Отқа оранған күйме

16 желтоқсан 2022, 11:55

Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңның қабылдануын күтіп жүргендер көп. Әсіресе, банкке берешегін төлей алмай (немесе төлегісі келмей – ондай да болады) қарызға белшесінен батқандардың бар үміті сонда.

Осы аптада журналистердің сауалына жауап берген Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев аталмыш заңның мақсаты несие қамытын сүйреткен адамды тығырықтан алып шығу екенін айтты. Министрдің пікірінше, жұрттың жаппай несие алуына экономикалық жағдай түрткі болған. «Ауруын жасырған өледі. Экономиканы өркендетіп, инфляцияға қарсы күресу – кешенді шара» деп нақтылады ол.

Әрине, қаржы министрінің бұл сөзі отқа май құйғанмен бірдей. Өйткені соңғы кезде несиеқұмарлықты күнкөрістің төмендеуімен байланыстыратындар көбейді. Бұл шынымен солай ма?

Статистикаға сенсек, кредит алмағандардың саны үш миллионның ар жақ, бер жағында. Борышкерлер статистикасына ипотекасы бар, тұтыну несиесін алғандар, шағын несие ұйымдарына берешек, онлайн-несиеге омалғандар (ең қорқыныштысы осы), сондай-ақ дүкеннен тауарды бөліп төлеу арқылы сатып алғандар кіреді. Бұларды кім жіктеп отыр? Мәселен, бізде тойға кредит алғандардың есебі жүргізіле ме?

Банктен оңды-солды несие алып, бір-екі жылдың ішінде тығырыққа тірелген бір отбасы туралы айтайын. Салыстырмалы түрде соншалықты көп сома да емес. Анасының мойнында – екі миллион, ұлында – бір миллион екі жүз мың теңге. Анасы – зейнеткер. Ұлында жұмыс жоқ. Соңғы жұмысынан кеткеннен кейін банк алдындағы борышын төлей алмаған. Анасы қаржы пирамидасына ақша салам деп «батпаққа батқан». Қазір банк оның зейнетақысының тең жартысын ұстап қалады. Зейнетақысы 120 мың теңгеден сәл асады. Баласы жұмысқа тұра алмайды. Өйткені қайда барса да алдынан қарызы шыға келеді. Коллекторлардың туған-туысты былай қойып, жора-жолдас, құда-жекжат, көршінің көршісіне дейін телефон соғып, мазасын алатыны өз алдына (олар сонша адамның телефон нөмірін қайдан, қалай табады десеңші). Қазір анасы мен баласы тұйық шеңбердің ішінде қалғандай. Банк карточкасы бұғатталған, басқалар қызығын көріп жүрген банк қосымшасын пайдалана алмайды. Жұмыс болса да жоқ. Бұл шеңберден шығатын саңылау да көрінбейді!

Банкроттық туралы заң олардың тұйық шеңберден шығуына септесе ме?

Қазір несиені төлей алмай, «қара тізімге» ену – қол-аяғыңды жіпсіз байлаумен бірдей. Шетелге шығуды айтпағанда, нотариалдық қызмет те көрсетілмейді. Ресми түрде жұмысқа тұра алмайсың. Сонда жұмыс істемейтін адам қарызынан қалай құтылмақшы? Неге екенін, оған ешкім бас қатырмайды. «Тап та таптың» астынан алады. Сондықтан несиені төлету үшін біріншіден, борышкердің жұмысқа тұруына кедергі келтірмеу керек. Екіншіден, ай сайын алатын жалақысына қолды молынан салмай, оңтайлы төлем кестесін жасап беру керек. Бұл суға батып бара жатқанды құтқарумен бірдей!

Банкроттық туралы сөз қозғалған сайын жапон жазушысы Миюки Миябэнің «Отқа оранған күйме» кітабы еске түседі. Шығармада 80-90 жылдардағы Жапонияның несие нарығындағы ахуал егжей-тегжейлі баяндалады. Міне, жапондардың баяғыда бастан кешірген жағдайы қазір біздің елде қалыптасты. Жылтырағы көп бүгінгі заман еліктіреді, желіктіреді. Қарыз алу от-жалынға оранып, зымырап келе жатқан күйменің ішінде қалғанмен бірдей. Ал одан секіріп түсу қиын. Сондықтан банкроттық туралы заң борыштан құтқаратын тәсілге айналмауы керек. Ол қарызға батпаудың алдын алуы тиіс. Сондай-ақ бала кезден қаржы сауатына үйрету маңызды. Қаржы министрі депутаттардың осындай ұсынысына қолдау жасайтынын жеткізді.

Гүлнар Ахметова

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген