Өткен ғасырда біз күнделікті оқитын басылымдар мен кітаптар, телеарна түгілі, ауызекі әңгіме арасында бейберекет орысша сөз қолданушыларды көрмейтінбіз. Ал кино әлеміндегі аударма мөлдір бұлақтай еді. Амал қанша, заманның өзгеруі, уақыт жылдамдығы, өмірімізге өзгеріс әкеліп жатқан жаңалықтардың қайсыбірі аяқтан шалып, қазақ тіліне нұқсан келтіруде. Осы орайда біз тіл жанашыры – филология ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Шерубай Құрманбайұлын сөзге тартқан едік.
Jas qazaq: Шәке, өткен күндер жадыңызда ма? Біз көз сүріндіретін қатені мектепте нашар оқитын оқушының дәптерінен ғана көретінбіз. Қазір қате дегенді дәптер түгілі даладан да тауып аласыз, ал қала туралы тіпті айтпай-ақ қояйық…
Шерубай Құрманбайұлы: Расында да, қатенің көптігі қазақ тіліне, оның беделі мен қоғамдағы орнына әсер етеді. Ел болашағы болып саналатын жастардың өз тіліне құрметін арттырмайды. Сондықтан балабақша мен мектептен бастап ұл-қыздарды өз тілін сүюге, құрметтеуге, таза сөйлеп, тілді қолдануға үлкен жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеуіміз керек. Әр бала отаншылдықты ана тілін жетік білуден бастағаны жөн. Әр жеткіншек өз тіліне деген құрмет пен қажеттілікті отбасынан, балабақшадан, мектеп пен көшеден, бүкіл айналасынан сезініп, көріп өссе, ол да ертең солай істейтін болады. Бүгінгі аға буын ондай өнеге көрсете алмай отырып, жастарға ренжуі негізсіз. Қазақша өзі білмейтін немесе шатып-бұтып сөйлейтін ата-ана мен немере-жиендеріне қызықты ертек, әңгіме айтып бере алмайтын ата-әжелердің тәрбиесін көрген ұрпақ тіл қадірін, сөз қадірін қайдан ұқсын? Өз басым тәуелсіздік кезеңінде туып, мектепке барғанымен, өзара орысша сөйлесетін, тілді шала меңгерген жастардың өсіп шығуына, өзге тілдің үстемдігіне бойы үйреніп, кеңестік тәрбие өтіп кеткен бүгінгі аға буын, үлкендер кінәлі деп білемін. Бұған сырттан айыптыны іздеп, құлап қалған КСРО-ны қарғап-сілеп, қаралай бергенді қойған жөн. Сөйлеу мәдениеті жоғары, өз тілінде ел басқарып, заң шығарып, өздері ана тілінде сөйлесіп жүрген үлкендерді көріп өскен жастардың тілі осынша жұтаң, сауаты сіз айтқандай, төмен болуы мүмкін емес еді. Олар біздің үлгі-өнегеміздің, тәрбиеміздің жемісі. Сондықтан кінәні ең алдымен өзімізден іздегеніміз жөн. Түптеп келгенде, осының бәрі тілдің заңнамалық негізіне, қоғамдағы нақты атқарып отырған қызметіне, оған деген сұраныс пен қажеттілікке тікелей тәуелді. Өз үйімізде, өз елімізде жүріп тілімізге сондай шынайы құрмет пен нақты қажеттілік туғыза алмаған соң, оған деген қарым-қатынас та сондай немқұрайды болмай қайтеді? Олар тілді білмей-ақ, шала-шарпы сөйлеп, қате-қате жазып та атқа мініп, жетістікке жетіп, еркін өмір сүре беруге болатынын көріп өсті. Енді көргенін істеуде. «Не ексең, соны орасың» деген осы. Өкінішке қарай, көше толы жарнама, ақпараттық қағаздар, атаулар түр-түсімен өзіне баурап тұрады. Әлгі жерден емілелік қате, дұрыс аударылмаған сөйлемді байқап қалу – үйреншікті құбылысқа айналды. Мағынасына сай қолданылмаған сөзді, қате құрылған сөйлемді қадам басқан сайын кездестіреміз. Көше ғана емес, электронды ақпарат құралдары – сайттардағы, порталдардағы, жалпы әлеуметтік желілердегі қателерден де аяқ алып жүре алмайсыз. Сөйлем арасында қате кетіп жатса, бәлкім, кешіріммен қарауға болар ма еді. Тіпті мақала мен хабарламалар тақырыбынан да «менмұндалап» көзге ұрып тұрады. Бұрын нашар оқитын оқушының дәптерінен ғана кездесетін қателер министрліктердің сайттарынан, әкімдіктердің рұқсатымен ілінген үлкенді-кішілі жарнамалар мен билбордтардан, лауазымды басшылар қол қойған ресми құжаттардан, шала аудармалардан, мекемелердің іс қағаздарынан да кездесе беретіні – мемлекеттік тілді қаншалықты құрметтеп, қалай меңгергенімізді айғақтап тұр. Анық көрініп тұрған нәрсені басқаша қалай түсіндіруге болады?
Сонымен қатар мұның артында «білім сапасы» деген мәселенің басы қылтиып тұр. Қаптатып университеттер ашып, білімді коммерцияландыру маман сапасын төмендетіп жіберді. Мектепті ілініп-салынып үшке әрең бітіргендерді де оқуға қабылдап, оқуға түскен соң ақша төлеген сондай ілдебай студенттерді сүйемелдеп жүріп бітіртіп, дипломын ұстатып жіберіп жатырмыз. Енді, міне, солар маман ретінде іске кірісіп, кешегі дәптердегі қателерін жан-жаққа таратып, көшеге де шығарып, кітаптарға да кіргізіп, қысқасы, бар салаға енгізіп жатыр.
Оның сыртында, балалар кітапты өте аз оқып, технология жетістіктерінің жетегіне еріп кеткендігі тағы бар. Интернетке итініп, телеарнаға телміріп, кітапты ысырып қою жас ұрпақтың тіл байлығын өсірмесі белгілі. Бәріне күйе жаға алмаспыз. Десек те, дәйекті деректерді көшеден көп кездестіресіз. Студенттердің дәрісханаларда, қоғамдық көліктерде, тіпті егде кісілердің той-томалақ пен ауызашарда отырып та өзгенің сөзін тыңдаудан қалып бара жатқанын байқайсыз. Ұялы телефонға басымен кіріп кетеді. Осындай себептердің бәрі жиылып, тіл байлығы мен сөйлеу мәдениетінің, жазу сауаттылығының деңгейін төмендетіп отыр деп ойлаймыз.
Jas qazaq: Көше жарнамаларынан ғана емес, қате деген интернет иірімдерін, телеарналарды, оқулықтарды да кезіп жүр. Соншалықты жауапсыз болуымызға не себеп?
Шерубай Құрманбайұлы: Телеарналар мен интернет туралы жоғарыда қысқаша айтып өттік. Ал енді оқулықтарда қатенің кетуі – бұл кешірілмейтін кемшілік. Оған сол оқулықтарды жазу міндетін мойнына алған авторлар жауап беруге тиіс. Егер оқулықта қате болса, балаға кінә артуға қандай қақымыз бар? Бұл жерде мамандарды іріктеу, оқулық жазу құқығын беру мен оларды сараптамадан өткізу, баспадан шығару жауапкершілігі тұрады. Осы шаруалар өз деңгейінде жүзеге асса, ондай олқылықтардың алдын алуға болады.
Jas qazaq: Қалай ойлайсыз, жастардың тіл байлығының төмендеп кетуі оларға бірнеше тілді қатар оқытумен байланысты емес пе?
Шерубай Құрманбайұлы: Оның да тікелей ықпалы бар. Біз өз ана тілін жетік меңгеріп үлгермеген балаға бірден екі-үш тілді қатар меңгертуге құмар болып барамыз. Аса қабілетті, тіл үйренуге бейім жекелеген балаларды айтпағанда, көпшілігі үш тілді де үстірт біліп шығады. Бір тілдің өзін меңгеру үшін көп еңбек керек. Ал енді екі, үш тілді бірден алып кету екінің бірінің қолынан келмейді. Осыны білім саласын басқарып, білім бағдарламаларын жасап жүрген кейбір мамандардың өздері толық түсінбей жүрген секілді. Дамыған елдердің бәрінде ең алдымен туған тілін – мемлекеттік тілді терең білуге күш салынады. Білім босағасын аттаған әр бала болашағын ана сүтімен дарыған тілімен байланыстырады. Осы жағдай біздің кейбір ата-аналарымызға баласының туған тілін білуіне, сөйлеуіне, болашағын сонымен байланыстыруына жол ашпай отыр.
Үлкендердің, ұстаздардың жастарға көрсететін үлгісінің бірі – өз аты-жөндерін қазақша жазу. Айталық, мектептердегі ұстаздар мен кейбір оқулық авторлары әлі күнге аты-жөнін қазақша жазбай келеді. Ұстаздары ата-аналарға балаларының тегін қазақша жазудың маңызын түсіндіріп, оларға ұсыныс жасамайды. Қолына тұңғыш рет жеке куәлік алған әр бала аты-жөнін таза қазақша жазғанын мақтан етпейді. Тіпті Бірыңғай ұлттық тестілеудің қорытындылары жарияланғанда, басылымдағы балалардың аты-жөніне назар аударып көрдіңіздер ме? «Ов» пен «ев»-ті былай қойғанда, таза қазақ тіліндегісі тілім-тілімі шыққан бірнәрсе. Сонда аты-жөнін бала дұрыс жаза алмаған ба, ата-ана дұрыстай алмаған ба, ұстаз назар аудармаған ба?
Jas qazaq: Қазір кинолардағы, жаңалықтардағы жүгіртпе жолдарда қате өте көп. Бұл туралы не айтуға болады?
Шерубай Құрманбайұлы: Бұл да сол киноөнімдерді шығарушылар мен аудармашы, редакторлар жұмысының көрсеткіші. Жақсы мамандар іске тартылып, жауапты редакторлар өз ісіне мұқият болса, мұндай болмас еді. Кейде кинолардағы кейіпкерлердің аузына салынатын сөздің жұлма-жұлмасы шыққанын көргенде, ішің удай ашиды. Тіліңнің тоз-тозы шыққаны жүрек ауыртады. Ойы орашолақ, сөйлеу мәдениеті төмен мамандар жайлаған телеарнадан тілді жетік білетін, көкірегі ояу телекөруші теріс айналса, ал әлі оң-солын танымаған, теледидардан айтқанның бәрі дұрыс деп қабылдайтын жас буынның тілі бұзылады, шұбарланады. Аудармаға жақсы маманды іріктеп алу үшін саланы басқарған азаматтардың өзі білімді болуы керек.
Jas qazaq: Қазіргі телеарна да тілді бұзуға әсер етеді емес пе?
Шерубай Құрманбайұлы: Бұл енді ащы шындық. Біраз жыл бұрын Астанада мамандар жиналып, марқұм Жұмабек Кенжалин жақсы мәселелер көтерді. Сонда ол «Телеарналарға филологтардан стилист редакторлар алу керек» деген еді. Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл «Телеарналар әзіл-оспақ театрына айналып кетті», «Қазақ тілі аударма тіл болып барады», «Телеарналарға тіл мамандарын жұмысқа алу керек» деген сын-ескертпе айтса, ақын Несіпбек Айтұлы «Телеарналар – баланың ойыны, бақсының жыны болып барады» деді. Өкініштісі, осындай орынды ұсыныс-пікірлер ескеріле бермейді. Керісінше, шоу-шу арқылы телеарна рейтингін көтеру бірінші орынға шықты. Осының салдарынан жеңіл-желпі бағдарламалар экранды жаулап алды. «Қалаулым», «Өз ойым» секілді хабарлар біздің құндылықтарымыздың бетін тілгілеп жатыр. Көппен бірге көре алмайтын хабарлар да бар. Осындай дүниелер арқылы тележұлдыз болғысы келетіндердің қатары көбейіп келеді. Әнге күлкілі мәтін жазып та телеарнаға шығатындар баршылық. Мұндай сайқымазақ, халық үшін құндылығы жоқ хабарлардан арылмайынша, тіл бұзыла береді.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегенді көп айтамыз. Балаға тәрбие беруде ықпалы өте күшті құралдың бірі телеарналар екенін ойласақ, ол өз міндетін ойдағыдай атқарып отыр деп айта алмаспыз. Бұл мәселе жиі айтылады. Дегенмен, әлі де ізденістен гөрі іркіліс көбірек болып, үлгі-өнеге аларлық игі істерден гөрі олқылықтар басым болып тұрғанын айтып жүрген мамандар пікіріне біз де қосыламыз. Бір қайнауы ішінде, сапасыз дүниелерді ұсына берсек, оларға жағдай жасасақ, болашақ ұрпақтан не күтуге болады? Елге жанашырлық дегеніміздің өзі осыдан көрініс береді. Осы істің тізгінін ұстаған азаматтар, телеарна басшылары оң өзгерістер жасап, сапалы хабарлар мен бағдарламаларды көбейтеді деген үміттеміз.
Jas qazaq: Шәке, жеделдетіп берген сұхбатыңыз үшін рахмет!
Сұхбаттасқан Жолдасбек ДУАНАБАЙ