Осы аптада Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовты қабылдады. Аймағамбетов Президентке министрліктің педагогтер мәртебесін арттыру жөніндегі жұмыстарды белсенді түрде іске асырып жатқанын, мұғалімдердің еңбекақысын 25 пайызға арттырғанын, биыл су жаңа 200 жаңа мектеп салу жоспарланып отырғанын, сонымен бірге пандемия кезіндегі оқу үдерісінің ахуалы мен оқушылардың білімін толықтыру үшін қабылданған әртүрлі жұмыстар туралы айтыпты. Кездесуде бала құқығын қорғау сияқты мәселелер де талқыланыпты…
Әңгіменің түйіні «атқарып жатырмыз, қатырып болдық» деген қызыл есепте емес. Жұртқа керегі індет басталғаннан бергі білім саласындағы атқарылмай жатқан аткөпір шаруаларда. Кездесуде бала құқығы туралы айтылыпты. Бала құқығы – мектепке бару, мұғалімнен білім алу. Жарайды, қазір індет бар дейік. Оқушы үйінде отырып, онлайн оқу керек дейік. Оған «Үйіңде отырма, мектепке барып оқы!» деп билік айта алмаймыз. Бірақ бала үйінде оқу үшін оның қолжетімді интернеті, компьютері болуы керек қой. Алайда бұл жағынан төрт құбыламыз түгел емес. Мойындасақ та, мойындамасақ та шындық осы.
Қырғызстанда оқушылар 1 наурыздан бастап мектепке барып оқиды. Бұл туралы қырғыздың баспасөз құралдары жарыса жазып жатыр. Ал бізде мектептердің қашан ашылатыны әлі белгісіз. Оқушылар мектепті сағынып жүр…
Мектептегі білім онлайн форматқа ауысқалы жылға жуықтап қалыпты. Былтыр төртінші тоқсанда басталған қашықтан білім беру, міне, биылғы төртінші тоқсанға таяп тұр. «Баламыз қашан мектепке барады?» деген ата-ананың алаң көңілі тағы бар. Ал білім министрлігі әлі үнсіз.
Індет әлі шегінген жоқ. Оны бәріміз мойындаймыз. Бірақ 1 млрд 300 млн халқы бар Қытайда оқушылар мектепке барып, әдеттегідей ұстаздың алдында отырып оқып жатқан жоқ па? Арғы беттегі ағайындармен әлеуметтік желі арқылы сөйлескенімізде, балалар былтырғы төтенше жағдай кезінде ғана екі айға жуық үйден оқуға мәжбүр болыпты. Соның өзінде ата-аналар: «Балаларымыз мектепке барып оқуы керек. Сабағы нашарлап кетті. Сауатсыз болып шығатын болды» депті. Екі айдан кейін сабақ басталыпты. Биыл да солай. Бір қызығы, Қытайда бір сыныпта біздегідей 15-20 баладан емес, 50-60 оқушыдан отырады. Солай бола тұра, мектепте әдеттегідей сабақ жүруде. Тіпті оқушылар асханаға кезекпен барып, спорт залына да кезекпен кіріп, бәрін қалыпқа түсіріп алған. Ондай тәртіпті бізде де жасауға болар еді. Бірақ ниет жоқ. Ресей де індеттің өршіп тұрғанына қарамай, мектепті жапқан жоқ.
Онлайн білім басталғалы қосымша сабақтардың бағы жанып-ақ тұр. Қосымша сабақ дегеніміз – ресми атауы емес, халықтың ауызша қойып алған, қоғамда қалыптасқан ауызекі аты ғана. Бала мектептегі білімнен тыс, өз ақшасына мұғалім жалдап қосымша сабақ алады. Міне, біз «қосымша» деп осыны айтып жүрміз. Баласы мектепке баратын үйдегі ең жиі қолданылатын тұрақты сөзге айналды деуге болады.
«Қосымша» беретін мұғалімдердің қалтасы былтырдан бері кәдімгідей қалыңдаған. Мысалы, Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында математикадан сабақ беретін бір мұғалім ай сайын айлығынан бөлек 250-280 мың теңге көлемінде табыс табатынын туыстары айтып жүр. Бұл мақтаныш! Ұстаздың табыс тапқаны, ақшалы болғаны, ешкімге тәуелді болмағаны жақсы ғой. Бірақ сол мұғалімнен қосымша сабақ алып жүрген баланың ата-анасын кім ойлайды? Бір үйден бір емес, бірнеше бала мектепке баратын орта дәулетті немесе көпбалалы ата-аналар балаларын «қосымшаға» қалай береді? Олар баласына ондай мүмкіндік сыйлай алмайды ғой. Бір немесе екі баласы бар отбасы ақшасын төлеп, ұстаз жалдап оқытсын делік. Сонда ақшамен оқыған бала озып, оқымаған бала сауатсыз боп қала ма? Бұл қандай әділдік? Осыны ескеріп отырған біреу бар ма? Оның үстіне, бір бала бір пәннен ғана қосымша білім алса, оның жөні басқа, ал оны үш-төрт пәнге міндеттеп тастаса ше? Ондайлар да бар. Бастауыш сыныпта түкірігі жерге түспей тұрған қосымша-ұстаздардың көбі – математиктер мен ағылшын тіліңнің мұғалімдері. Жоғары сынып оқушылары бірнеше пәннен қосымшаға баруға мәжбүр.
Айтпақшы, әңгімеміздің басында келтірген «қосымшадан» қомақты ақша тауып жүрген мұғалім ауыл аралап жүріп сабақ береді екен. Сонда ол өзіне мемлекет жүктеген міндетті сабағын қашан беріп үлгереді? Әлде ауыл аралап жүргенде, жол бойына тоқтап оқушыларына сабақ беріп үлгере ме?
Жасыратыны жоқ, мектептегі мұғалімдер дәл осылай «қосымшаға» әбден құнығып алған. Мысалы, біз әңгімелескен кейбір ата-аналардың сөзінен түсінгеніміздей, мұғалімдер оқушыны қай пәннен қай мұғалімге «қосымшаға» беру керектігін өздері айтып, ата-анаға жөн сілтеп отырады екен. Бұл жерде де таныс-тамырға тарту сияқты сыбайластық бар. Бір сөзбен айтқанда, мұғалімдер бір-біріне «клиент» тауып беріп отырады. Жең ұшынан жалғасқан осындай сыбайластықты Қазақстанның Бас мұғалімі Асхат Аймағамбетов біле ме екен?
Байқасақ, онлайн оқу деген оңай екен. Алдымен екі телеарнада сабақ жүреді. Содан кейін мұғалімдер уатсапта дәріс бере бастайды. Оның да түк қиындығы жоқ: «пәленінші беттегі түгенінші есепті шығарыңдар немесе мәтінді оқыңдар» деген сияқты қысқа-нұсқа тапсырмалар. Мына жақта оқушы немен айналысып жатыр, оның есебін кім шығарып беруде, онымен уатсаптағы ұстаздың шаруасы жоқ. Мүмкін оған ата-анасы, аға-әпкесі, атасы мен әжесі көмектесіп жатқан шығар. Оның үстіне, әрбір пәнге арналған уақыт аз болған соң, алғашқы 5-6 бала тапсырманы орындап үлгереді. Ал қалғандары солардың көлеңкесінде қала береді.
Биылды қойшы, індет басталған былтырдың өзінде Асхат Аймағамбетов «Мектептер жаңа форматпен жұмыс істеуге дайын» деген болатын. Сол сөзінде: «Каникул аяқталған соң қажет болған жағдайда оқушыларды қашықтан оқыту үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл тұрғыда арнайы топ құрғанбыз. Бұл топ бір жарым ай бойы жұмысын атқарып жатыр. Егер 5 сәуірден кейін жағдай реттелмейтін болса, біз қашықтықтан оқыту жүйесіне көшуге дайынбыз. Қазіргі уақытта осы жүйені контентпен қамтамасыз ету, оны толтыру, педагогтарды оқыту, сервистерді тестілеу және басқа да жұмыстарды жүргізіп, оны 5 сәуірге дейін аяқтап, қажет болған жағдайда осы жаңа форматпен жұмыс істеуге дайын боламыз!» – деген еді. Министрдің «дайынбыз» деген сөзіне 1 жылға жуықтап қалды. Бірақ әлі де интернетсіз ауыл көп. 400 ауылына интернет тартылмаған алыстағы Алтайды, қиырдағы Қызылорданы айтпай-ақ қойыңыз! Мына тұрған Алматының іргесіндегі Талғар ауданына қарайтын Тұздыбастау, Белбұлақ, Бірлік, Талдыбұлақ ауылдарында ұялы байланыс әлі нашар, интернеті жоқ көшенің санынан адам жаңылады. Бұл мәселе былтырдан бері айтылып, жазылып, әбден жауыр болған.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов былтыр 3 сәуірде баспасөз өкілдерімен өткізген брифингте: «Қазақстан мектептерінің 98,3 пайызы интернетке қол жеткізе алады, мектептердің 90,3 пайызы интернет желісіне 4 Мб/с жоғары жылдамдықпен қосылған» деп еді. Министрдің сол есепті қайдан алғанын кім түсіндіріп береді екен? Одан бері бір жылға жуық уақыт өтті. Өзгеріс бар ма? Мүмкін, интернетпен 100 пайыз қамтамасыз еткен шығармыз. Бірақ бұған да жауап жоқ.
Аталған министрліктің баспасөз қызметіне хабарласып, сұрақ жібергенбіз. Жауабын күтіп жүрміз.
Ал мына жақта онлайн оқудан шаршаған бала мен баласын үйге қамап, қосымшаға ақшасын шашқан ата-ананың жанайқайын кім тыңдайды?
Жарас КЕМЕЛЖАН