін етеді. Бұл өз кезегінде халықтың саяси партияларға деген сенімін, партиялық тізімде халық қалайтын адамның орын алуы саяси партияларға деген азаматтардың құрметін тудырады, әрі ол азаматтардың саяси белсендігінің, билікке деген сенімінің жоғарылауына алып келеді. Оған қоса, бұл партиялар мен азаматтардың арасын жақындатады, сол арқылы партиялардың жалпы халықтың еркімен таныс болуын мүмкін етеді. Себебі, сайлаушылардың тек партияға ғана емес, ондағы, яғни партиялық тізімдегі адамға дауыс беруі партиялардың тізімге толықтай өзі қалайтын емес, халыққа жақын, халықтың сенетін адамды енгізуіне кепілдік береді. Әрі партиялар Парламенттен өздері нақты қалайтын адамдардың орын алуы үшін оларды халыққа барынша жақындатады, сол арқылы өздері де жалпы халыққа жақындай түседі.
Бұл аталған жағдайлар конституциялық реформаның халық мүддесінде жүзеге асырылуын, мемлекеттің, биліктің әркезде де халықтың еркіне негізделетіндігін көрсетеді. Олай болса, еліміздің отансүйгіш азаматтары Конституцияға өзертулер енгізуді қарастырып отырған бұл тарихи жағдайды бір қолдан жең, бір жағадан бас шығарып қолдайық.

А.Жарболова,

заң ғылымдарының кандидаты

30 қантар, 18:33
Конституциялық комиссия жаңа Конституцияның бірінші жобасын дайындады
28 қантар, 15:13
Президент: Қара басының қамы үшін заңды бизнесті тоқтату тәжірибесі әлі де бар
27 қантар, 17:54
"Бензин безгегі» келмеске кетіп барады
27 қантар, 15:00
Моншадан мектеп ашып, мемлекеттен қаржы алып отырған (Видео)
24 қантар, 15:09
Ержан Жиенбаев: Халық Кеңесі Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың стратегиялық функцияларын орындауды жалғастырады
23 қантар, 19:56
Көмірді кәдеге жарату немесе энергетикалық тәуелсіздік
23 қантар, 15:48
Көздегені пайда, білім сапасы қайда!?
22 қантар, 15:22
Қазіргі депутаттар жаңа Құрылтайға қайта сайлана ма?
20 қантар, 14:02
Президент: Неке институтын ер мен әйелдің ерікті одағы ретінде заңнамалық тұрғыда нығайту қажет