jasqazaq.kz

Өзбекстан Қазақстанды қуып жете ала ма? Әлде бұл бір өңірдегі экономикалық дамудың екі бағыты ма?

15 шiлде, 19:09

Қазақстан мен Өзбекстан – Орталық Азиядағы экономикалық әлеуеті ең ауқымды елдер. Алайда олардың даму деңгейі мен бағытында айтарлықтай ерекшелік бар.
Қазақстан қалыптасқан, институционалды тұрғыда дамыған және макроқаржылық тұрақтылығы жоғары экономика ретінде танылса, Өзбекстан – құрылымдық реформалар мен инвестициялық серпінге сүйене отырып, жедел даму кезеңінде тұрған ел. Сонымен қатар, бұл елдің демографиялық әлеуеті де зор.
Бұл мақалада автор екі елдің негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері мен институционалдық ерекшеліктерін салыстыра отырып, экономикалық өсуге қатысты неоклассикалық теориялар, әсіресе Солоу моделінің (Solow, 1956) негізінде олардың даму траекторияларының жақындасу ықтималдығын бағалауға тырысады.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Өзбекстан тұрақты экономикалық өсім көрсетуде, бірақ әртүрлі траекториямен дамып жатыр. Екі елдің арасындағы айырмашылықтар жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) көлемімен ғана шектелмейді – қаржы жүйесінің құрылымы, қарыз жүктемесі, институционалдық даму деңгейі мен инфрақұрылым сапасы да өзгеше.
Қазақстан негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша Өзбекстаннан едәуір алда. Былтыр Қазақстанның номиналды ЖІӨ-і $286 млрд болса, Өзбекстандікі – $115 млрд. Халықтың әл-ауқат деңгейіндегі айырмашылық одан да үлкен: Қазақстанда жан басына шаққандағы ЖІӨ — $14 300, ал Өзбекстанда — $3 090, бұл 4,6:1 қатынасына сәйкес келеді. Бұл айырмашылық капиталдың жинақталу деңгейінің жоғары екендігін және Қазақстан экономикасының құрылымы анағұрлым жетілгенін көрсетеді.
Мемлекеттік сыртқы қарыздың ЖІӨ-ге қатынасы бойынша да айырмашылық бар: Қазақстанда бұл көрсеткіш 11,3%, ал Өзбекстанда 30% шамасында. Ішкі капитал нарығы шектеулі болғандықтан, Өзбекстан бюджет тапшылығын және күрделі шығындарды жабу үшін шетелден қарыз алуға мәжбүр. Ал Қазақстан негізінен ішкі қарызға жүгінеді және Ұлттық қордың ($60 млрд) арқасында тұрақтылық пен жинақ функциясын қамтамасыз етеді (Халықаралық валюта қорының жіктемесі бойынша – егемен қор).
Қазақстанда капитал нарығы да анағұрлым дамыған. Соңғы бес жылда оның капитализациясы $74,4 млрд-тан $146,1 млрд-қа дейін өсті. Елімізде екі негізгі алаң жұмыс істейді: KASE – ұлттық биржа, қарыз және акция нарықтарына өтімділік береді; AIX (АХҚО аясында) – ағылшын құқығы юрисдикциясында жұмыс істейтін, шетелдік инвесторларға бағытталған халықаралық алаң.
Сонымен қатар, Қазақстанда зейнетақы жинақтау жүйесі дамыған. БЖЗҚ активтері – $42,7 млрд, оның шамамен 53%-ы мемлекеттік және корпоративтік бағалы қағаздарға инвестицияланған. Осылайша, зейнетақы жүйесі институционалдық инвестор ретінде облигация портфелінің құрылымына, кірістілік көрсеткішіне және нарық өтімділігіне әсер етеді.
Өзбекстанда бұл салада жағдай өзгеше – зейнетақы жүйесі әлі де қайта бөлуші сипатта, жинақтаушы компоненті институционалды әрі құқықтық тұрғыдан әлсіз дамыған. Бұл қор нарығының дамуына кедергі келтіріп, ұзақмерзімді инвестиция көзі ретінде шектеулер тудырады.
Несие қабілеттілігі тұрғысынан Қазақстан халықаралық рейтингтік агенттіктерден инвестициялық деңгейдегі баға алған (Fitch: BBB, S&P: BBB–, Moody’s: Baa1), ал Өзбекстан әзірше спекулятивтік санатта қалып отыр (Fitch: BB–, Moody’s: Ba3), дегенмен болжамы – «позитивті».
Көпшілікті толғандыратын сұрақ – неге Өзбекстан ЖІӨ өсімі бойынша Қазақстаннан жылдамырақ дамып жатыр?
Бұған жауап беру оңай, біріншіден, нақты ақшалай мәнде алсақ, Өзбекстанның экономикасы әлі де Қазақстаннан кіші. Былтыр Өзбекстанның ЖІӨ-і 6,5% өсіп, $7 млрд қосымша табыс әкелсе, Қазақстанның 4,8% өсімі – $13 млрд, яғни екі есе көп.
Екіншіден, экономикалық заңдылықтарға сәйкес, Солоу моделіне (1956) сай капитал қоры аз елдерде капиталдың шекті өнімділігі жоғары болады, сондықтан олар өсу кезеңінде жылдамырақ дамиды. Егер технология мен жинақтау деңгейі ұқсас болса, онда бұл елдер ұзақ мерзімде “шартты жақындасу” әсерін көрсете алады (conditional convergence).
Айталық, егер Қазақстан 4% (номиналды) қарқынмен, ал Өзбекстан 9% қарқынмен өссе, және қазіргі айырмашылық (ЖІӨ: $286 млрд қарсы $115 млрд) сақталса, екі елдің экономикалық көлемі шамамен 23 жылдан кейін теңесуі мүмкін. Бұл шамамен 2040 жылдардың ортасына сәйкес келеді. Алайда, мұндай деңгейлесуге жету үшін: институционалдық реформалар, еңбек өнімділігінің артуы, адами және физикалық капиталға тұрақты инвестициялар, инфляцияның төмендеуі қажет.
Ақиқатын айтқанда, Өзбекстанның демографиялық тұрғыдан айқын басымдығы бар: елде 30 жасқа дейінгі жастардың үлесі жоғары, әрі еңбекке жарамды халық санының тұрақты өсуі демографиялық дивидендтер үшін үлкен әлеует қалыптастырады.
Дегенмен, бұл артықшылықпен қатар елеулі қиындықтар да бар. Тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін Өзбекстанға: көптеп жаңа жұмыс орындарын ашу, Ресейден келетін еңбек мигранттарының ақша аударымдарына тәуелділікті азайту қажет. Мәселен, 2024 жылы мұндай аударымдар Өзбекстан ЖІӨ -нің 14%-ын құрады. Сондай-ақ, ел адам капиталының сапасына инвестиция салуы тиіс – бұл білім мен ғылымға жұмсалатын шығындарды арттыруды талап етеді. Айта кету керек, бұл бағытта жұмыс істеу тек Өзбекстан үшін ғана емес, Қазақстан үшін де маңызды. Біз аймақтық көршілерімізден білім сапасы бойынша алда болғанымызбен, әлемдік рейтингтерде жоғары орынға ие емеспіз.
Қазақстан болса, халық санының өсу қарқыны баяулаған кезеңге аяқ басуда. Бұл жағдайда экономиканың орнықты дамуын сақтау үшін капитал сыйымдылығын арттыру және еңбек өнімділігін көтеру маңызды.
Бүгінде Қазақстан экономикасы жоғары институционалдық даму деңгейімен, төмен макроэкономикалық тұрақсыздықпен, дамыған қаржы жүйесімен және қарыздың қалыпты деңгейімен сипатталады.
Өзбекстан болса, жылдам өсіп келе жатқан, институттарын жаңғыртып жатқан және инвестициялық белсенділігін арттырып отырған ел. Алайда, ел сыртқы шоктарға осал және шетелдік қарыздарға тәуелді күйде қалып отыр.
Орта мерзімді перспективада екі ел экономикасының жақындасуы теориялық тұрғыда мүмкін, алайда бұл үшін құрылымдық реформалар жүргізу, жинақтау институттарын дамыту, экспортты әртараптандыру және мемлекеттік басқару сапасын арттыру қажет болады.

20 тамыз, 14:59
Түркістанда балалардың психологиялық саулығы басты назарда
20 тамыз, 13:45
Шымкентте «QH үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы жүзеге асырылуда
19 тамыз, 12:15
InEco Fest 2025: Алматыда экология, инклюзия және қала мәдениетін біріктірген фестиваль өтті
19 тамыз, 11:59
Музыка – жасөспірім жанының айнасы
18 тамыз, 14:54
Заманауи аппараттардан – жақсы нәтиже
16 тамыз, 12:34
Шымкент: Жарты жылда 1181 ерекше бала оңалтудан өтті
15 тамыз, 12:19
Биғайша Нұрғазинова: Ерекше балалар қоғамға кірігуі тиіс
10 тамыз, 21:15
Түркістан: Абайдың сөзі – рухани құндылықтың алтын қазынасы
09 тамыз, 15:04
Бахадыр Мәдәліұлы: Мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету – мәслихат пен партияның ортақ міндеті