Өңірді өрге сүйрейтін серпінді жобалар

17 қазан 2023, 12:09

Солтүстік Қазақстан облысының тауарлы-сүт фермаларын салу жөніндегі жұмыс тәжірибесі еліміздің барлық өңірлерінде таратуға тұрарлық. Бұл туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің биылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты биылғы Қазақстан халқына Жолдауында айтқан болатын. 

«Осы ретте 100-ден астам ірі сүт-тауар фермасы салынып жатқан Солтүстік Қазақстан облысының жетістіктері көпке үлгі. Шаруалардың тәжірибесі мол, жемшөп қоры да жеткілікті. Оған қоса байыпты қолдау шаралары қолға алынған. Осының бәрі тұтаса келе тәп-тәуір нәтиже беріп отыр. Құс фабрикаларын, көкөніс қоймаларын, ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындар салған кезде осы тәжірибені басшылыққа алу керек», — деген болатын Президент. Жуырда Үкіметте өткен кеңес барысында осы мәселе қарастырылды.

Солтүстік Қазақстан облысында жеңілдетілген несие беру арқылы екі жыл ішінде жиырмадан астам тауарлы-сүт фермасы салынды. Соның нәтижесінде бүгінде өңірде жылына шамамен 650 мың тонна сүт өндірілуде. Бұл – бүкіл ел бойынша өндірілетін сүттің 10 пайыздан астамы. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағамбетовтің jasqazaq. kz сайтына берген мәліметіне жүгінсек, жалпы, соңғы 5 жыл ішінде Солтүстік Қазақстан облысында 30 сүт фермасы іске қосылған. Қазір осы өңірде жүзден астам тауарлы-сүт фермасы, соның ішінде 36 заманауи сүт кешені бар. «Ондағы ірі қараның жалпы саны — 16,5 мың. Биылдан бастап 17 тауарлы-сүт фермасын ашу үшін қосымша 17 млрд теңге бөлінбек. Осындай кәсіпорындардың арқасында сүт, ет өндіру көлемі ұлғайтылып, жаңа жұмыс орындары ашылмақ», — деді облыс әкімінің бірінші орынбасары. 2025 жылға қарай облыста сүт өндірісінің мөлшері 1 млн тоннаға дейін жеткізіледі деп жоспарланып отыр.

Ең бастысы, жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы нәтижесінде бір мыңнан астам жұмыс орны құрылып, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген ауылдағы ағайын жұмыспен қамтылды. Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарына сәйкес, агроөнеркәсіптік кешендегі еңбек өнімділігі 2,5 есе артып, тағы 1,6 мың жұмыс орны құрылмақ.

«Солтүстік Қазақстан облысы – астықты өңір. Біздің басты ресурсымыз — ауыл шаруашылығы саласы. Бүгінде оның әлеуетін толық пайдалану үшін ішкі мүмкіндіктерімыз жетерлік. Мемлекет тарапынан фермерлерге жасалып отырған қолдау ауыз толтырып айтарлықтай. Соның нәтижесінде олардың өз өнімдерін ұқсатуға, сыртқа шығарып сатуға мүмкіндігі мол. Ауыл шаруашылығы өнімін экспорттауда шикізаттан бас тарта отырып, өнім өңдейтін кәсіпорындардың әлеуетін барынша пайдалану – маңызды міндеттердің бірі. Бұл туралы ел Президенті де өз Жолдауында баса айтқан болатын», — деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев.

«Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек», — деген болатын ел Президенті.

Солтүстік өңірде бұл салада нақты серпіліс бар. Мемлекет басшысы айтқандай, елімізге сапалы өнімді қажетті көлемде ұсына алатын кәсіпорындар Солтүстік Қазақстанда баршылық. Солардың бірі – Аққайың ауданындағы биыл іске қосылған «Гердт В.В.» шаруа қожалығының тауарлы-сүт фермасы. Мұнда бүгінде 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, айына орташа есеппен 280 мың теңге еңбекақы алып отыр. Тіпті жұмыс іздеп басқа ауылдардан көшіп келіп жатқан адамдар да бар. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін 1 млрд теңгеден астам инвестиция құйылды.

Енді осы тәжірибені елдің басқа өңірлеріне тарату міндеті қойылып отыр. Вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте агроөнеркәсіп кешенін қолдау жөніндегі үлкен жоба талқыланды. Бұл жоба Солтүстік Қазақстан облысының тауарлы-сүт фермаларын салу тәжірибесін еліміздің басқа өңірлерінде де таратуға бағытталған. Бүгінде жобаны несиелеу қағидалары қабылданып үлгерді. Соған сәйкес кәсіпкерлерге небары 2,5 пайыздық үстемеақымен 5 миллиард теңгеге дейін несие беріледі. Мерзімі – он жылға дейін.

Жобаға қатысуға ниет білдірген 11 облыстың сегізі сенімді агент ретінде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын анықтады. Қалған үш өңір – Алматы, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарында оны анықтау үшін конкурс жарияланды.
Кеңесте айтылғанындай, Абай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облысы несие қаражатын алып та үлгерді. Сомасы – 34 миллиард теңге көлемінде. Осы айда тағы бес өңір – Батыс Қазақстан, Алматы, Қостанай, Павлодар және Түркістан облыстарына 52 млрд теңге аударылады деп жоспарланды.

5 жылға шақталған жоба аясында тауарлы-сүт фермаларын ғана емес, сондай-ақ көкөніс қоймаларын, құс фабрикаларын салу, суармалы егіншілікті, етті мал шаруашылығын дамыту қарастырылған. Биыл оны жүзеге асыру үшін 100 миллиард теңге бөлінді. Осы қаражатқа салынатын 65 тауарлы-сүт фермасы толық қуатына шыққан кезде Қазақстанда сүт өндірісі 322 мың тоннаға ұлғаяды деп күтіліп отыр.

Роза ШӘКЕНОВА,
Солтүстік Қазақстан облысы

Бүгін, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді