Ол – Олимпиада жанкүйеріне айналды. Неге?

05 тамыз 2016, 17:51

Коллаж олимпиада

Мәселен, аты аңызға айналған балуан Шәміл Серіковтің тағдыры қалай аяқталды? Алақайлап келіп, аяқтан шалушылар мен құшақтап тұрып, арқадан «пышақ ұрушылардың» кесірінен өмірден ерте өтті. Мәскеу Олимпиадасының алдында Шәміл барлық жарыстардан топ жарып шықса да, оған жолдаманың берілуін әділетсіз деп санағандар да табыла кеткен. Ульяновск қаласының басылымдары былай жазған еді: «Біздің жерлесіміз Константинов Олимпиаданың екі дүркін чемпионы атанар еді. Монреаль Олимпиадасында жеңіске жеткен Константинов нәтиже бойынша өтіп тұрған, алайда сол жылы Қазақ КСР-нің алпыс жылдық мерейтойы болды.

Брежневке бір қоңырау шалынып, қазақ халқының мерейтойына осындай «сыйлық» жасалды». Мұндай сандырақтар шамына тисе де, Шәміл 1978 жылы Мехикода және 1979 жылы Сан-Диегода өткен әлем чемпионаттарында қарсылас шыдатпағаны тарих беттеріне алтын әріптермен жазылды… Қазақтың ішінен грек-рим күресі бойынша әлемді алғаш мойындатқан Шәміл Серіковке көреалмаушылар небір қитұрқы әрекеттерін жасап баққан еді. Ал, спортшыларымыздың бүгінгі ахуалы қандай? Әділетсіздіктен әрі-сәрі болып жүргендер бар ма? Республикалық спорт колледжінің директоры, педагогика ғылымдарының докторы Амалбек Тшановтың пікіріне сүйенсек: «Ауыр атлеттеріміздің допингпен айыпталуы Қазақстанға қолдан жасалған қысастық деген пікірге қосыла қоймаймын. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» дегенді де ескеруіміз керек. Өйткені, ешкім жоқты бар етіп жанынан қоспайды. Біз ғана емес, Ресейдің жеңіл атлеттері де допинг дауына шатылып жатыр. Басқа да мемлекеттер бар. Бірақ, әлемдік деңгейдегі спорттық жарыстарда жеңіске жеткеннің бәрі дауға ілігіп жатқан жоқ.» деп бір басылымға сұхбат береді. Былайғы көзі қырақты жұрт допинг дауы әдейі жасалған қысастық деп өзеурейді. Мұның бәрін неге тізбелеп отырғанымды ішіңіз сезген де болар, құрметті оқырман!
Енді бірнеше күннен кейін Рио-де-Жанейродағы атақты «Маракана» стадионында кезекті жазғы Олимпияда алауы жанып, айтулы аламан басталады. Байдаркада ескек есу спорты бойынша былтыр ғана Олимпиада лицензиясын жеңіп алған Дәулет Сұлтанбеков дүбірлі доданың тықыры жақындағанда ұлттық құрамадан шеттетіліп шыға келді. «Апам да аң-таң, мен де аң-таңмын…» дегендей, бұл жағымсыз жаңалық талайлардың жағасын ұстатты. Әркімнің көңілі өзіне патша, әрқилы ой-пікірлер айтылып та, жазылып та жатты. Ал, шын мәнінде, бұл Дәулет Сұлтанбековке әдейі жасалған қысастықтың нақ өзі еді. Тепсе темір үзетін 21 жастағы жігіттің тауы шағылып, жігері құм болғанын оның орнында болған адам ғана түсіне алар! Екпіндеп келіп, етпетінен жығылу деген осы шығар, сірә? Өзі жығылса мейлі ғой, өзге біреу, өзге біреу деп отырғанымыз – Беларусиядан шақыртылған бас бапкер Андрей Шантарович шатқаяқтап, шалағай шешім қабылдады. Азия ойындарында алтын жүлде алған Дәулет бауырымыз бас бапкерге несімен жақпай қалды? Әлде, мұнда да сайқал саясаттың салқыны жатыр ма? Әлде басқадай бақай есебі болды ма екен? Осы соңғы пікіріміз көңілге қонымды ғой деймін, А.Шантарович өзімен көзқарасы бір, ішкі түйсіктері үйлескен, айтқанын «ағалап» орындайтын спортшыны дүбірді додаға қатыстыруға мүдделі болған сияқты. Ол үшін себеп керек қой? Себепті де «сүйретіп» әкелуге болатындай… Дәулеттің тамағы ауыратын, (ангина-баспа) сол ауруы мазалай берген соң, көктемде емделуге рұқсат сұраған. Бас бапкері басын шұлғып, мақұлдап қалған болатын. Емделіп жүрген Дәулет Қазақстан чемпионатына келе алмады. Шантарович ел біріншілігіне қатыспауға өзі рұқсат бергенін «ұмытып» шыға келді… Д.Сұлтанбеков медициналық анықтамасын көрсетсе де, бас бапкер басқаша сөйлеп, басын шайқады… Айтатыны сол: «Дәулет көп ауырады» екен.
– Созылмалы ангинамен ауырып жүргенімді жасырмаймын, – деді ол іштегі шерін ақтарып, – осы ауруды он жыл су кешіп жүріп, асқындырып алдым. Бірақ қыстай ем-дом қабылдап, жазда өз орнымнан табылып жүрдім, төрт кісілік байдаркадағы серіктеріммен ел намысын абыроймен қорғап келдім. Енді міне, мына жағдай төбемнен жай түскендей әсер етіп отыр…
Өзінің айтуы бойынша, «осы сыйлығы» бетке айтып салатын тік мінезінен бе, кім білсін? Ол шын мәнінде намысшыл, ұлтшыл жігіт. Елі, діні, ділі, қазағы туралы тайып жығылатындай жылтыр сөздер айтылса, шыдап отыра алмайды, көмекейіне келген сөзін айтып салады. Өкініштісі сол, байдаркада ескек есу спортындағы жалғыз қазақ енді Рио Олимпиадасына бара алмайды. Оның орнына Украйнадан келген легионер Сергей Токарницкий деген біреу «көсегемізді көгертпек». Әйтеуір, сырттан маман алуға, сырттан легионерлер жалдауда алдымызға жан салмайтын болдық. Дүбірлі додаларда қазақ спортшыларының үлес салмағы тым аз болып келетіні де, бас бапкерлердің басын қатырмайды. Кеше ғана қуанышы қойнына сыймаған бауырымыз енді Риодағы олимпиаданың жанкүйеріне айналып шыға келді…»

 

Мұхтар ЖҰМАШҰЛЫ,
Шымкент

17 шiлде, 19:00
Ұлы мұрат - тәуелсіздік
16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде