«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек». Шәкәрімнің осы өлеңі биылғы біздің жағдайымызға дөп келетіндей. Өйткені 1 қыркүйектен бастап оқушылардың көбі сөмке асынып мектепке бармайды. Тек 1- 4 және 11-сыныпта оқитындар ғана партаға отырады. Ал қалғандары үйде, компьютердің алдында немесе ұялы телефон мен планшетке телміріп сабақ оқуға мәжбүр. Сабақ оқиды деген аты ғана. Әйтпесе, уатсаппен берілген білімнің білім болмайтынын көктемдегі карантинде көрген жоқпыз ба? Амал жоқ, биылғы оқудың сиқы осындай болғалы тұр. Айтпақшы, үкімет көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға мектептердегі бұрыннан бар 500 мыңдай компьютерді таратып береміз деген. Алғашқы қоңыраудың соғылуына да бір-ақ апта уақыт қалды. Уәде етілген компьютер балалардың қолына тиді ме? Ал үйінде компьютері, планшеті жоқ, тіпті интернетсіз ауылда тұратын оқушы қайтеді? Сондай-ақ Алматы маңындағы ауыл түгілі, тау қойнауындағы Нарынқол, Кеген аудандарында да интернетсіз ауыл көп. Тіпті ұялы телефон байланысының өзі кейбір елді мекендерде өте нашар. Көктемдегі карантин кезінде Шонжы, Жаркент жақтағы студенттер желіні іздеп, тауға шығып кеткен жоқ па? Осы «жоқтардан» білім министрлігінің хабары бар ма екен?
Арқа мен оңтүстіктегі шәкірттердің жаңа оқу жылына дайындығын меншікті тілшілеріміз зерттеп көрді.
Асхат Аймағамбетов, білім және ғылым министрі:
«Жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Елдегі санитарлық жағдайға байланысты 1 қыркүйектен бастап оқу жылы жалпы қашықтан оқу форматында басталады. Қабылданған шешімге сәйкес, бұл жерде екі ерекшелік бар. Біріншіден, шалғайдағы шағын мектептерде эпидемиялық ахуал жақсы болған жағдайда оқуды дәстүрлі түрде бастайды. Екіншіден, бастауыш сынып оқушылары үшін ата-аналардың өтініші негізінде қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып, кезекші сыныптар ашылады. Оған өтініш электронды түрде қабылданады. Сонымен алдын ала болжам бойынша, интернет-платформалары мен интернетті пайдалана отырып, қашықтан оқу форматында 2,6 млн оқушы, кезекші сыныптарда 530 мың бала, штаттық түрде ауылдарда 157 мыңнан астам оқушы білім алады деп күтілуде».
Арқада
Бүгінгі күй – интернетсіз үй
Ауылдағы Жанкелдінің жеті баласы өткен оқу жылын қырғын төбелеспен аяқтады. Енді қайтсін, сығырайған жалғыз компьютердің жалына жармасады да. Жарты сағат істесе, жарты күн демігіп тұратын жалғыз компьютер қайсысына жетсін. Бір-біріне тетелес өскен жеті бала жер шарының жарысына қатысып жатқандай жұдырықтасады-ай келіп. Қай жеңгені компьютерге ие. Төменгі сыныпта оқитын Әділдің мұрны төртінші тоқсан біткенше қызарып жүрді. Қызарғаны ештеңе емес-ау, сабақ айдалада қалған. Биыл да жарақаты жазыла қоймас. Өйткені Ақмола облысында 481 елді мекенде ғана ғаламтор қолжетімді. Бұл барлық ауылдың 81,5 пайызы.
Ал 109 елді мекенде интернет жоқ. «Қазақтелеком» акционерлік қоғамына 36 ауылдық елді мекен бекітілген. Қазіргі таңда олардың 16-ы ғана талшық-оптикалық желілік жүйеге қосылды. «Транстелеком» акционерлік қоғамына 12 ауылдық елді мекен бекітілген болатын. Бұл бағыттағы жұмыс та ақсап тұр.
Бүгінгі таңда 250 адамнан асатын 350 ауылдық елді мекеннің 274-і ғана кеңжолақты интернетке қосылған. Сондай-ақ, 250-ден астам тұрғыны бар ауылдық жерде мобильді интернетке сапалы қол жетімділікті қамтамасыз ету мақсатында 2020 жылға арналған жоспар бекітілгенімен, үйдегі ойды нарықтағы жағдай бұзып тұр.
Облыстық білім басқармасы басшыларының айтуларына қарағанда, 43 елді мекен интернетсіз отыр. Бұл жерлердегі білім ошақтары қалыпты жұмыс істейді. Демек, Жанкелдінің жеті баласы биылғы оқу жылында тағы жұдырықтасып шықпақ. Енді қайтсін, бас жарылмай білім қона ма?!
Байкен КӨБЕЕВ,
Ақмола облысы
Оңтүстікте
Қораның үстінде оқи ма, қайтеді?!
Өткен оқу жылының 4-тоқсанында қашықтан оқудың үшін қаншалықты қиын екенін алты жасар баладан алпыстағы қарияға дейін сезініп үлгерді. Өйткені қашықтан оқу – ең алдымен, техника мен технологияға тәуелді.
Көктемде карантин кезіндегі қиыншылықтың алдын алу үшін ұстаздардың материалдық-техникалық базасы күшейтіліп, білім ордаларын интернетпен қамтамасыз етуге басымдық берілсе дейміз. Көп өңірде ғаламтор желісінің нашар болғандығынан оқу процесінде бірқатар ақау болды. Мұғалім де, ата-ана да алаңдаулы. Сөзіміз дәйексіз болмас үшін Түркістан облысы Келес ауданындағы бірнеше ауылдарды мысалға келтірейік. Тек кейіпкерлеріміз аты-жөнін өзгертіп беруімізді өтінді. Келес ауданы Бірлесу ауылдық округіне қарасты 28-гвардияшылар ауылында тұратын Әсия Сиқымбаева «Теледидар мен ватсап арқылы білім алдық. Бұл бізге не береді? Сауатсыздық пен көшіру ғана. Ауылды айтпағанда, қаланың өзінде интернетті еркін пайдалану өте қиын!» дейді.
Бұл ауыл Өзбекстаннан үш-ақ шақырым жерде орналасқан. Көгілдір экран таңнан кешке дейін тек өзбек арналарын көрсетеді. Интернетке кіру мүмкіндігі жоқ десе де болады. Жаңалықтан мақұрым қалған ауыл дерсіз. Ондағы №34 Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектептің жаңа оқу жылына дайындығын елестетудің өзі ауыр.
«Үйде 4 балам мектепке барады. Ендігі мәселе – 4 баланың әрқайсысында негізгі 5 пәннен оқытылады. Соларға ватсапта жеке-жеке 20 топ ашуым керек. Оған қоса, өзім сабақ беретін 6-сыныбым бар. Бәрімізге 1 телефон. Интернет қостырғанмен, жылдамдығына қарның ашады. «Жүктеліп жатыр» деп «қатады» да тұрады. Ал бұл жүйкені әбден жұқартып бітті», – дейді ата-ана.
Төртінші тоқсанда сабақты қыр мен қораның үстінде оқыған ауылдардың қатарында №35 Алма Оразбаева атындағы жалпы орта мектебі де бар. Ауылда ғаламтор желісі ұстамайды.
Қазақстан ауылының тұрғыны Еңлік Ермекбаева: «Дұрыс екен онлайн оқытатын болғаны. Бірақ бір түсінбегенім, көпбалалы ата-аналар бірнеше баласы бір уақытта онлайн сабаққа қатысу үшін 3-4 ноутбукты қайдан алады? Оған қоса, ата-анасының бірі мұғалім болса, сонда олар 4-5 компьютер сатып алуы керек пе? Әзірге мектептен ешқандай техника берілмеді», – деп ашынады. Осы ауылда №33 Жуантөбе атындағы жалпы орта мектебі бар. Бұл жерде де ғаламтор желісі ұстамайды. Байланыс операторларынан тек Beeline мен Active қана 2G деңгейінде ғана ұстайды екен. «Елімізде 5 G-дің ауылы алыс емес» деп отырғанымызда, 2 G интернеті бар ауылдардың жағдайы шынында мүшкіл екенін бағамдай беріңіз…
Жүзімдік ауылы мен Сарыағаш ауданы, Сарқырама елді мекенінде де жағдай мәз емес. Қай жерден антенна шығады деп тау мен тасты, қора-қопсыны жағалап жүрген ауыл тұрғындары.
Цифрландырудың нақ осы күнде әлемдік тенденцияға айналғаны шындық. Уақыт өте келе онлайн оқуды да меңгеріп алармыз. Алайда Түркістан облысындағы кейбір интернеттің иісі бармайтын ауылдар сабақты қайтіп оқиды екен?!
Мәриям АЙТБАЙ,
Түркістан облысы