jasqazaq.kz

Нұрсұлтан Назарбаев: Сіздер өскелең ұрпаққа үлгі боласыздар

01 желтоқсан 2017, 11:39


Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарымен кездесті. Жалпыхалықтық дауыс беру арқылы үздік шыққан 102 жеңімпаз 6 сала бойынша анықталды. Спорт – 13, ғылым – 18, мәдениет – 10, медицина – 18, бизнес – 13, қоғам – 30. Еліміздің туын биікке көтерген спортшылар мен ақ халатты дәрігерлер, меценаттықпен көзге түскен белді кәсіпкерлер мен ғалымдар, мәдениет пен қоғамдық салада ел аузында жүрген азаматтар Елбасының жылы лебізіне бөленді.
Мемлекет басшысчы «Осы жиынға келгендеріңіз үшін қуаныштымын. Мен үшін екі туған күн бар. Біріншісі, өздеріңіз білетіндей, өзім туған — 6 шілде. Екінші туған күнім — 1 желтоқсан. Бұл — қазақ елі бүкіл халық болып, тұңғыш рет Қазақстан халқы Президентін сайлаған кез. Сол сынға түсіп, тұңғыш рет 90 пайыздан астам дауысқа ие болдым. Содан бері 26 жыл өтті. Сіздердің барлықтарыңыз да жассыздар. Сол кезең мен қазіргі кезең екі бөлек. 26 жылда көптеген дүние өзгерді. Сол кезеңде өмірге келген бала 26 жаста ғана. Бұл жұмысқа кірісуде ең жақсы кезең», — деді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарымен кездесу барысында жас блогердің еліміздің жетістігі туралы жазған хатын оқығанын айтты.
Президент «Бір жас блогердің жазған хатын оқыдым. Осы жылдар ішінде айтқым келетін төрт нәрсе бар депті: Біріншісі — Тәуелсіздіктің жариялануы және бұған дейін болмаған ел шекарасының бекітілуі. Екіншісі — нарықтық реформалар мен жекешелендірудің жылдам өткізілуі. Осының арқасында мыңдаған кәсіпкер жұмысын бастады. Үшіншісі — көпұлтты қоғамда келісім мен тұрақтылық қамтамасыз етілді. Төртіншісі — бүкіл әлемде Қазақстанның жауы жоқ, бәріне доспыз. Мен жетістіктерді оннан бастап жиырмаға дейін тізіп айта берер едім. Бірақ осынау жас блогердің қалайша төрт артықшылықты тап басып айтып бергеніне таңғалдым», — деді.
Кездесу барысында 102 жаңа есімге кірген отандастарымыз өзін таныстырды. Соның бірі отандық жас композитор Рахат-Би Әбдісағин. Жас өреннің айтуынша, ол 13 жасында — студент, 17 жасында магистрант атанған.
«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Мен композитор әрі пианиношымын. Өнер ғылымдарының магистрімін. 13 жасымда — студент, 17 жасымда магистрант атандым. Жақында ғана Римнен келдім. Ол жақта докторантураға түстім. Римдегі академия 16-ғасырда ашылған. Финалдық кезеңге 14 адам келіп, 5 адам ғана оқуға түстік. Ең бастысы -сол академияға түскен ең жас әрі тұңғыш қазақстандық болдым», — деді Рахат-Би Әбдісағин.

Жас композитор 13 жасында шығарған туындысын көпшілік алдында ойнап берді. Елбасы өз кезегінде жас өренге бақ тіледі.
Н.Назарбаев «Мен ұйықтар алдында Моцартты тыңдаймын. Маған оның әуендері ұнайды. Адамды тыныштандырады. Менің ойымша, оған бір ғарыштық рух енген секілді. Мұндай әуен жайдан-жай туа салмайды… Солай ма? Сенің әуенің де сондай. Енді сені тыңдайтын боламын», — деп атап өтті.
Сондай-ақ Елбасы кездесу барысында еліміздегі бір топ жас ғалымға арнап арнайы зертхана салуға болатынын айтты. 31 жастағы жас физик Ернұр Рысмағамбетов Президенттің алдында өзін таныстыра келе, физика саласындағы жетістігін тізіп өтті. Қазіргі уақытта Ернұр «Астана» халықаралық қаржы орталығында үздіксіз кәсіби даму бюросын басқарады. Физикадан бірнеше ірі байқаулардың жеңімпазы.
Ернұр «2002 жылы физика пәнінен дүниежүзілік олимпиадада бірінші орынды иеленіп, алтын медальға қол жеткіздім. Сол жылы әлемге әйгілі Калифорния университетіне шақырту алдым. Алайда, сол жылы Америкаға ұшып баруға қажетті 1200 АҚШ долларын табудың өзі қиын еді. Үмітім үзіле жаздады. Түрлі компаниялардан демеушілік сұрадым. Соңында тағы бір халықаралық олимпиададан топ жарып, құны 1300 АҚШ долларлық ноутбукты сыйға алдым. Бірақ оны жолға билет алу үшін сатып жібердім», — дейді.
Жас өрен барған университінде танымал өнертапқыш Илон Маскпен кездесіпті. Қаржы саласына қатты қызығып, халықаралық қаржы орталықтарының жұмысын Ернұр Америкада меңгере бастаған.
Ол «Үлкен тәжірибе жинап, елге оралдым. Бірнеше халықаралық инвестициялық қорда еңбек еткеніммен, елге қызмет ету арманыма ақыры бет бұрған едім. 2009 жылы мектеп оқушыларын физика пәнінен дайындай бастадым. Мексика, Тайланд елдерінде физика пәнінің білгір оқушыларымыз үздік ондыққа кірдік», — дейді.
Отты жастың сөзіне ырза болған Елбасы алдағы уақытта да ғылыми бастамаларға қолдау білдіретінін айтып өтті.
Мемлекет басшысы «Математика мен физика — болашақтың ғылымы. Әрине, мамандар даярлау керек. Бүкіл дүниежүзіндегі өсіп-өркендеп кеткен елдердің барлығы сол мамандықтарды меңгеріп, жаңалықтардың барлығын ашты. Сондай болса екен деп ойлаймын. Егер де сондай жас бір топ ғалымдар болса, соларға арнап арнайы зертхана салуға болады. Жұмыс жүргізіп, жағдайларын жасауға болады. Себебі, бізге қажеті сол. Сол үшін «Болашақ» бағдарламасы арқылы қыздар мен ұлдарды жіберіп отырмын ғой», — деп атап өтті.
Кездесу аяталар сәтте Елбасы «Қазақстанның 100 есіміне» енгендер осы жетістікпен шектелмеуі тиіс екенін атап өтті. «Сіздер — бірегей тұлғасыздар және өскелең ұрпаққа үлгі боласыздар. Сіздер байқаудың іріктеу турынан өттіңіздер. Дауыс беру интернет арқылы жүргізілді. Сіздер — бірегей тұлғасыздар. Тәуелсіздігіміз сіздерге таланттарыңызды шыңдап, болашаққа жол салуға мүмкіндік берді. Сіздер өскелең ұрпаққа үлгі боласыздар» деді мемлекет басшысы.
Кездесуде «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары рухани жаңғыру бағдарламасының іске асырылу барысы жөнінде ой бөлісіп, өздерінің жетістіктері туралы айтты.
Елбасы жобаның бірнеше қатысушысының жеткен жетістігімен танысып, қазақстандықтардың тұлғалық тұрғыдан дамуының маңыздылығын атап өтті.
Қазақстан Президенті «Сөз сөйлегендердің барлығы туралы фильм түсіріп, кітап жазуға болады. Адамдар одан шабыт алады. Шын жүректен құттықтаймын. Жастарымыз мақсатқа қарай талпынуға тиіс», — деді.
Мемлекет басшысы халықтардың дамып, жаһандық үрдістерге бейімделуінің әлемдік тәжірибелері жөнінде ой бөлісті.
Елбасы кездесу аяқталған соң «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына қатысушыларға арналған арнайы фотокөрмені аралап көрді.
Еске сала кетсек, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына дауыс беру 100esim.el.kz сайтында 18 қазан — 10 қараша күні аралығында өткен болатын. Онлайн-дауыс беруге 302 кандидат ұсынылып, үміткерлер қызмет саласы бойынша 6 санатқа бөлінді. Яғни, ғылым саласында — 45, спортта — 42, қоғамда — 86, медицинада — 46, мәдениетте — 37 және бизнес саласында 46 адам «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына үміткер ретінде тіркелген болатын. Дауыс беруге ұсынылған кандидаттар елдің барлық өңірлерін қамтыды.
Айта кетерлігі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасын іске асыру нәтижесінде Қазақстанның дамуына қомақты үлес қосқан адамдардың нақты тарихы мысалында табыстылық идеяларын, меритократия мен бәсекелестік принциптерін, білім және прагматизм культын насихаттау және дамыту арқылы қоғам санасын рухани жаңғырту көзделеді.

Толқын Ерланқызы

10 тамыз, 21:15
Түркістан: Абайдың сөзі – рухани құндылықтың алтын қазынасы
09 тамыз, 15:04
Бахадыр Мәдәліұлы: Мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету – мәслихат пен партияның ортақ міндеті
06 тамыз, 20:36
Алматыда көше және сәулеттік жарықтандырудың бірыңғай жүйесі жасалады
05 тамыз, 12:34
Бала жанын түсіну – рухани жауапкершілік
31 шiлде, 15:56
Тайланд-Камбоджа: Шиеленіс қалай шешілді?
31 шiлде, 15:21
2,7 млн жайылым жер мемлекетке қайтарылды: жұмыс жалғасады
31 шiлде, 15:00
Айгүл Жамалбекова: Мүмкіндігі шектеулі жандарға ешқандай шектеу жоқ
31 шiлде, 14:48
Қолжетімді баспана – мемлекеттік тұрғын үй саясатының басым бағыты
31 шiлде, 12:19
Жетісайда мүмкіндігі шектеулі жандардың өтініші басты назарда