Шымкент қаласындағы Оңалту орталығының директоры Парида Сатайқызы ерекше білімді қажет ететін балаларға қолдау көрсету бағыттары туралы Jas Qazaq тілшісіне әңгімелеп берді.
Оның айтуынша, мүмкіндігі шектеулі балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету және медициналық-әлеуметтік қызмет көрсету оңалту орталығы мен баланың ата-анасы (заңды өкілі) арасындағы бір сабақ циклы үшін жасалатын шарт негізінде реттеледі.
Сабақтардың бір циклы – бір жылға психологиялық-педагогикалық және медициналық-әлеуметтік көмек көрсету кезеңі болып табылады.
Мүмкіндігі шектеулі балаларды психологиялық-педагогикалық және медициналық-әлеуметтік көмек көрсету саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге қабылдау оңалту орталығындағы орындардың болуына қарай жыл бойы жүзеге асырылады.
Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларға мемлекеттік көмек көрсету үшін мемлекеттік мекемеде мынадай қызмет түрлері ұйымдастырылады:
* топтық бағалауды жүргізу (жеке, пәнаралық);
* отбасына көмек көрсету бағдарламаларын әзірлеу;
* түзету-дамыту тренингі;
* күндізгі күтім тобы;
* балаларға арналған қысқа мерзімді болу тобы;
* психологиялық-педагогикалық кеңес беру;
* отбасылық кеңес беру;
* әлеуметтік және құқықтық мәселелер бойынша кеңес беру;
* медициналық қызметтер (дәрілік емдеу, физиотерапия, емдік массаж, оңалтудың техникалық құралдарын таңдау).
«Педагогтарымыздың біліктілігі – біздің басты артықшылығымыз. 2025 жылдың өзінде 40-қа жуық маман «Өрлеу» ұлттық орталығы мен Алматыдағы ӘБЕО оқу орталығында 72-80 академиялық сағаттық курстардан өтті.
Олардың көбі «Инклюзивті тәсілдеме: ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиелеу және оқыту процесіне қосу» атты бағдарлама бойынша білімін жетілдірді. Бұл курстар педагогтарға заманауи әдістемелерді меңгеруге, жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік береді.
Мысалы, Дилданова Эльмира «Инклюзивті білім беру жағдайында бейімделген дене шынықтыру» курсын тәмамдады. Ал О.Ю. Фаттахова мен А.С. Бердаулетова балалардағы әлеуметтік қарым-қатынас қиындығын еңсеру бойынша маманданған», — дейді орталық директоры.
Бұл орталықта түрлі үйірмелер де жұмыс істейді. Парида Сатайқызы: «Біз балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға басымдық береміз. Қолөнер, сурет, ән, би үйірмелері бар. Арт-терапия мен музыка терапиясы арқылы баланың ішкі әлемін ашамыз. Балалар өз қолымен жасаған бұйымдарын көрмеге шығарады, бұл олардың сенімін күшейтеді», — деді.
Олжас Әбдіхалық