Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Отанға қызмет – абыройлы міндет» тақырыбында әскери кафедра студенттерімен патриоттық акция өтті. Оған Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі орталық аппаратының, Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері, сондай-ақ ЕҰУ әскери кафедрасының оқытушылары мен студенттері қатысты.
Шараның шымылдығын ашқан ЕҰУ-ің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры — Басқарма мүшесі Ардақ Бейсенбай кездесудің басты мақсаты – жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, әскери қызметке құрметпен қарауды қалыптастыру және оны студенттер арасында насихаттап, беделін арттыру екенін айтты.
Содан кейін сөз алған ЕҰУ әскери кафедрасының басшысы, генерал-майор Еділ Оразов «Әскер менің өмірімді қалай өзгертті» деген тақырыпта студенттермен ой бөлісті. Жастайынан әскери мамандықты таңдап, қызмет барысында қандай қызығы да, қиындығы да мол баспалдақтардан өткенін баяндап берді.
Сонымен қатар, Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің тәрбие және идеологиялық жұмыс басқармасының инспекторы, полковник Ғани Артықов, әскери кафедраның оқытушылары, полковник Бауыржан Алдаберген, подполковник Сабыр Шәріпұлы да өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, жастарға ақыл-кеңестерін айтып, жөн сілтеді.
Бүгінгі күні әскер қызмет жастарға үлкен мүмкіндіктер беріп, жоғары білімге жол ашады. Жоғары білім беру жөніндегі жеңілдіктерді ұсыну арқылы мемлекет бір жағынан әскери қызметке деген жастардың ынтасын оятса, екінші жағынан оларға өмірдегі орнын табу үшін үлкен мүмкіндік беріп отыр.
Мерзімді әскери қызметін өткерген азаматтардың ҰБТ-сыз, кейбір жағдайларда грантпен, тегін түрде ЖОО-да білім алу мүмкіндігі бар. Әскери борыштарын адал атқарған бір топ сарбаздар Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне де оқуға қабылданып жатыр.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев әскери қызметшілер мен әскери қызметтің әлеуметтік мәртебесін арттыру және жастарды әскери борышын өтеуге ынталандыру туралы тапсырма бергені есімізде.
Соның бір дәлелі ретінде мерзімді әскери қызметшілерге несиелер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру («¬несиелік демалыс») мүмкіндігі қарастырылған.
Әскерден кейін көптеген жастар келісімшарт бойынша әскери маман болып қала алады. Кәсіптік біліміне сай Қарулы күштер қатарында, Шекара қызметінде, Ұлттық ұлан сияқты кұштік құрылымдарда әскери мансабын жалғастыруға мүмкіндік бар.
Бұдан бөлек, олар үшін коммуналдық қызметтер бойынша жеңілдіктер, тұрғын үйге қатысты қолдау сияқты нақты іс-шаралар қарастырылған. Әскери қызметшілердің денсаулығына, медициналық қамтамасыз ету мәселелері де шешілген.
Мансаптық өсудің тағы бір жолы ол – жоғары оқу орындарының жанындағы әскери кафедраларда білім алып, азаматтық кәсібіне қоса екінші -әскери мамандыққа ие болу. Мысалы, Еуразия ұлттық университетінің әскери кафедрасына келетін болсақ, ол жиырма жылдан астам уақыттан бері еліміздің қорғаныс қабілетін нығайту мақсатында запастағы әскери қызметшілерді дайындау ісіне сүбелі үлесін қосып келеді.
Әскери кафедра басшысы, генерал-майор Еділ Оразовтың айтуынша кафедра түлектерінің көбі қазір Қарулы Күштері қатарында абыроймен қызмет атқарып жүр, біразы басшылық лауазымдарда және кәсіби біліктілігі үшін мемлекеттік наградалармен марапатталған.
Сол түлектердің екеуі – ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының докторанты, подполковник Мұрат Әбуов пен ҚР Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығына қарасты Әскери-тарихи музейінің бастығы, майор Дәулет Қадыров бүгінгі кездесуге қатысып, әскери өмірді таңдағандарына еш өкінбейтіндерін айтты.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні — бүгінгі кездесуден студент жастар талай ғибратты әңгіме тығдап, үлкен ой түйіп, ең бастысы болашаққа бағыт-бағдар алып қайтқандары анық.
Гүлназ Әбдіәшім,
Гүлжаухар Мырзабекқызы,
Болат Әлібек,
ЕҰУ әскери кафедрасының студенттері