Жыл соңына дейін Тараз қаласы «Қарасу» шағын ауданында 80 пәтер пайдалануға беріледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова айтты.
Гүлдана Әлімжанқызының айтуынша, «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасының мақсаты халық үшін тұрғын үйдің қолжетiмдiлiгiн арттыру болып табылады.
«Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы шеңберінде 2017 жылы 18 жобаны іске асыруға 7,4 млрд теңге қарастырылды (оның ішінде, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорынан — 3,1 млрд теңге, республикалық бюджеттен — 4,3 млрд тенге).
2017 жылдың 27 қарашасына 6,4 млрд теңге немесе есепті кезеңнің жоспарына 85,9% игерілді (республикалық бюджеттен — 3,4 млрд теңге (78,8%), Ұлттық қордан – 3,0 млн теңге (95,7%)). Жобаларды іске асыру барысында барлығы 1247 уақытша жұмыс орындары құрылды.
Бағдарламаның «Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін жалға берілетін тұрғын үй қорын құру» бағыты бойынша Тараз қаласындағы «Арай» массивінде, «Карасу» шағын мөлтек ауданында және Жамбыл ауданы Аса ауылындағы «Байтерек» тұрғын үй массивінде 4 көппәтерлі тұрғын үй құрылысын бастауға Ұлттық қордан 1,6 млрд теңге бөлініп, 2017 жылдың 27 қарашасына 1,5 млрд теңге немесе есепті кезеңнің жоспарына 93,5% игерілді. Жобаларды іске асыру барысында 470 уақытша жұмыс орындары құрылды.
Бүгінгі күнге «Тараз қаласы «Арай» тұрғын алқабының 14 га жер теліміндегі тұрғын жай кешенінде көппәтерлі тұрғын үй құрылысын салу. №2 жер телімі, 2-ші белгі» және «Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Аса ауылы «Бәйтерек» тұрғын алқабына көп қабатты тұрғын үй құрылысын салу» жобалары іске асырылып, барлығы 98 пәтер пайдалануға берілді.
Сондай ақ жыл соңына дейін «Тараз қаласы «Қарасу» шағын ауданындағы №17 тұрғын үйдің маңында көп пәтерлі тұрғын үй құрылысы» жобасы аяқталып, 80 пәтер пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Сонымен қатар, 2018 жылдың бірінші жарты жылдығында «Тараз қаласы 14 га «Арай» алқабы тұрғын үй кешеніне көп пәтерлі тұрғын үй құрылысын салу. №2 жер телімі, 1-ші белгі» жобасы аяқталып, тұрғын үй қоры 80 пәтерге ұлғаяды.