Жиырма беске енді қараған, тепсе темір үзетін Илья Лисневский не өз қатарлары сияқты оқып, мамандық алмады, не тұрақты жұмыс жасап, пайдалы іспен айналыспады. Ата-анасының мойнына масыл болған жігіт шетелдік кинолардың кейіпкері сияқты үлкен істі жүзеге асырып, бір-ақ сәтте шылқыған бай болуды армандаумен күнін өткізді. Қарапайым пенделер сияқты жұмысқа тұрып, жалақымен жан бағуды «босқа өмір өткізу» деп түсінетін жігіт бойында бұғып жатқан кәсіби ұрыларға тән керемет дарынның барлығына іштей сенімді болатын.
Әп-сәтте мол байлыққа қол жеткізудің жолын ол ақыры тапты:
Жергілікті банктің филиалын тонап, бар өміріне жетерлік мол ақша таппақ болған жігіт енді осы ойын жүзеге асырудың нақты жоспарын жасады. Жоспар жасағанда да кәдімгідей – шетелдік фильмнің кәсіпқой кейіпкерлері сияқтанып, несие алғысы келетін клиент түрінде банкке барып, оның ішкі құрылысымен, күзет жайымен жан-жақты танысып алды. Содан кейін қойындәптеріне ойына алған шаруаны қалай жүзеге асыруға болатынын жан-жақты талдап, тәптіштеп жазды.
Оның пайымынша, бірінші қабаттағы кіреберісте отыратын күзетші жоғарғы қабаттың терезесі арқылы кірген адамды сезбейді. Күзетшіні қорқытып, ақша сақтайтын қойманы аштырса, қап-қап теңгені алып шығу еш қиындық туғызбайды. Банкте бейнеқондырғы орнатылғанын білетін, ол бетін қара маскамен бүркеп алып, тұтқиылдан күзетшінің есін жиғызбастай жедел әрекет жасау арқылы табысқа жетуге болады деп нық сенген.
Банкке шабуыл
Алдын ала не істеу керектігін түгелдей жоспарлап алған Илья ойын жүзеге асыруға қажетті құралдарды да дайындап алған. Жіңішке темір арқан, екі монтировкамен жарақтанған жігіт түн жамылып, Щучье қаласының Абылай хан көшесінде орналасқан «Халық банкі» филиалының ғимаратына келді. Төтенше жағдайларға арналған ғимараттың қосалқы баспалдағымен шатырға шыққан ол темір арқанның бір ұшын шатырдағы белдікке монтировкамен бекітіп, арқанмен төмен түсті. Үшінші қабаттың терезе тұсына келгенде, терезені монтировкамен ұрып сындырып, бөлмеге кірді.
Әзірге бәрі де оның алдын ала ойластырған жоспарына сай жүзеге асып жатты. Баспалдақ арқылы бірінші қабатқа жымын білдірмей жеткен қылмыскер бейқам отырған күзетшіге тарпа бас салды. Өзінің ештеңеден тайынбайтын кәнігі қылмыскер екенін сездіргісі келгендей, күзетшіні бірер рет аямай ұрып, ықтырып алған Илья қолындағы монтировканы көрсетіп, «ақша сақталатын қойманы аш, әйтпесе мынаумен өлгенше соғамын» деді ызғарлана сөйлеп.
Түн жамылып, банк ғимаратына кірген адамның тектен-тек жүрмегенін, ақша үшін адам өлтіруден де тайынбайтынын бірден аңғарған күзетші қойманың есігін ашты. Бірақ тәжірибелі сақшы қатер төнген сәтте абдырап, абыржымады. Қылмыскердің көзін ала бере, дабыл кнопкасын басып үлгерді. Дегенмен, қанша жерден сездірмедім десе де, қылмыскер мұнысын сезіп қалған екен, күзетшіні бас салды. Жан беру оңай ма, күзетші де арпалыса кеткен. Күзетшіге қарағанда біршама жас қылмыскер әбжіл қимылдап, темір монтировкамен арқасынан және жұдырығымен бетінен қатты-қатты соғып үлгерді. Ауыр соққы алған күзетші сұлап түскен. Оның қолындағы кілтті алған қылмыскер қоймадағы темір жәшікке салынған 400 мың теңгедей қалдық ақша тапты.
Жаза
Ильяның қанша түнді ұйқысыз өткізіп, алдын ала жасаған жоспарының бәрі де әдіре қалды. Ақша сақтайтын қоймада бұл ойлағандай қап-қап ақша жоқ болып шықты. Сонша бейнетпен қоймаға кірген ол небәрі 400 мың теңге ғана қалдық ақшаны алып, соны қанағат тұтуына тура келді. Күзетшінің дабыл кнопкасын басқанын білетін жігіт құқық қорғаушылар жеткенше бой тасаламақ болып, сыртқа шықты. Бірақ сол сәт басына тағы бір сәтті ойдың келе қалмасы бар ма?! Күзетшіден алған кілтпен банктің гаражын ашып, ішіндегі ГАЗ-2705 автокөлігін айдап кетті.
Әр қадамына дейін алдын ала жоспарлап алып, қылмысқа үлкен дайындықпен барғанына қарамастан, Илья бірқатар қателіктер жіберген еді. Ең алдымен, күзетші дабылды басып, құқық қорғаушыларды шақырып үлгерді. Содан кейінгі қателігі – банктің автокөлігін айдап кетуі болды. Жедел жетіп, қарақшының ізіне түскен тәжірибелі ізкесерлер қылмыскерді көп ұзамай қолға түсірді. Жан қинамай, бір-ақ сәтте бар өміріне жетерлік мол олжаға кенелмек болған жігіт оңай тапқан ақшамен шалқып, өмір сүрудің орнына, тар қапасқа қамалды.
Таяуда Бурабай аудандық сотының судьясы А.Бәйкенованың төрағалығымен өткен сотта банкті тонаған И.Лисневскийдің қылмыстық ісі қаралды. Сот оны айыпты деп тауып, бес жылға бас бостандығынан айыруға, жазасын жалпы тәртіптегі түзеу мекемесінде өтеуге шешім шығарды. Оған қоса, Лисневский банкке келтірген залалды түгел өтейтін болды.
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Ақмола облысы