jasqazaq.kz

«Олигарх әр гектарға 70 теңге төлейді»

15 сәуiр 2016, 19:23

Мәжіліс депутаты Владислав Косарев Парламент мінберінен «Жер сату туралы әңгімені доғарайық!» – деп мәлімдеді. Осы кезде әлеуметтік желіні пайдаланушылар «Ұлт мәселесін көтереді» деп сеніп артқан депутаттар қайда қарап отыр?» – деген сауалға жауап іздеді. Алайда ешкім үн қатпады. Депутаттық сауалымен жұрттың көзайымына айналған коммунистердің Мәжілістегі жетекшісін кабинетіне іздеп барып, көкейдегі сауалды қойдық.

Жас қазақ: Владислав Викторович, Сіз жер сату мәселесіне неге оралдыңыз? Заң қабылданып кеткен жоқ па?
Владислав Косарев: Үкімет жер сатудан тек пайда табуды ойлап отыр. Мал шаруашылығын құрдымға жіберді. Соның кесірінен кәдімгі сүттен жасалатын өнімнің 30 пайызын сырттан аламыз. Меніңше, үкімет қазір жерді бидай өсіріп, экспортқа сататын қайнар көз ретінде ғана қарастыруда. Жерді өңдеу деген келмеске кетті. Бұрын елімізде 550 мың трактор болса, қазір соның 180 мыңы қалды. Оның ішінде 130 мыңы – ескі-құсқысы. Сол себептен миллиондаған гектар жер тозып барады. Оның бәрін енді өңдей алмаймыз. 9 млн гектар жер пайдаланылмай, қаңырап қалды. Бұған басын қатырған үкімет жоқ. Меніңше, жерге бидай егетін компания оны дер кезінде күтуге, сақтауға міндетті. Бірақ бізде бәрі керісінше.
Жас қазақ: Сонда Сіз астық өндіретін компаниялар қараусыз қалдырған жерді сатуға қарсы шығып отырсыз ба?
Владислав Косарев: Жерді халыққа бердік. Ауылдағы әр адамның жерден алған үлесі бар. Бірақ ол жерді өңдей алмаған соң өз үлесімен ЖШС, АҚ, АӨК-ке кіреді. Оған өз жерін жалға бергені үшін көк тиын да төлемейді. Мәселе осында. Ақиқатын айтсам, сол жерден алынған астық көлемінің 7-8 пайызын жер иесіне беруі керек. Мынадай қорлықты қараңыз: олигарх тонналап астық алатын жердің қазір әр гектарына 70 теңге төлейді. 1 тонна өнім алып, жер иесіне бір бөлке нанның бағасын береді. Адамды бұлай қорлауға бола ма? Оған қоса, фермер ауылдағы құнарлы жерді әбден құртты. Құртқаны сол, оған тыңайтқыш сепкен жоқ, өңдеп-жыртпады. Агрохимиялық зерттеу жасалмайтын болды. Ендеше, жерді сатуды доғара тұрып, оны тоздырған фермердің жауапкершілігін қатайтуға тиіспіз.
Жас қазақ: Айтпақшы, астық экспортынан түсетін қыруар қаражаттың оффшорлық аймақта «шөгіп» қалатынын бұған дейін де бірнеше рет айтқансыз. Сол «айқайыңыздан» қандай да бір нәтиже шықты ма?
Владислав Косарев: Шынымды айтсам, айқайлай-айқайлай шаршадым. Бірақ оффшорда жылына миллиардтаған қаржы қалып қояды. Бұл астық экспортының елеулі бөлігі. Астық компаниялары сатқан өнімнің бар-жоғы 20 пайызына техника сатып алады. Қысқасы, бізді жабайы капитализм оңдырып жатқан жоқ. Олигархтың ойы – қалай да мол табысқа кенеліп, баю ғана. Қазір ауылдағы диқан неге титықтап өмір сүреді? Себебі капиталист оның мойнына мініп алған. Мінгені емей немене, мысалы, шөпті шабады да, оның бағасын 4 есеге дейін өсіріп, сатады. Жем-шөпті халыққа қымбатқа сатады. Салыстырсақ, біздің жөм-шөбіміз Сомалиге сататын бидайдың бағасымен бірдей. Тағы бір мысал. Шетелге 8 млн тонна астық экспорттаймыз. Қазір біздің нанымызды жыл бойы шетелдегі 65 млн адам жейді. Сөйтсек те 17 млн халқымызды арзан, сапалы нанмен қамтамасыз ете алмаймыз. Бұл ұят жағдай.

Сұхбаттасқан Төлен Тілеубай

Астана

Бүгін, 14:59
Түркістанда балалардың психологиялық саулығы басты назарда
Бүгін, 13:45
Шымкентте «QH үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы жүзеге асырылуда
19 тамыз, 12:15
InEco Fest 2025: Алматыда экология, инклюзия және қала мәдениетін біріктірген фестиваль өтті
19 тамыз, 11:59
Музыка – жасөспірім жанының айнасы
18 тамыз, 14:54
Заманауи аппараттардан – жақсы нәтиже
16 тамыз, 12:34
Шымкент: Жарты жылда 1181 ерекше бала оңалтудан өтті
15 тамыз, 12:19
Биғайша Нұрғазинова: Ерекше балалар қоғамға кірігуі тиіс
10 тамыз, 21:15
Түркістан: Абайдың сөзі – рухани құндылықтың алтын қазынасы
09 тамыз, 15:04
Бахадыр Мәдәліұлы: Мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету – мәслихат пен партияның ортақ міндеті