Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Әрбір халық арғы-бергі тарихын өзі жазуы тиіс. Бөтен идеологияның жетегімен жүруге болмайды. Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді» деген еді.
Мұғалімдер мен ата-аналар тарапынан қызу талқыға түскен 1-сынып пен 5-сыныпқа дейінгі ағылшын тілін оқытуға арналған оқулықтарға білім және ғылым министрлігі тарапынан оң сараптама берілген. Бұл оқулықтар Jenny Dooley, Virginia Evans-тың авторлығымен «Экспресс Паблишинг» баспасынан басылып шыққан. Сыртқы мұқабасында «аударылған» деп жазылғанмен, аударма емес. 2016 жылдан бері осы баспаның Қазақстандағы ресми өкілі «EDUStream» халықаралық білім беру компаниясының басшысы Наталья Мұхамеджанованың жетекшілігімен шығып отырған. Өзгешелігі – Қазақстан балаларының суреттерін пайдаланып, тақырыпты ашуға тырысқан.
Кітаптың ішінде қазақтың ұлттық ұғымына, дәстүрлі тәрбиесіне келмейтін, шетелдің идеологиясын насихаттайтын иллюстрациялар мен мәтіндерді көптеп кездестіруге болады. Оқушылардың патриоттық сезіміне селкеу түсіретін тұстары «менмұндалап» тұр. Атап айтқанда, екі-үш мемлекеттің туымен, сол елдерге тән ерекшеліктермен қойылған суреттерде Қазақстанның туы үнемі төменгі жағына орналастырылған. Oқулықта өз еліміздің рәміздері неге жоғарыда тұрмайды?
Тағы бір мәселе, кітаптарда балалардың анимациялық келбеті бұрмаланып салынған. Бір жерінде тұлымын желбіретіп, басын тақырлап, ернін бояп қояды. Енді бірде ұлттық киім үлгісі – бүрмелі көйлектегі қызды ұл бейнесінде береді.
Ал енді мынаны қараңыз! Екінші сыныпқа арналған оқулықта ұлттық дәстүрдің қатарына Пасха мен Масленницаны енгізіпті. Мұны, әрине, қазақстандық мерекелер деп көрсетсе, түсінуге болар еді. Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары деп жазылған тақырыпта шілдехана мен баланы қырқынан шығару сияқты салт-дәстүрдің жанында діни мереке неге жүр?
5-сыныпқа арналған кітапта елде жоқ аңызды ойдан құрап, екі алып баланың оқиғасын баяндайды. Ағасы мен інісі туралы әңгімеде ағасы тастан көпір соғам деп еңбектенеді. Ал інісі екі жіпті ағашқа байлап алып, ән айтып жүреді-мыс. Ағасы «Неге маған көмектеспейсің?» деп ашуланып, інісінің қолындағы әлгі ағашты тасқа ұрып шағып тастайды дейді. Осыдан бастап інісі әнді қойып кеткен екен. Уақыт өте келе, таста қалған ізді байқаған бір халық бұл музыкалық аспап екенін анықтайды. Домбыра содан шыққан деп түсіндіреді. Мұндай аңызды естігендеріңіз бар ма?
Жасалу уақыты 2 мың жылдан ары Кетбұғы шерткен «Ақсақ құланнан» бастап, Құрманғазы, Дәулеткерей салған күй дәстүрі бүгінде ғаламшарды аралап жүр. Халқымыз қашанда домбыраны үкілеп төріне ілген. Бұдан арғысын сөз қылудың қажеті шамалы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында білім беру саласындағы реформаларға тоқталып: «Біздегі оқулықтардың деңгейі төмен. Кітапты әзірлеген азаматтардың жауапкершілігін заңнамалық тұрғыда реттеу керек. Сапасыз оқулық дайындағаны үшін жауапқа тартылсын. Басқаша болмайды», – деген еді.
Оқу бағдарламасында осындай өрескел қателік жіберген оқулықтарға қатысты келесіні ұсынамын.
Біріншіден, білім және ғылым министрлігі білім бағдарламасына енгізген аталмыш ағылшын тілі оқулықтарын қайта сараптап, жіберілген өрескел қателіктерге жауапкершілікті күшейтуді сұраймыз.
Екіншіден, оқулық әзірлеуде оған сараптама жүргізу қағидаттарын жіті қарап, нормативтік-құқықтық актілердің талаптарын білім және тәрбие компоненттерінің тұтастығы аясында күшейту қажет.
Үшіншіден, ағылшын тілі пәнінің үлгілік оқу бағдарламасы алдымен қазақ тілінде жазылып, одан кейін ағылшын тіліне аударылуы тиіс. Себебі ағылшын тіліндегі коммуникативтік дағдыларды дамытуда оқушылардың ана тіліндегі тілдік заңдылықтарды және тарихи, танымдық білім мазмұнын негізге алу қажет.
Дидактикалық тұрғыдан оқулықтың мазмұнында оқушының жас ерекшелігіне қарай материалды қабылдау, оны игеру қабілетін ескеру қажет.
Төртіншіден, оқулық құрастыруда басшылыққа алатын Үлгілік оқу бағдарламасына сараптама жасалып, бағдарлама әзірлеуші топтың құрамын қайта қарау керек. Сараптамалық комиссия құрамына тек ағылшын тілі мұғалімдері емес, балалар психологынан бастап, суретші педагог, этнограф, иллюстратор, қазақ тілі мамандары, әдебиетшілер тағы да басқа мамандарды енгізу қажет.
Бесіншіден, оқулықты басып шығаруда шетелдік емес, отандық баспаларымызды тартқан дұрыс. Оқулықтың сауатты безендірілуі жоғары көркемдік, тәрбие мен мәдени компоненттерді ескеруі қажет. Себебі оқулықтағы сапалы материалдар оқушының пәнді игеруіне ықпал етеді.
Ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру кезеңінде мұндай оқулық Қазақстанның болашағына жауап беретін, өз Отанын қадірлейтін ұрпақты тәрбиелеу үшін өте маңызды.
Мақпал Тәжмағамбетова,
Мәжіліс депутаты