«Отты отпен сөндіреді. Тіл тартысы бар қазаққа ортақ»

19 ақпан 2021, 15:03

Керекуде тұратын қоғам қайраткері Арман Қани мемлекеттік тілді меңгеруді міндеттейтін бірнеше талап қойыпты. Оған орыс тілді қауым өре түрегелген. Олардың шамына тиген мына мәселе:

1) Мемлекеттік тілді білмейтін шенеуніктерді, жеке меншік нысандар иелерін, кәсіпкерлерді Қазақстан азаматтығынан айырып, Ресей Федерациясына көшіріп жіберу.

2)Мемлекеттік тілді мәжбүрлеп оқыту лагерьлерін ашып, қазақша «қақпайтын» шенеуніктерді, кәсіпкерлерді белгілі бір мерзімге қамау, тек қазақ тілінен емтихан тапсыра алғандарын ғана еркіндікке шығару.

Қани басқа да тосын идеялар ұсынған екен. Мәселен, оның пікірінше, мемлекеттік тілді білмейтін азаматтардың аты-жөнін, қызмет орнын БАҚ және әлеуметтік желі арқылы жұртшылыққа жария етіп, масқаралау қажет. «Ар-ожданына тиісу әдісін қолдансақ та артық етпейді» депті.Біз басы дауға қалған тіл жанашырының өзінен сұхбат алдық.

Jas qazaq: Арман мырза, мемлекеттік тіл талабын қойғаныңыз үшін сын естіп жатқан көрінесіз. Қазақ тілін мәжбүрлеп үйрету: азаматтықтан айыру, тіл оқыту лагерлеріне қамау деген сияқты талабыңыз – демократиялық қоғамның ұстанымына қайшы емес пе? Тіл – нәзік тақырып. Мұны тізеге басып, күшке салуға болмас. Бұл ойға қалай келіп жүрсіз?

А.Қани: Қазақ тілі проблемасын о баста, Кеңес үкіметі кезеңінде Алаш қайраткерлері көтерген еді. Одан кейін жабық тақырыпқа айналған тіл мәселесін астыртын әрекет еткен ұлтшылдық бағыттағы ұйымдар көтерді. Сөйткен есіл ерлер атылды, жер аударылды, абақтыға қамалды, саяси қудалауға ұшырады. Ақыры 1989 жылы қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілді де, тіл түйіні шешілген сияқтанды.

Ол кезде кеңес империясының құндылықтарын, орыс халқының қоғамдағы «ағалық» орнын, орыс тілінің үстемдігін қорғаушылардың қарасы қазіргіден әлдеқайда қалың еді. Сондай күрделі жағдайға қарамастан, егемендік қарсаңында құрылған «Невада-Семей», «Азат» сияқты қозғалыстар мен «Қазақ тілі» қоғамы отарсыздандыру бағытында таудай істерді тындырды.
Егер БҰҰ алаңында көк туымыз көтерілген кезде Парламентіміз мемлекеттік қызметкерлерге іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуді міндеттейтін заң актілерін қабылдаса, тиісті органдар ол заңның мүлтіксіз орындалуын қадағаласа, өзге әлеуметтік топтар қазақ тілін өздігінен үйреніп алатын еді. Сөйтіп егемендіктің 30 жылдығында республика жұртшылығының басым бөлігі қазақ тілінде емін-еркін сөйлейтін еді.

Заң жүзінде батыл қадамға бармай, үгіт-насихат жұмысы арқылы тіл проблемасын шешу мүмкін емес екенін уақыттың өзі көрсетті. Қазіргі кезде министрлер мен депутаттар керек қылмаған мемлекеттік тілді, қарапайым еңбек адамдары қажетсініп үйрене ме? АҚШ, Ресей, Батыс пен Балтықбойы елдерін айтпай-ақ қояйық, Моңғолияның өзінде мемлекеттік тілді меңгермеген азамат мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды ғой. Мұндай мысалдардың жүз мыңдағаны айтылды, жазылды. Тіпті мәжілістегі биік мінберлерден қаншама жылдан бері тіл мәселесі көтеріліп келеді. Солай бола тұра, мемлекеттік тілдің әлеуетін көтеретін заң қабылданған жоқ.
Әбіш Кекілбаев ағамыз депутат кезінде: «Қазақша сөйлей алмайтын шенеуніктерді ауылға жіберіп есек мінгізіп, қой баққызу керек, сонда ғана тілді үйренеді» дегені есімізде. Әбекең бақиға аттанып кеткеннен бері қанша жыл өтті. Бірде-бір шенеунік тіл үйрену үшін көк есек мініп, ауылға барып қой баққан жоқ. Менікі де сондай шарасыздықтан айтылған ызалы сөз ғой. Әйтпесе, мәжбүрлеп тіл үйретету лагерьлерін ашып, астана жақтағы ақ жағалы ұлықтар мен министрлерді кім апарып қамайды дейсіз?

Jas qazaq: Біз де сіздің ашынғаннан айтқаныңызды біліп отырмыз. Жалпы теріскей өңірдегі қазақ тілінің хәлі қалай, шынымен де сіз жазғандай, қатал талап қоятындай мүшкіл ме? Бәлкім, тіл түйінін шешу үшін күшке салмай, адамның санасын өзгерту керек шығар?

А.Қани: Өз басым Ертістің Кереку өңірін өзге аймақтан бөліп- жарып қарауды құп көрмеймін. Павлодар атауы орысша болғандықтан халқы түгелдей орыстанған деген пікірді ұстанушылар ұшқары ойлайды. Айталық, Павлодардағы сияқты тіл тартысы Нұр-Сұлтан мен Алматыда да бар. Тіпті қазағы басым батыс пен оңтүстік аймақтардың өзінде тіл түйткілі әлі толық шешілген жоқ. Біздің облыста Ермак қаласының атауынан бастап көптеген елді мекендердің атауы қазақшаланды. Облыс орталығындағы Дзержинский, Куйбышев, Свердлов, Калинин, Ленин, Кутузов, Суворов сияқты патшалық-кеңестік заман тұлғаларының есімдерін дәріптейтін көшелердің атауы да өзгертілді. Қалада кеңестік кезеңде қазақша оқытып, тәрбие беретін бір мектеп, бір мектеп-интернат, бір балабақша ғана болса, мұндай білім мекемелерінің саны еселеп өсті. Демек біздің өңір көш соңында қалған жоқ. Тіл тартысын «павлодарлық» деп атауға болмайды, дұрысы, «қазақстандық тіл проблемасы» деп атау керек.

«Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген Ахмет Байтұрсынұлынан бастап, зиялыларымыздың қайсысы қазақ тілі мәселесін көтермеді? «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген Елбасының сөзін өзгелерді былай қойғанда, Ақордадағы жайлы орынтақтарда отырған ұлықтардың өздері басшылыққа алды ма? Ендеше, сөзден іске көшу керек, яғни мемлекеттік қызметкерлерге мемлекеттік тілді білуді міндеттейтін, іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуді мәжбүрлейтін заң қабылдануы керек. Бұл құқықтық қоғам құрған демократиялық елдерде қолданыста жүрген тәжірибе.

Jas qazaq: Қарағанды облысындағы Ақбастау ауылының тұрғындары орақ пен балғаны құлатып, орнына көк туды ілгендерге қарсы шығып, комсомолдың «қаңқасын» қайтадан тұрғызыпты. Сіз кезінде Ермактың ескерткішін құлатқан намысты жігіттердің қатарында болдыңыз ғой. Орақ пен балғаға жабысып отырғандардың дені өзіміздің қаракөз қазақтарымыз екен. Бұл не: құлдық сана ма, әлде көнені аңсау ма?

А.Қани: Менің ойымша, ондай елді мекендерде мемлекеттік, ұлттық идеология мүлде жүргізілмейді. Кеңес кезеңіндегі партия мен комсомол ұйымдарын ауыстыратын, олардың жұмысын егемен елдің мемлекеттік саясатына сәйкес жүргізе алатын қоғамдық ұйымдар құрылмаған. «Нұр Отан», «Ақжол», «Ауыл» сияқты саяси партиялардың ауылдық ұйым өкілдері бұрынғы партком хатшысының құзіретіне ие емес. Оның үстіне, әлеуметтік желі арқылы Кеңес үкіметі кезеңін дәріптейтін түрлі жанрдағы материал ауыл тұрғындарының санасына теріс ықпал етеді.

Jas qazaq: Қазір біздің жастар шетелдің қаңсығына таңсық. Еліктеу басым. Өткен аптада ғана қаракөз қыз-жігіттеріміз «әулие Валентинді неге тойламадық?» деп әлемжеліні бұрқылдатты. Жастар ұлттық құндылық пен мемлекет құндылығын көзінің қарашығындай қорғау үшін не істеуіміз керек? Сол жастарға жөн көрсететін зиялы қауымның міндеті не?

А.Қани: Отты отпен сөндіруге болатыны сияқты, әлемжелі арқылы теріс көзқарастарға қарсы жұмыс жүргізілуі керек. Орта, арнаулы орта және жоғары оқу орындарында өзге елдердің ұлттық болмыс-бітімімізбен, дінімізбен, әдет-ғұрпымызбен, өмір салтымызбен үйлеспейтін ұстанымдарының зияны тақырыбында зиялы қауым өкілдерімен кездесу, басқосуды жоспарлы түрде өткізіліп тұрған дұрыс. Шығармашылық зиялы қауымның өз туындылары арқылы ұлттық идеологияны жүргізуге барынша атсалысуы, өз іс-әрекеттерімен өнеге көрсетуі азаматтық міндеті ғой. Ең бастысы, Қазақстанның экономикасы дамыған өркениетті елдердің алдыңғы сапынан орын алуы. Сол мүддеден шықсақ, ұлттық рухымыз толысып, жастарымыз өзге елдерге көз сату кемшілігінен арылады деген ойдамын.

Jas qazaq: Тіл майданындағы күресіңізге жеңіс тілейміз!

Жарас Кемелжан

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?