Нұрбол Қайырбекұлы: Волонтерлік хоббиге айналса, үлкен өзгерістердің болары анық

19 тамыз 2023, 16:59

Еліміздің әрбір өңірінде белсенді жастардан құрылған волонтерлік ұйымдар жұмыс істейді. Олардың көбісі еріктіліктің нақты бағыты бойынша жұмыс жүргізіп, қайырымдылық жасауда да аянып қалмайды. Қарап отырсақ, Волонтер жылы құрылған ұйымдар бүгінде үлкен күшке айналды. Олар өздерінің игі бастамаларымен қоғамның бір бөлшегі бола білді. Әсіресе, Түркістан өңіріндегі ерікті жастар өте белсенді, облыстың әр ауданында «Жастар ресурстық орталығы» жанынан құрылған, сонымен қатар өз еріктерімен құрылған волонтер ұйымдары бар. Біз Арыс қаласында волонтерлікті дамытып, жүйелі жұмыс істеп отырған «Арыс жастары» жастар ұйымының жетекшісі Нұрбол Рахыметовпен арнайы сұхбаттасып, өңірдегі белсенді жастардың тыныс-тіршілігі жайында әңгімелестік.

— Нұрбол Қайырбекұлы, «Арыс жастары» жастар ұйымы қашан құрылды? Жалпы өңірдегі волонтерлік жайында айтып өтсеңіз. Арыс жастарының ерікті болуға белсенділігі қандай?
— «Арыс жастары» волонтерлік ұйымы, барлық өңірдегі ұйымдар секілді, 2020 жылы Волонтерлер жылы аясында құрылды. Бұл бізде белгілі бір мақсат болды деуге келмес. Себебі алғашқыда 2020 жылы Волонтерлер жылы болып жарияланған уақытта, алдымен бізде қызығушылық болды. Мен волонтерлікке қызығушылық танытқан жастарды жинап, оларды ерікті болуға тарттым. Бастапқыда біздің мақсат кішігірім көмек қолын созу болды. Риза болған жандардың мақтауын естіген сайын біздің жастарымыз қызыға түсіп, әрмен қарай да үлкен істерді қолдан келгенше атқарып жүрді. Бастапқыда жай ғана еріктілік түрінде құрылған топ, 2021 жылы «Арыс жастары» жастар ұйымы болып қайта құрылды. Ол кезде қатарымызда 12 адам бар болатын. Оларға деген алғысым шексіз. Мен оларды қолымнан келгенше қамқорлыққа, мейірімділікке баулыдым.

— Жастар ұйымы болып құрылғаннан кейін жастарға артылатын жүк те ауыр. Осы ретте қандай маңызды іс-шараның өтуіне ұйтқы болдыңыздар?
— Әрине, ең алдымен біздің бағытымыз — Арыс қаласы бойынша еріктілік бағытты дамыту. Ерікті жастардан құрылған топтың негізгі жұмысы — қайырымдылық, үлкендерге көмектесу, Арыс қаласының көркеюі мен дамуына, тазалығына атсалысу. Сондықтан біздің топтың алдында нақты жоспар мен міндеттер болды. Ұйым өткізген бірнеше шаралар туралы айтып өтейін. «Мен еріктімін» акциясы аясында Дермене ауылдық округінің ерікті жастарының қатысуымен, ауыл аймақ күл-қоқыстан тазартылды.

Сонымен қатар, бұл іс-шара Монтайтас ауылдық округінде өз жалғасын тапты. Ауылдың ерікті жастарының қатысуымен, ауыл арасындағы парктерді қоршау және қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізілді. Ерікті ретінде қаламыз бен ауылдық округтерге тазалық жұмыстарын жүргізу — біздің басты жұмыстарымыздың бірі. «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары Арыс қалалық штабымен бірлесіп жаз бойы көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар бұл жоба бойынша студент жастарды еңбекпен қамтамасыз ету және жазғы демалыс уақытын тиімді пайдалану жүзеге асты. «Табиғатсыз адамзаттың күні жоқ, оны айтуға табиғаттың тілі жоқ» деп халық даналығында айтылғандай, табиғатты қорғау — біздің міндетіміз, болашақ ұрпаққа қалдырар байлығымыз. Сондықтан табиғаттың жанашыры болу әр адамның міндетті борышы екенін біліп жүрейік! Осы мақсатта табиғатты қорғауға, қаламыздағы көрікті жерлерді насихаттауға арналған бағдарламалар жиі ұйымдастырылады. Жазғы шомылу маусымы кезінде суға кету жағдайларының алдын алу мақсатында Арыс қаласы әкімдігі мен төтенше жағдайлар бөлімі мамандары, ерікті жастар бірлесіп, Арыс өзені мен Сырдария бойында орналасқан су айдындарында үгіт насихат түсіндірме жұмыстары жүргізді. Мақсат — шомылу маусымында қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау, балаларды бақылаусыз қалдырмау. Балалардың бақылаусыз қалуы салдарынан жазатайым оқиғалар орын алып жатқаны туралы мәліметтер келтіріліп, қауіпсіздік шараларының нұсқаулығы түсіндірілді. Арыс қаласы Ішкі саясат бөлімі, «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қызметкерлері, белсенді жастар мен еріктілер қала тұрғындары көп шоғырланатын орындарда 21 жастан 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған 2,5 пайыздық несие бойынша қала жастары мен тұрғындарына несиенің арнайы ережелерін таныстырып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Жастарға арналған ұйым болғандықтан, жастарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау, мемлекеттік бағдарламаларды жастарға түсіндіру жұмыстары да белсенді жүргізілуде. Сонымен қатар біздің ұйым елімізде аталып өтілетін мерекелік шараларға да белсенді қатысып, өз үлесін қосады. Қаламыздағы қарт ата-әжелер мен тқрмысы төмен отбасыларға қолымыздан келгенше көмек көрсетеміз. Қаламыздағы әлеуметтік осал топтар мен, тұрмысы төмен отбасыларға да көмек көрсетіледі.
— Еріктіліктің елімізде ақырындап дамып келе жатқанына куәміз. Әрі қарай да дамыту үшін не істеуіміз керек деп ойлайсыз?
-Еріктілер қоғам үшін атқаратын қызметтерін азаматтық борышы деп санайды. Өзгенің жағдайын жасау, көңілін табу, жәрдем ету — ақысыз, жан рахаты үшін атқарылады деп санайды. Жалпы елімізде волонтерлік қызметке қатысты халықтың арасында айқын түсінік қалыптаспаған. Волонтерлік термин ретінде көп адамға таныс болғанымен, оның мән-мағынасы, қоғамға пайдасы туралы толық түсінік жоқ. Менің ойымша,елімізде волонтерлік істі әлі дамыту қажет. Қалай дамыта аламыз? Мысалы, біріншіден, волонтерлік — әркімнің міндеті деп қабылдайық. Шынына келсек, әр азамат волонтер болуы керек. Көмекке мұқтаж адамдар өте көп. Мәселе материалдық көмекте емес. Жылы сөз айтып, қолдағаныңның өзі — волонтерлік. Бұл да үлкен сауап. «Бәрі жақсы болады» дегенді естігісі келетіндер қаншама. Жауапкершілік те әр адамның міндеті. Бұл тек волонтерлердің ісі деп қарайтын мәселе емес. Әр азамат қоғамның, өскелең ұрпақтың алдындағы жауапкершілікті сезінуі керек. Өз басым жердегі қоқысты көтергеннің өзінен елімізге кішкентай болсын, пайдасын тигізеді деген ойдамын. Сондықтан волонтерлер деп жауапкершілік пен міндетті шектемеген жөн. Бұл — барлығымыз бірге, жұмылып кірісетін жұмыс. Екіншіден, волонтерлік іс хоббиге айналса, осы салада үлкен өзгерістердің болары анық. Сарапшылар зейнетке шыққаннан кейін айналысатын шаруасы болмайтын адамдардың тез қартайып кетуі жиі кездесетінін айтады. Осы кезекте зейнет жасына жеткеннен кейін уақытын қалай өткізуді білмейтін азамат, азаматшалардың да әлеуетін осындай жолмен игі істерге жұмылдыруға болады. Мысалы, ағылшын тілінің мұғалімі ретінде зейнетке шыққан азаматтар бос уақытын жастарға өз тіл үйретіп, білімімен бөлісе алады. Сол сияқты, басқа да қоғамға пайдалы мамандық иелерінің әлеуетін мүмкіндігінше пайдалануымыз қажет.
— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Мақпал Ноғайбаева
Суреттерді «Арыс жастары» ұйымы ұсынды

07 тамыз, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
07 тамыз, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз