Ақмола облысында биылғы көктемде өріске 500 мыңнан астам қой шықты. Облыстың елді мекендерінде мыңдаған тонна жүн, малдың терісі босқа шіріп жатыр.
Қабырғалары ырсиған қара тоқтыны үлкен қырықтық қайшымен қырқып жатып, бір уақ белін жазған Жәдігер ағам қораның іргесіндегі айырды ала салып, қоқым-соқым араласқан бір айыр жүнді қос қабат қораның жел кеулеп үңірейген қабырғасына тыға салды.
Жеңгеңнің жыл он екі айда айнымай екі айналып келер қызыл танау екі шаруасы бар. Бірі – көктемгі қой қырқу, екіншісі – күзгі қаз жұлу, – деп көзінің астымен үй жаққа бір қарап алған Жәдігер ағам,– екеуі де қазір қадірсіз, бағасыз болып кетті. Мына жүн жарықтық тірі пендеге қажет емес. Сосын осылай қораның ашық-тесігін бүтіндейміз. Қалғанын күйдіреміз, төгеміз. Әйтеуір құртып тынамыз. Ал қой терісін бүгін ит те жемейтін болып алған.
Жәкең айтса айтқандай, бүгінде малдың терісі мен жүнінен қадірсіз зат жоқ. Ал он миллион қой бағатын Ұлыбританияда тері мен жүннен сан алуан бұйым жасап, олары әлемдік брендке айналып, даңқы жер жарып тұр.
Заманында облыс орталығындағы «Киіз» акционерлік қоғамында қой жүні тәп-тәуір өңделді, – дейді осы акционерлік қоғамда ұзақ уақыт қызмет еткен Жоламан Шөкеев, – ол уақытта қой жүнінен негізінен, пима, киіз бастық. Жалпы, қой жүні қалдықсыз кәдеге жарайтын өнім. Қой жүнінің шайыры да пайдаға асады. Жуу агрегаттарында тұнып қалған шайырды арнайы ыдыстарға толтырып, косметика жасайтын кәсіпорындарға жіберетін. Демек, қой жүні шаруашылықта, тұрмыста көп нәрсеге қажет. Бүгінгі заман талабына сай есеп-қисабын ойластырсақ, өзін-өзі ақтайтын, ақтап қана қоймай, кәсіпорынға табыс әкелетін сала.
Қой жүні негізінен, екіге бөлінеді. Биязы және қылшықты жүн. Оның ішінде қадірлісі биязы жүн. Бірақ биязы жүнді қойды өсіру шаруалар үшін оңай емес. Ол үшін жайылымның ерекшелігі, жайлылығы қажет. Айталық, ақселеу, қаудан өсетін біздің дала биязы жүнді қой үшін оншалықты жайлы емес. Себебі ақселеудің, қауданның басындағы ине шөп қой терісіне қадалып, оның ауруға ұшырауына себепші болады. Біздің өлкеде қылшық жүнді қой өсірудің басты себебі содан. Дәл қазір облыста биязы жүнді қойдың саны 15 пайыздан аспайды. Қылшықты жүннен биязы жүн қымбат бағаланады. Қылшықты жүн де көзін тапса, кәдеге асады. Ертеректе іргедегі Ресей қарулы күштерінде қызмет ететін жауынгерлерін осы қылшықты жүнді іске жарату арқылы киіндіретін. Білетіндердің айтуына қарағанда, қазір олар да алмай қойыпты. Яғни өркениет өрістеген сайын сан ғасыр бойы халқымыздың игілігіне айналып келген қой жүнін синтепон сияқты қылшықтан дайындаған материалдар ығыстыра бастады. Күнкөріс тіршілігі төрт аяқ малмен тығыз байланысты халықтың көңіліндегі жалғыз медеу – соңғы уақытта табиғи жылу беретін материалдарға деген сұраныстың арта түсуі. Бұрындары жұрттың сән көріп, еденге тастайтын ковролин төсеніштері мен өзге де материалдарды қазір табиғи жылуы мол, сәні өзгеше бұйымдар ауыстыра бастаған.
Ақмола облысында да игерілмей жатқан байлық көзі осы қой терісі мен жүні. Әне бір жылдары Көкшетау қаласының іргесіндегі Өзбекстаннан, Түркменстаннан, іргедегі Ресейден және басқа да сонау ел басына күн туған шақта ауа көшкен, ел еркіндік алған, ақ жарылқап күн туғанда, туған топыраққа қайта оралған қандастарымыз үшін, арнайы «Нұрлы көш» бағдарламасы шеңберінде салынған мекенжайларда қоныстанған ағайындар жұмыссыздық проблемасын қайта-қайта көтерді. Егер күні бүгінге дейін игерілмей жатқан ен байлықты ел игілігіне айналдыру үшін осындай жерлерден үкіметтің қолдауы арқылы шағын кәсіпорындар ашса, баршаға бірдей тиімді болмас па еді.
Моңғолияда бір жапырақ тері, бір шөкім жүн далада қалмайды, – дейді сексеннің сеңгіріндегі Қабдолла Уақапұлы ақсақал, – күнгі бүгінге дейін біз бағымдағы малдың терісі мен жүнін пайдаланып келдік. Киген киіміміз, үйдегі күнделікті тұтынатын тұрмыстық бұйымымыз тері мен жүннен жасалды. Одан кемдік көрген жоқпыз. Аллаға шүкір, «тоғыз қабат торқадан тоқты шағымның терісі артық» демекші, ұрпағымыз таза табиғи киім киіп, экологиялық жағынан мүлтіксіз жүннен жасалынған бұйымдарды кәдеге жаратып, бүгінгі күнге жеттік. Көкшетаудың іргесінде қоныстандық. Рас, қазір жалғыз біз ғана емес, жұмыр жердің кез келген түкпірінде қаржылық қиыншылық болып жатыр деп естиміз. Көпті көрген басым бар, сексенге келген жасым бар. Мына балалар киіз үй жасайтын кәсіпорын ашса, тамаша емес пе? Тау басып, асу асып келген ағайындар өздерімен бірге нешеме жыл бойы бастарына пана, жандарына қорған болған алты қанат, сегіз қанат киіз үйлерін қанжығаларына бөктеріп ала келді. Жергілікті жұрт той-томалағына, асына, басқа да жабдығына пайдалануға қатты қызықты. Өйткені, ыңғайлы-ақ дүние. Әрі қой жүнінің иісі шыққан жерге кене, қоңыз жоламайды. Ауасы кең, киіз жарықтық жел өткізе қоймайды ғой.
Сұңғыла ақсақал сыр ғылып шерткен шаруаның реті шынымен істің көзін табатын жан болса, өз-өзінен жолға түсіп кететіні бизнес жоспар. Шын мәнінде, ұлан-ғайыр Ақмола облысындағы елді мекендердегі тілек білдірушілерді киіз үймен қамтамасыз ету үшін оның қаншасын шығару керек. Оның үстіне біздің ел курортты аймақ. Айдыны асып-тасқан көгілдір көлдің жиегінде, ақ қайыңдардың ортасына ақ шаңқан киіз үйлерді тігіп, мұртымыз көкке шаншылып, шәниіп жатар едік. Киіз үй жол жиегіндегі сауда-саттық көлігін қыздыратындарға да, қымызхана ашатындарға да қажет емес пе. Демек, киіз үй жасайтын шағын кәсіпорын ашылатын болса, қаншама адамға күнделікті жалақы алып, жан бағатын жұмыс орны, әрі ең далада есепсіз, қажетсіз, іріп-шіріп жатқан қой жүні барар жерін таппас та еді. Сол сәтте мал баққан ағайын да әр қойдан орта есеппен үш килограмнан қырқатын қылшықты және биязы жүндерін нарық бағасына сәйкес бағалап өткізіп, жоқтан бас жасап, қоңданып кетпесе де, талғажау қылар напақа табар еді.
Әне бір кезде Көкшетау өлкесіне ат ізін салған шетелдіктер Көкшетау-2 стансасының аумағында әлдебір кәсіпкер жиған, бірақ өткізер жер таба алмай, сасып жатқан тау-теңіз мал терісін көріп, қатты таңқалыпты. Ысыраптың мұндай жойқын, жойдасыз кейпін көрмеген шетелдікке қазақстандықтардың берекесіздігі қатты әсер етсе керек. Оқыған-тоқығаны мол, көргені көп шетелдік іскер біздікілердің осылайда-осылай деген уәжін қанша қайталаса да түсіне алмапты. Жұрттың қолы жетпей жүрген ең байлық неге шіріп жатыр? Ол неге ешкімге қажет емес? Ақыр-соңына дейін әлгі пақыр ұғына алмапты. Бәлкім, ұғынғысы да келмеген шығар.
Кейін Көкшетау-2 стансасында Қазақстан-Италия біріккен тері өңдеу серіктестігі ашылды. Көп уақыт өткен жоқ жабылып қалды. Анық себебін, бүгін ешкім айта алмайды. Содан бері тері мен жүнді кәдеге жаратуға ұмтылыс болғандығын естімедік.
* * *
Жәдігер жәкем қой қырқымын аяқтаған соң, қыс бойы ат ізін салмаған бізге арнап бір марқасын сойды. Терісін іреп, қоянша тұтас сыпырғаннан кейін, теріні шарбақтың арғы бетіне атып жіберді. Төрт сирақ бірге кетті. Одан соң іш-тұрман, ішек-қарын. Жәкеңнің бетіне адырая қарадым. Маңдайынан аққан терін қолының сыртымен сүртіп жатып, күңк етті. Жеңгең тазалығысы келмейді. Ал сен қайдағы бір ит тартатын теріні ерінбей әңгіме қылып тұрсың. Солай екен-ау.
Байқал БАЙӘДІЛОВ