Оңтүстіктен ескен жылы леп

19 ақпан 2016, 19:33

«…Бабарахым еш арланбай, мал фермасына жұмысқа орналасты. Бір қиыны, демалыс жоқ. Есесіне, айына 120 мың теңге табыс табады. Өзінің қорасында да бірер қарасы бар. Алдағы жылдары мал басын көбейтпек. Айтқандайын, бұл елде жазда сиыр малын кезекпен бағады екен. Тұрақты бақташы жоқ. Тіпті қара малдың әр басына 1500-2000 теңге төлесе де. Егер ауылдағы 200 қара малды бақса, әр басына екі мың теңгеден алса, айына 400 мың теңге табысты дөңгелетіп тұрмас па еді. Дағдарыстың дауылы қараша үйдің түндігін қаншалықты солқылдатып тұр дегенімізбен, жер қозғалса қозғалмайтын солтүстіктің салқынқанды жұрты тұяғын қимылдататын емес, жұмыс істегенше, аштан өлуге бейіл…»

О ңтүстік өңірде туып-өскен Бабарахым Батсаев өткен жылдың жазында Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Айыртау ауданына көшіп келген. Міне, дала, шетсіз, шексіз шалқар кеңістік, қолдың саласындай ақ қайыңдар көмкерген зәулім терек, құба қарағайы аралас ит тұмсығы өтпейтін орман шоқтары пана боп қаумалаған ғажайып өлке. Ағаш бауырындағы бұйра-бұйра топырағы қандай! Топырағының құнары ше? Кәдімгі «жетек шаншысаң, арба өсіп шығады» дейтіндей-ақ жер. Бірақ ала жаз бойы осы жерді шұқылап, еккенін баптап, еңбек етіп жатқан адамды көзі шалмапты.
Естуінше, Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары жыл сайын бес мың адамға азаяды екен. Қазір облыстың, әсіресе, шалғайында жатқан «болашағы жоқ» деген қарғыс таңбасы басылған кішкентай елді мекендер бірінен соң бірі жабылып, айтақыр жұрты ғана қалып жатыр.
Осындай келеңсіз құбылыстың алдын алу мақсатында Солтүстік Қазақстан облыстық әкімдігі оңтүстік өңірден 101 отбасын қабылдауға әзір екендігін мәлімдепті. Олардың пайымынша, халқы тығыз орналасқан оңтүстікте жұмыс тауып алу қиын, әрі жер де тапшы. Бабарахым жердің иен жатқанын өз көзімен көріп отыр. Ал жұмыс дегеніңіз, жетіп артылады. Кешегі тың игеру кезеңінде бұл өңірде жоспар қуалаудың салдарынан есіктің табалдырығына дейін жыртылған екен. Тіпті бұзау оттайтын жер қалдырмапты. Соңғы жылдары егістік жер мөлшері күрт азайған соң, бұрынғы егін егілген алқаптар қурай басып, босқа жатыр. Үміт жетектеп, үдере көшіп келген жұрт мың гектарлап бидай еге алмағанымен, азын-аулақ жерге картоп, сәбіз, қырыққабат өсіруге мүмкіндік мол. Күзде өнімін сатса, қып-қызыл ақша. Алысқа апармайсың, бақша деп басын ауыртпайтын көршің сатып алады.
Бабарахым алғаш көшіп келгенде жер жөнін білетін біреулер Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың ауданына қарасты Сенное ауылын нұсқаған. Сөйтсе, село деп айтуға да келіңкіремейді. Бар болғаны бес-ақ адам тұрады екен. Мұны көргенде ығы-жығы халықтың арасында өскен Бабарахым тал түсте талып қала жаздаған. Өзі ер жеткен оңтүстіктегі ауылда бес адам емес, бес жүз адам 2тұратын. Енді оңтүстіктен елді көшіру жөніндегі бағдарламаның дұрыстығына әбден көзі жетіп отыр. Өткен жылы ғана бес бірдей шағын ауыл жабылып қалған. Әр жыл сайын автобус қатынамайтын, әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасалмаған, осындай елді мекендер бірінен соң бірі жер бетінен де, карта бетінен де жойылып жатыр. Негізі, бұл жақтағы ауылдар шоқ жұлдыздай шағын екен. Мәселесі үлкен, бірақ өзі кішкентай елді мекеннің балалары міңгесіп, ұшқасып, ірі елді мекендегі мектептерге барып оқиды. Отбасына тек демалыс күндері ғана келеді.
Алланың назарынан тыс қалған шағын ауылдан шыққан із бар да, кірген із жоқ. Яғни көшкеннің саны көп, көшіп келіп жатқан бір отбасын да көре алмас едіңіз. Мектептер жартылай бос тұр. Оқушысынан мұғалімі көп. Сөйтіп отырып, мектеп жабылады десе, ренжитіндерін қайтерсіз. Ауыл-ауылға қатынайтын адамның жоқтығынан автобустардың жүруі де сирек, тіпті тыйылған. Оны айтасыз, азық-түлік дүкендерін ұстау да тиімсіз.
Бабарахымның пайымдауынша, оңтүстіктен көшкен жұрт солтүстіктегі елге ерте көктемдегі шуақ тәрізді жылы леп әкелуге тиісті. Жасыратыны жоқ, сары жұрт қаптаған елдің тілі де шолжың, қазақ тілінің кірпігі әзер-әзер қимылдап тұр. Қара қарғаның миы қайнайтын ыстық өңірден келген туысқандар сан ғасыр бойы жалғасып келе жатқан, арқау жібі үзілмеген ұлттық салт-дәстүрді де, мәдениетті де, әдет-ғұрыпты да озығын ала келер еді.
Елде жүргенде Бабарахым пияз өсіріп сататын. Алдыңғы жылы Ресейге апарамын деп зиян шекті. Теңге мен рубльдің арасындағы айырманы мөлшерлей алмаған. Содан соң Омбы қаласынан қайтып келе жатқанда көктей өткен солтүстік өңірдің тыныс-тіршілігін бағамдады. Туған өлкесіне қарағанда суық демесеңіз, қазық қағатын-ақ жер екен. Онда дәл осындай бағдарлама қабылданатын, көшкен адамның отағасысына 50 орташа айлық көрсеткішіне, ал отбасының әр мүшесіне 35 айлық көрсеткішіне тең көмек төленетіндігін, үй берілетіндігін естімеген еді. Сөйтсе, жұмыс қолына тапшы болып отырған кейбір шаруалар алғашқы уақытта ет, сүт, ұн беріп те көмек көрсетеміз деп отыр екен.
Рас, қысқы отын көбірек керек. Өйткені, бұл жақта қыс ұзақ. Бірақ пияз сатқан саудагерлігі бар емес пе, кіріс-шығысты екі қолындағы он саусағын бүгіп есептеп кеп жіберсе, ұтылып тұрған жоқ. Мысалы, көмірдің әр тоннасын 8000 теңгеден сатып алып отыр. Өзі тұрған өлкеде осы көмір 15 мың теңге тұратын. Демек, ұтыла қоймайды.
Он екі мүшесі сау адамға байлықтың көзі жер ғой, шіркін! Ол мұнда бос жатыр! Мыңғыртып мал бағасың ба, әлде жайқалтып бақша егесің бе, өзің біл. Қазір Солтүстік Қазақстан облысының елу селосы көшіп келушілерді қабылдаймыз деп алақанын ысқылап, дайын отыр. Тіпті қаңырап бос тұрған үйлер де бар. Ауыл кәсіпкерлері де әлденеше баспана салыпты. Негізінде, ел іргесі сөгілген елді мекендердегі бұзып, көшіруге жарамсыз үйлерді ешкім ала қоймайды. Өзің ақша төлесең де, тұратын адам таба алмайсың. Сондықтан, баспана мәселесінде ешбір бөгесін болуға тиісті емес.
Бабарахым еш арланбай, мал фермасына жұмысқа орналасты. Бір қиыны, демалыс жоқ. Есесіне, айына 120 мың теңге табыс табады. Өзінің қорасында да бірер қарасы бар. Алдағы жылдары мал басын көбейтпек. Айтқандайын, бұл елде жазда сиыр малын кезекпен бағады екен. Тұрақты бақташы жоқ. Тіпті қара малдың әр басына 1500-2000 теңге төлесе де. Егер ауылдағы 200 қара малды бақса, әр басына екі мың теңгеден алса, айына 400 мың теңге табысты дөңгелетіп тұрмас па еді. Дағдарыстың дауылы қараша үйдің түндігін қаншалықты солқылдатып тұр дегенімізбен, жер қозғалса қозғалмайтын солтүстіктің салқынқанды жұрты тұяғын қимылдататын емес, жұмыс істегенше, аштан өлуге бейіл.
Әлдебір шаруаның ыңғайымен осы облыстың Айыртау ауданына қарасты Егіндіағаш ауылында «Қайрат» шаруа қожалығын құрып, он жыл еңбектенген Бауыржан Молдағалиевпен жолыққан. Көрген-білгенін, түсінген-түйсінгенін айтқан.
– Мұның дұрыс, – деген Бауыржан Қайратұлы, – өкпең орынды. Көпке топырақ шашу, елді жамандау емес бұл. Мен де осы жерде туып-өскен, осы елдің перзентімін ғой, айта-айта шаршадым. Қашанғы қақсай берерсің. Басында ауылдастарымнан екі-үш механизатор, бірлі-жарым малшы тауып едім, кейін шаруашылығымда жұмыс істеп жүргендерді ауылдағы құрдастары «бұлар Қайраттың құлдары» деп мазақтайтын болды. Енді жатыр жантайып, тіпті темекі алатын тиындары жоқ. Жанына жақындап кетсең, алақанын жаюға арланбайды. Ал жұмыс істе десең, сен бір итжеккенге айдағалы тұрғандай, ат тонын ала қашады.
– Көктем шығысымен мынау бос жатқан жерді талдан шарбақ жасап қоршап, көкөністің неше атасын егемін, – деп құлшынған Бабарахым, – көрерсіз аға, картоптан бастап сәбіз, қырыққабат, қызылша, қызанақ, қияр, қауын-қарбыз.3
– Тоқта, – деген Бауыржан қызды-қыздымен біраз жерге барып қалған Бабарахымға, – бастапқы айтқаның да жетер. Біздің жақта қауын-қарбыз құлағынан қос қолдап тартсаң да өспейді ғой. Негізі, не ексең де шығыны жоқ. Біздің бір нағашымыз көктемде бір қап картоп егеді, жаз бойы картоп еккен шарбағының ішіне аттап баспайды. Колорад, құрты жеп жатыр ма, көршісінің ешкісі түсіп кетті ме, бәрібір. Жаз ортасында арам шөп картоптың сабағын қуып жетеді, ал күзде арасынан алты жасар баланы таба алмайсың. Картоптың сабағы да, сорайып өскен арамшөп те әбден қураған соң қазып алуға барады. Мықты бір ғалым болмасаң, қайсының картоп, қайсының арамшөп екенін айыра алмайсың. Не керек, итшілеп жүріп, әйтеуір бір қап картоп жинап алады.
Сосын күрегіне сүйеніп тұрып:
– Тәуба, ешқандай шығын шыққан жоқ. Көктемде бір қап ектім, күзде бір қап алдым, нем кетті, – дейді.
Иә, еңбек етпеген адамның несі кетіп жатыр.
Бабарахым өткен жолы бұл өңірге келгелі тұңғыш рет тойға қатысты. Көршісінің кенжесі келін алып келген. Ұлан-асыр тойдан соң құдалыққа қатысқан. Құдалары Ақмола облысының Қызылсая ауылынан екен. Биылғы жыл мал баққан адамға ауыр жыл. Даланың бәрі көк мұз. Қырдағы жылқы қолға қарапты. Ірілі-ұсақты 16 жылқысын қолына ұстаған Амантай ақсақал мал жайлаудан қиналып жүр екен. Ай сайын ақшасын төлесе де, күрек ұстауға қауметі қаптал жететін бір жан жоқ. Жоқ емес, бар. Бірақ ешкім де мал баққысы келмейді.
– Енді оңтүстіктен көш басын түзейтін ел солтүстікке келіп, мидай араласып жатса, тиімді тұстары аз емес, – дейді Амантай ақсақал, – қанша дегенмен жер емшегін еміп өскен ел ғой. Бәлкім, біздің жұрт еңбек етуді үйренер. Қаңырап бос қалған ауылдардың тамырына қан жүгірер. Қазір қай ауылдың мектебі болмасын, балаға зар. Ал оңтүстік жұртының отбасында бала басы баршылық деп естиміз. Тіпті бізде күзді күні мектепке баратын баланы санағанда, мектеп жабылып қалмауы үшін бір-бірінен қарызға бала да алып жатады емес пе?! Малшы ғана емес, мектепке мұғалім, ауруханаға дәрігер жетіспейді. Құрылыста прораб жоқ, тіпті мәдениет үйлеріне ие болатын маман қат.
Ақсақалдың айтуы жөн. Солтүстіктегі сірескен мұзды, адам көкірегіндегі көк мұзды жібітетін оңтүстіктен жылы леп келе жатыр.

Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Солтүстік Қазақстан облысы

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?