Өзіміз өндірсек қой

17 шiлде 2020, 14:32

Жақында отандық және шетелдік ақпарат құралдары Маңғыстаудағы мектеп оқушысы Ислам Жалғасбайдың үйде жасанды тыныс алу аппаратын құрастырғанын хабарлады. Өнертапқыш бала өзі жасаған құрылғымен ем қонбас дертке ұшыраған атасының өмірін біраз күнге болса да ұзартыпты…

Тәжкесел өршігелі өкпеге тыныс беретін құрал-жабдыққа сұраныс артып тұр. Оның сапасы мен жарамдылығы да көкейкесті мәнге ие. Осы айдың басында баспасөзде денсаулық сақтау министрлігіне қарасты тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасы және қауіпсіздігі жөніндегі комитет төрағасы Тимур Сұлтанғазиевтің бұйрығы жарияланды. Онда Ресейдің Екатеринбург қаласындағы Орал прибор жасау зауытында 2020 жылғы 1 сәуірден кейін жасалған өкпеге жасанды жолмен тыныс беретін «Авента-М» аппаратын (тіркелген нөмірі:

РК–МТ-7 №014826) елімізде қолдану уақытша тоқтатылатыны туралы айтылған. Мұндай шешім қабылдауға Ұлттық дәрілік заттар және медицина құрал-жабдықтарын сараптау орталығының 8 маусымдағы хаты мен сараптамалық қорытындысы негіз болыпты.

Жасалған орны мен атауы дәл осындай аппарат төңірегіндегі әңгімені терістік көршідегі оқиғалармен жалғастырайық. Биылғы 12 мамыр. Санкт-Петербордағы Әулие Георгий ауруханасы. Коронавирус кеселіне шалдыққан науқастар таңылған жасанды тыныс алу аппаратынан (ЖТА) өрт шығып, 6 адам көз жұмды. Жап-жаңа емдеу жабдығы жансақтау бөліміне бірнеше күн бұрын орнатылған екен. Одан үш күн бұрын Мәскеудегі қалалық клиникалық ауруханалардың бірінде сондай жабдық өртеніп, бір адам мерт болды. Қайғылы оқиғадан соң Ресей федералдық денсаулық сақтау саласын қадағалау қызметі (Росздравнадзор) мекемесі іле-шала әлгі аппаратты жарамсыз деп тауып, қолдануды уақытша тоқтатты.

Мәскеулік сайттар жазғандай, аппаратты жасаған Екатеринбургтегі кәсіпорында тексеру жүргізіліп, бірқатар кемшілік анықталған. «Росздравнадзор» ұйғарымымен зауыт қолданыстағы аппараттарын қайтарып алып, тексеруден өткізуі тиіс. Айта кеткен жөн, сәуірде Владимир қаласындағы емдеу орнына ескірген жасанды тыныс алу аппараттарының тағы бір түріне қатысты шу шығып, қылмыстық іс қозғалды. Міне, осы оқиғалардан кейін терістік көршімізде медициналық құрал-жабдықтың сапасын бақылауға ерекше көңіл бөле бастады. Әсіресе, құқық қорғау орындары пандемия кезінде ақша тауып қалуға тырысатындарды әшкерелеп, жауапқа тартуға кірісті. Жалпы Ресей билігі пандемия басталғалы отандық медицина өнеркәсібіне мықтап ден қойғанын айтқан жөн.

Елімізде «Авента-М» аппаратын қолдануды тоқтатуға не себеп болды? Құзырлы орындар бұл жөнінде әзірге ашып айта қойған жоқ. Белгілісі, отандық медицинаға 5680 ЖТА аппараты қажет. Мұның 5 мыңы емдеу орындарында, қалғаны жедел жәрдем көлігіне қойылуы тиіс. Бұл туралы хабарлаған денсаулық сақтау министрлігі жабдықтың бірнешеуі Дүниежүзілік банктің несиесіне сатып алынатынын хабарлады.Бұған қоса, түркиялық Biosys компаниямен бірлесіп, ЖТА аппаратын шығару көзделуде. Соңғы жылдары қай салада болмасын, «Milli ve yerli jihaz!» (отандық әрі жергілікті өнім) деген ұранды алға тартқан түріктер осы жабдықты қалай жасады? Енді Анадолыға ойысайық.

Түркия өнеркәсіп және технология министрі Мұстафа Варанк сәуір айының соңына таман жергілікті телеарнаға берген сұхбатында Covid-19 елге келмей тұрғанда қамданып, тиісті іс-амалдың қолға алынғанын баяндады. Мұстафа бей былай дейді: «Вирус өкпеге қауіп төндіретіндіктен, ЖТА бүкіл әлемде емдеуге бірден-бір қажет аса маңызды медициналық жабдыққа айналды. Бізде алып жүруге болатын аппарат бар-тұғын. Сондай-ақ Biosys ауруханада күрделі емдеуге арналған ЖТА жасауға маманданып жүр еді. Біз фирмадағылармен дереу байланысқа шығып, аппаратты жаппай өндіру жайын ақылдастық. Жабдықты жетілдіре түсу және оны көптеп шығаруға қорғаныс өнеркәсібінде сүбелі жетістіктерге жеткен Baykar, ASELSAN сияқты ұлттық компаниялармен қолдау мен көмегін аямады». Бүгінде дүниежүзіне танымал өнертапқыш Селжүк Байрактар басқаратын Baykar-дың ұшқышсыз аппараттары туралы таяуда газетімізде жазғанбыз. Бұған қоса, білім мен ғылыми-зерттеуді заманауи технологиялық жобалармен ұштастыра білген жекеменшік Білкент университетінің де бұл істе үлесі зор екенін атап өткен жөн.

«Biovent» деп аталатын осы жабдықтың толығымен отандық екенін айрықша атап өткен министр оны көптеп шығару үшін түріктің тағы бір ірі компаниясы, бізге тұрмыстық бұйымдарымен танымал «Арчеликтің» өндіріс желісін құрғанын атап өтті. Осылайша жұмыла кірісудің нәтижесінде жоғары технологияны талап ететін аппаратты жаппай шығару ісі небәрі 14 күнде жолға қойылды. Мұстафа Варанк өз елінде өкпеге тыныс беретін 20 мың аппарат бар екенін, мамырдың соңына дейін тағы 5 мыңы жасалатынын хабарлап еді. Ол, сонымен қатар, әлемде мұндай жабдықты өндірушілердің саны бес-алтаудан аспайтынын айтып, аса қажетті осы жабдықты өзге елдерде де шығаруға болатынын тілге тиек етті.

Түріктер ішкі сұранысты қамтамасыз етіп қана қоймай, артық өнімді сыртқа жөнелтуге кірісті. Қатерлі дертпен күресіп жатқан Бразилия 1500 аппаратты сатып алатын болды. Жергілікті БАҚ-та жарияланған деректерге жүгінсек, жан-жақтан түскен тапсырыс көлемі 60 мыңнан асыпты. Әр жабдықтың орташа есеппен 17 мың долларға сатылатынын ескерсек, экспорттан жүздеген миллион доллар түсетінін есептеу қиын емес.

Міне, осы жабдықты «Қазақстан Aselsan инжиниринг» қазақ-түрік бірлескен кәсіпорнында шығару жоспарланып отыр.

Түркия үкіметінің тәжкеселге дайындалып, елдегі денсаулық, өндіріс, технология, ғылым және адам капиталын ортақ мақсатқа жұмылдырып, жылдам әрі тиімді тәсілмен үйлестірудегі тәжірибесін тәптіштеп жазуымыз бекер емес. Бізге нақ осы ілкімді әрекет керек боп тұр. Олай етпесек, мекемелер арасындағы қағазбастылықпен қымбат уақытты өткізіп алатын бюрократиялық жайбасарлық пен немқұрайдылықтан арылу қиын. Күні кеше қайырымдылық көмек ретінде келген дәрі-дәрмектің қораптарда жатып қалғаны сияқты.

Коронавирус медицина өнеркәсібі секілді тағдыршеш саланы қолға алу қажеттігін ойлауға мәжбүр етті. Мүмкіндік те, қаржы да бар. Орыс пен түріктің ұста-инженерлері секілді өнертапқыштар, құдайға шүкір, бізде де жетерлік. Әңгіме басында сегізінші сынып оқушысы Исламның қарапайым тыныс беретін жабдық жасағанын айттық. Біздегі осы іске бейімі бар өндіріс ошақтары, ғылыми-зерттеу орталықтары, жоғары оқу орындары мен медицина мамандарын тартса, үлкен бір жобаның төңірегінде топтастырса, сөз жоқ, жемісін берер еді. Дәрі тапшылығына жол берілмес еді. Мемлекет басшысынан «Намыс қайда?» деген сөз естімес еді атқамінерлер.Отандық өндіріс қанат жаймағандықтан, денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова ханымның өзі мойындағандай, дәрі-дәрмектің 13 пайызы (?!) ғана өзімізде өндіріледі. Қалғанын сырттан тасимыз. Оның бәрі сапалы, дертке дауа деуге тағы келмейді. Тиынның татын жалаған кейбір саудагерге адамның жанынан гөрі, қампайған қалтасы қымбат. Күмәнді, мерзімі өтіп кеткен, тіпті ағзаға зияндысын тықпалайтыны да содан. Дәрі көптеп өндірілсе, алыпсатардың саудасы жүрмес еді.

Тәжкесел қолғап, бетперде, дәке сияқты «қарапайым заттарды неге өзімізде өндірмеске» деген байырғы сауалды көлденең тартты. Ендігі жерде «Әуелі іс, сөз содан кейін» деп білекті сыбана іске кірісетін кез келді. Әйтпесе, өндіруші емес, өзгенікін тұтынушы болып қалғанымыз қалған.

Срайыл Смайыл

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?