
Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы мен серіктестер қауымдастығы (OPEC+) «қара алтын» өндірісін арттыру жөнінде шешім қабылдады. Бұған сәйкес еліміздегі қара май өндіру тәулігіне 10 мың баррельге көбейіп, 1,589 млн баррельге жетеді.
Әлемдік іскерлік ақпарат құралдары хабарлағандай, кеше Сауд Арабиясы, Ресей, Біріккен Араб Әмірліктері, Қазақстан, Кувейт, Ирақ, Алжир және Оман өкілдері алдағы мамыр айында мұнай өндірісін 206 мың баррельге арттыру жөнінде уағдаласты. Осыған байланысты жарияланған кестеде көрсетілгендей, альянсқа мүше елдердегі жалпы өндіріс көлемі тәулігіне 9,699 млн баррельге жетуі тиіс.

Сарапшылар мұндай шешімнің Таяу Шығыстағы қақтығыстың тезірек аяқталып, көмірсутегі өндірісі мен тасымалдың қалыпты үрдіске оралуына ықпал етеді деген ниетпен алынды деген пікірде. Сондай-ақ, кейбір елдерді мұнай мен газ бағасының күрт қымбаттауы да алаңдатып отыр.
JQ-Aqparat
Сурет: ашық дереккөз