Қошақан – ұлттық бренд бола алады!

25 қараша 2016, 15:57

«Қазақтың қандай мультфильмін білесіз?» – деген сауалға сөз жоқ, бірінші кезекте «Қарлығаштың құйрығы неге айырды?» есіңізге түсіресіз. Әрине, одан бері де бірсыпыра дүниелер жасалды. Осы қазақ мультфильмінің көшін шама шарқынша алға сүйреп келе жатқан саусақпен санарлық азаматтардың бірі – Әбдіқадыр Сабыр. Ол қазақ мультфильмінің өз кейіпкері анықталып, орыстың аюы мен Уолт Диснейдің Миккиі секілді қалыптасса екен деп армандайды. Оның ойынша, қазақ мультфильмінің негізгі кейіпкері қошақан болуы керек… Әбдіқадыр Сабыр бүгін ердің жасы 50-ге келді. Туған күнінің қарсаңында құттықтай барып, әңгімеге тартқан едік…

15139801_1296646700394117_2098280224_n

– Осы уақытқа дейін мен жасадым деген мультфильміңіз бар ма?
– Мен осыдан он шақты жыл бұрын «Қазақфильмде» жұмыс істеп жүргенімде ең алғашқы «Менікі» деген мультфильмімді жасадым. Одан кейін «Кім патша болады?» деген мультфильм. Осы туындының негізінде «Қазақ радиосында» радиотілші Сара Рахметованың атсалысуымен радиомультфильм де жасап әуе толқыны арқылы тараттық. Одан кейін «Алматы» телеарнасының тапсырысы бойынша Серік Әбікенұлының кеңесімен қазақ батырларының тұлғасын жасаған, тарихи қысқаметражды мультфильмдер топтамасын жасадық. Бюджеті тым аз болғанына қарамастан, екі адам болып, 20-дан астам серия жасадық.
– Астананың әсемдігін насихаттайтын мультфильм түсіргеніңіз есімізде?
– 2009 жылдың аяғында Астанаға көшіп келдім. Біраздан кейін, Астананың әсемдігін айшықтап, бүгінгі келбеті мен келешегін насихаттайық деген идеямен қаланың әкімдігіне ұсыныс тастадық. Әкімдік бізді қолдады, сөйтіп, сол 2011 жылы Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай, «Бәйтерек қасиеті» деп аталған көрермен көзайымы болған мультфильм жасап шығардық. Ол осы қаладағы барлық кинотеатрларда, әрбір киносеанстың алдында бірталай уақыт көрсетілді. Аралас 2 D және 3D форматта жасалған. 12 минуттық тамаша дүние болып шықты. Қаржының бөлінуіне байланысты, уақыт та тым қысқа болды. Небары 1,5 айдың ішінде жасап шықтық. 4 маман жұмыс істедік. Мен өзім әрі сценарист, әрі режиссер-аниматор әрі продюсері болдым. Осы мультфильмде уақыттың тапшылығына қарамастан, қиялымызға әбден ерік бердік. 200 жылдан кейінгі Астананы көрсетуге тырыстық, негізгі кейіпкердің көлігінің әртүрлі кейіпке трансформациялануы, қаладағы ғимараттардың ерекшелігі, сәулет өнерінің салтанат құрғаны, қаланың мұнтаздай тазалығы, жасыл әлем, қысқасы, қиялдағының бәрін сыйдыруға тырыстық. Жалпы, тапсырыс болғанымен өте жақсы шығармашылық жұмыс болды. Бұл менің өзімнің жұмысымдағы және жалпы, қазақ мультфильмінің ішіндегі белгілі бір серпіліс, өсу дер едім.
– Мысалы, «Том мен Джерриді» алайықшы, бір ғана бөлменің ішінде болып жатқан оқиға. Мысық пен тышқан бір бірін қуалап жүріп-ақ, бүкіл бала біткенді өзіне телміртіп қойып, музыка тыңдатады. Яғни ол жердегі негізгі мақсат – музыка тыңдату, әуенді баланың бойына сіңіру.
– Ол туынды соғыс кезінде екі рет «Оскар» алған. «Том мен Джерри» мультфильмін ең көп сынаушылар да менің әріптестерім екен. Неге? Өйткені, олардың айтуы бойынша дөрекілік басым екен. Физика заңдылығына жатпайтын дүниелер келтірілген дейді. Сонда деймін, егер аниматордың қиялы ұшқыр болмаса, онда жұмыс солыңқы шықпай ма? Көрермен теріс айналмай ма? «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмінің танымал болуы – сол қойылған сұрақ, яғни тақырып пен оның музыкасы. (композиторы Нұрғиса Тілендиев).

15174677_1296640847061369_62611537_n
– Енді жаңа шетелдік мультфильмдердің өз кейіпкерлері барын айтып отырмыз ғой, біздің қазақ мультфильмінің бренді болатын нақты кейіпкері бар ма?
– Менің ойлап тапқаным «Қасқыр мен қарға», «Қошақан», «Қара торғай», «Ақбөкендер» туралы идеям бар. Міне, осылар біздің ұлттық бренд болатын персонаждар деп сенімді түрде айта аламын. Соның ішінде «Қошақаным» Ұлттық бренд бола алады! Оған арнап ән жаздым да, сөзін де.
– Қазіргі таңда мультфильмдердің сюжеті ұқсас болып барады. Басқаша Батыр, табиғаттан басқа көріністер пайдалануға болмай ма?
– Патриотизм дегеннің мағынасы кең ғой… Мультфильм жасағаннан кейін біз оның барлық бағыт-бағдарын ойлауымыз керек. Бірінші ой туындайды. Ой өз ортасында талқыланады. Сол талқылаудың барысында оның мағынасы, көркемдік шешімі, коммерциялық талаптары сөз болады. Біздің елде табыс әкелетін мультфильм жасау жолы мүлдем жоқ. Бурабай еліміздің маржаны. Мақтанышпен айта аламын – Бетпақ даламыз да өр мінезді, ешкімді мойындай қоймайтын батырлығы мен кең кеуделі алып батырымыздың образында. Ол батырдың еркесі ақбөкендеріміз бар. Сұлу маралымен ерекшеленетін Шығысымыз бар. Дәстүрімізді берік ұстанған Батысымыздың табиғаты, теңізі бар. Ұлы Жібек жолындағы көне қалалар мекені Оңтүстігіміз бар!
– Қазақ мультфильмдерін танымал ету үшін не істеу керек?
– Жоғарыда айтқанымдай, ой – талқылаудан соң кезек сценарийге келеді. Сценарист талқылаудың бар сын-пікірлерін ескере отырып, бірінші кезекте табыс әкелетінін ойлауы тиіс. Бұл жерде ақша құмарлық емес. Шыққан шығынның орны толып және ол продюсерге (демеушіге, жеке немесе заңды тұлғаға, мемлекетке) пайда әкелуі керек. Қадап айтып отырғанымның өз себебі бар. Мультфильм өндірісі қиын, қаржыны көп қажет етеді деген себептер айта саламыз. Тағы да ой шектеуінде қалып қоюдамыз. Сонымен қатар туындының менеджменті, маркетингі де үлкен табыс көзі. Маркетинг жұмысы жақсы жүйемен атқарылса, туынды танымал бола бастайды. Қаржылай пайдасын көре бастаған туындының авторы кім деген сұрақ бірден жауабын іздей бастайды. Кім шығарды? Ол Қазақстанда жасалған. Ол тіпті қазаққа ұқсай ма, ұқсамай ма? Мәселе онда емес, ол Қазақстанда жасалған болып шығады. Енді әңгімеміз патриоттықты насихаттай отырып, табыс табу дегенге келіп отыр ғой. Бұл екеуін де мен ұштастырдым.
Жоғарыда айтқан «Бәйтерек қасиеті» деген мультфильмімнің әлі де бірнеше сериясын шығарып, оны кассалық фильмге айналдыруға болады. Ол нақты табыс әкелетін болады. Қалай әкеледі? Табыс табудың әрі танымал болудың ең төте де дұрыс жолы, қажет жолы, сол – маркетинг. Осы кейіпкерлерді енді ойыншықтарға айналдыру. Мысалы, сондағы кейіпкердің көлігі, трансформер, ұшатын баланың өзі… Балалар Бэтмен немесе «Өрмекші адам» болам демейді, басты кейіпкер Қайсар есімді баладай болам деп соның ойыншығын алатын болады, соның мультигін көретін болады. Сол сияқты, 200 жылдан кейінгі Астананың мүсіндерін сувенир ретінде шығаруға болады. Оны шағын трейлерлері арқылы жарнамалап, жаңағы ойыншықтарын сатып, онымен бірге билет үлестіріп, сеанстарға тарту секілді жан-жақты маркетингтік жұмыстар жүргізу керек.
– Қазір қоржыныңызда жатқан балаларға базарлық бар ма? Демеушілер табылып жатса, жасар едім деген жоспарларыңызбен бөліссеңіз…
– Бар. Мысалы, «ЭКСПО-2017» арналған толықметражды анимациялық фильмнің және сериалдың тұжырымдамасы қазір қолымда бар. Бұнда қазақ ғылымының көкжиегі, осы ғылым арқылы қазақтың жеткен жетістігін сол өтетін ЭКСПО көрмесі арқылы көрсетпекпін. Онда осы дүниежүзілік көрмеге қатысатын жас ғалым туралы болады. Аудиториясы балалар мен қатар ересектерге де арналған. Бұл фильмдер жатта кеп, бас аяғы жоқ мақтау емес. Мақсатым – дүниенің кілті ғылымда екенін көрсету. Бұл біздің жастарымызды ынталандырады, рухтандырады.
– Бұл кәдімгі толықметражды мультфильм ба?
– Иә, толықметражды фильм. Бір азаматтар демеушілік беруге де келісіп, әңгімеміз біраз жарасып та қалған еді. Өкінішке қарай, мынау әлемдегі қаржылық дағдарыс, біздің де кәсіпкерлерге әсер етті. Сонымен сәл тоқтап тұр. Фильмнің бюджеті шамамен 200 мың доллардай болады. Өз қаржысын өтейді деп ойлаймын. Бұл ересектерге де арналған. Сюжеттері жанды. Қарқынды. Барлығы динамикада. Лирика да орын алады. Музыкасы да арнайы жазылып оркестрмен орындалады… Сонымен қатар мен де еңбектеген сәбиден еңкейген қарияға дейінгілерге арналған жобалар бар. Айта кететін болсам, «Бота мен Дельфин» деген сериалдың тұжырымдамасы бар. Мұнда Бота қазаққа тән, дельфин бөтен елдікі. Көзқарасты кеңейтеді. Каспий теңізіне барып жүреді. Жас Бота болғаннан кейін қайықпен жүзеді. Құлап кетеді де аяқ астынан дельфин пайда болады. Көмектесіп дос болады. Дельфин мен Бота екеуі қазақтың бүкіл географиясын, тарихын таныстыратын болады. Отбасымен бірге отырып көретін «Перген атаның отбасы» туралы сериалым да өз кезегін күтуде. «Қараторғай» деп аталатын тентек торғай туралы сериалым көпшіліктің көңілін көтерер әрі ой салар деген үміттемін.
– Тәуелсіздіктің 25 жылдығының қарсаңында тұрмыз. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына жасаған үлкен сыйлығыңыз бар екен. Бұл жолғы мерейтойымызға немен келе жатырсыз?
– Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығында «Бәйтерек қасиетін» өзім жасасам, енді 25 жылдыққа республикалық екі байқауда екі «Бас жүлде» алған ізбасарларыммен-әріптестеріммен келдім. Еліміз талантқа кенде емес. Жастардың талабы орасан зор! Сол жастармен бірге жұмыс істеп жүріп, біздің елде осы өнер бойынша керемет дүниелер келетініне сендім.
Осы сұхбатты пайдаланып, бүгінде Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырын тойлағалы отырған елімізді құттықтағым келеді. Еліміз еңселі болсын! Әлемдегі абыройы арта берсін! Айбыны асқан, ырысы тасыған, жастары білімімен жасындай жарқылдаған, Елбасы айтқандай, Мәңгілік ел болайық! Жастар оқысын-тоқысын. Ғылымға құштар болған керемет қасиет екен. Өзім қатарлы замандастарыма айтарым, атаққа, ақшаға құмар болмайық. Берсе, жастар атақ-даңқты бере жатар. Ал біз, алдыңғы буын жақсы істермен, жақсы сөздермен үлгі бола берейік!!!

Дәулетхан Жиенқұлов

30 тамыз, 23:58
Түркістан: Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жедел кеңес өтті
30 тамыз, 23:55
Түркістан полициясы Конституция күнін атап өтті
30 тамыз, 23:53
Түркістан облысында Конституциямен құрдас 140-тан астам полицей қызмет етеді
30 тамыз, 23:51
Түркістан полициясы Конституция күніне орай бірқатар іс-шара өткізді
30 тамыз, 1:50
Түркістан: Есірткіге қарсы ымырасыз күрес
28 тамыз, 19:46
Түркістан: Мереке қарсаңында 180-нен астам полиция қызметкері марапатталды
28 тамыз, 14:57
Түркістан: Арыс ауданында профилактикалық іс-шаралар өтуде
27 тамыз, 15:06
Бекзат Бекжанұлы: Қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетіміз
26 тамыз, 15:52
Түркістан: Мопед тізгіндеушілер, мал ұрлығы және жоғалған бала