Карантин кезінде талай дақпыртты естідік. Әлеуметтік желіде дегбірі қашып, даурыққанды байқадық. «Бізді аспаннан улап жатыр, коронавирусты әдейі таратуда» деп өтірікті судай сапырып, жұрт арасында туғызуға тырысқандарды да көрдік. Сорақысы сол, кейде көптің құрметіне бөленіп жүрген азаматтар да сондай, шындыққа жанаспайтын сөз бен пікірге ерік береді.
Апта басында жекпе-жек шебері, «Найман» лақап атымен танымал Қуат Хамитов Алматыда қамауға алынды» деген хабар ақпарат кеңістігінде желдей есті. «ММА файтері бұл жолы не бүлдірді екен» деген оймен инстаграм парақшасына кірдім. Соңғы үндеуіне құлақ салсам, екпінді дауыспен көпшілікті көше мен үйлерде дезинфекция жасайтындарды ұрып, сабауға шақырыпты. Одан бөлек, көкте ұшқан тікұшақ көрсе, атқыласын деп көсіліпті батырымыз. «Соғыста жүргендейміз» деген сыңайда көрінбейтін кеселмен күрестің алдыңғы шебінде дәрігермен қатар жүрген дезинфекторларға шүйлігеді. Қуаттың мәлімдемесі жариялана салысымен қоғамда қызу талқыға түсті. Бірі қолдаса, екіншісі бұлай елді арандатуға болмайды деген мазмұнда пікірін білдіріп жатты. Артынша сол түні тергеуде шақырылған Қуаттың видеосы жарияланды. Онда «Видео қалжың ретінде түсірілген. Мен ешкімді жаппай көтеріліске шақырмаймын» дейді ол.
Солай десе де – айтылған сөз-атылған оқ. Қалалық полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 272-бабы бойынша іс қозғалғанын хабарлады. Қ.Хамитовтың қамалғанына қапа жақтаушылары ертеңіне Алматыдағы полиция департаменті ғимараты маңына сағат 10-да жиналатынын Инстаграм, Телеграм-канал арқылы жария етті. Айтылған уақытта біз де сол маңға бардық. Сағат тілі оннан өте түрпошымы спортшыға келіңкірейтін 3-4 жігіт төбе көрсетті. Іштен шыққан полиция өкілі олардың тарауын, Қуаттың 10 минуттан кейін өзі тұратын қонақүйде болатынын жеткізді. Алып-ұшып, әлгі жігіттермен бірге біз де аталған қонақүйге жеттік. Шынында, айналдырған 10 минуттың ішінде Қуаттың өзі де келді. Ең қызығы, оны құзырлы мекеменің өкілдері көлікпен кіреберіске дейін әкеліп тастады. Журналистерді көрген Қуат әңгімеге кірісе қойған жоқ. «Қазір шығамын» деп бөлмесіне кетті. Асықпай, жуынып-шайынып шыққасын тілшілермен тілдесуге келді. Кеше шу тудырған үндеуін полицейлерге қалжың деп айтқан еді. Ал бізге «Өз ойымда тұрамын» деді. Екі ұдай ойда қалдық. «Мен енді әрқашан өз айтқан ойымда тұрамын. Ешнәрсе өзгерген жоқ. Бірақ енді ешкімді атып, ұрудың керегі жоқ. Жаңағы ауылда айтылатын сөздер ғой. Бұрынғы заманда таяқпен, таспен ататын апаларымыз аталарымыз».
Мақұл делік. Бұлай дейтіні бар екен, «Онда көпшілікті неге заңсыз әрекетке шақырдың? – деген сұраққа әзірге жауап беруді жөн көрмеді. «Қазір шаршап тұрмын. Кейін осы мәселеге қатысты арнайы сұхбат беремін» деген уәдемен әңгімені жылы жапты. Ал елдің денсаулығын сақтаймын деп шапқылап жүрген дезинфектор қауымы үнсіз қалмады. Олар танымал спортшының өздеріне бұлай неліктен шүйліккенін түсінбей жүр. Дезинфекция менеджері Асылбек Адасханов «Бізді ұратындай не жаздық?» деген сұрағын көлденең тартады.
Медицина қызметкері өз ойын былай өрбітті: «Біздің жігіттерді мұндағы бар еңбегі халыққа қызметі ғана. Барлығы әйбат жігіттер, ұру қажет емес оларды. Ұрсудың да қажеті жоқ. Тек халық арасында түсінік қалыптасу керек. Мына (жасалынып жатқан) еңбектің бәрі халық үшін». ММА файтері бір тәуліктен кейін бостандыққа шыққанмен, бұл дауға нүкте әлі қойылған жоқ. Қуаттың қалжыңына құзырлы мекеме бей-жай қарамайтын сияқты.
Осы келеңсіз оқиғаға байланысты ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз бізге мынадай ақпарат берді: «Бұл азамат әлеуметтік желі арқылы заңсыз әрекеттерге үндейтін видео жариялаған. Бұл тікелей заңбұзушылық және мұндай әрекеттерге қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Ішкі істер министрлігі азаматтарды жалған ақпаратты таратпауға және тек мемлекеттік органдардың ресми дерек көзіне сенуге шақырады».
Дегенмен, жекпе-жек шеберінің әнтек әрекетіне кешіріммен қарау керек дейтіндер де бар. Олар мұндай жағдай әркімнің де басында болуы мүмкін екенін, сын сағатта батырдың сағын сындырмай, қайта қолдап, демеу қажеттігін айтып жатыр. 6сіресе, Мұхамеджан Тазабектің Фейсбук парақшасындағы жазбасы жұртты түсіністікпен қарауға шақырғандай. Ақын ағамыз былай дейді: «Жалпы, Қуат Хамитов батырымызды әжуалап, сыртынан әр нәрсе жазып қажет емес. Қашаннан батырдың бір сипаты сол – әрекетінің артын ойламау. Артын ойлап, «басыма соққы тисе не болам», деген жігіт рингке шықпайды.
«Жауымнан жарақат алам ба» деген батыр майданға бармайды. Батырдың негізгі қасиеті сол – ренжіттің бе ашуланады, қарсы шықтың ба ұмтылады, қорладың ба құлатады. Мәселе, батырды басып отыратын, байыптылыққа шақырып бағыт сілтеп отыратын, ойына ой қосып, сабырын ұйытып отыратын ағаның жоқтығында. Батыр да бір – қанжар ғой. Жүзінен ұстасаң қолыңды кеседі, сабынан ұстасаң қажетіңе жарайды».
Қалай дегенмен, істің ақырын күтеміз. Fйткені, іле-шала Инстаграмда жазбасын жариялаған Қуат Хамит көпшілікті тағы да ойландырып тастады. Ол «Соғыста қулықтың та пайдасы бар. Бұл тек әлі бірінші раунд» депті. Соған қарағанда, қуырдақтың көкесі әлі алда сияқты. Соңғы бір жарым жылда жекпежек өткізбеген, әртүрлі оқыс пікірімен ел аузында жүрген Хамитовтың осы қылығы хайп па, әлде айып па? Ол жағы тек (зіне ғана мәлім секілді.
Асқарбек ҚАЗАНҒАП,
журналист