Нұрбақыт Теңізбаев: Төрт түлік көбейген сайын жайылымға сұраныс артады

Бүгін, 14:20
minber.kz

minber.kz

Соңғы жылдары елімізде ауыл адамдарының мал бағатын жер таппай қиналғаны туралы жиі айтыла бастады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге назар аударып, жайылым жерлер ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы керектігін әлденеше рет ескертті. Қазір, әйтеуір, жайылым жердің тапшылығынан туындаған түйткіл біртінден өз шешімін тауып келеді.

Алматы облысының түкпірдегі аудандарының бірі саналатын Кеген өңірі тұрғындарының негізгі табыс көзі – төрт түлік мал. Ірі шаруа қожалық иелері, тегеурінді техникасы бар фермерлер егістік жерлерді де игілікке жаратып отыр. Дегенмен де өрісі тарылған ауыл тұрғындарының да айтар базынасы бар. Себебі кезінде жайылымдық, егістік жерлерді ұзақ жылға жеке меншікке пайдалануға алған кей азаматтар игермей келді. Біртіндеп бұл мәселе де өз шешімін тауып келеді. 2022 жылы Amanat партиясы жанынан «Жер аманаты» комиссиясы құрылып, игерілмей жатқан жерлерді мемлекеттік жер қорына қайтаруға орасан зор септігін тигізді. Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаевпен сұхбаттасып, аграрлы өлкеде бұл мәселенің түйіні қалай шешіліп жатқанын сұрадық.

– Нұрбақыт Молдахметұлы, алғашқы сауалымызды «Жер аманаты» комиссиясының қорытындысына қатысты қойсақ. Екі жыл бұрын осы комиссияның мүшелері ауданды аралап, жергілікті тұрғындармен кездесті. Халықтың талап-шағымын тыңдады, ұсынысын жазып алды. Сол кездесудің бірінде Кеген ауданында игерусіз қалған жеті мың гектарға жуық ауылшаруашылық жер мемлекет меншігіне қайтарылғаны айтылды.

– Дұрыс айтасыз, біздің ауданымыз қалааралық маңызға ие ірі күре жолдың бойында орналаспаған, яғни шалғайда жатыр. Негізгі тіршілік көзі — мал шаруашылығы. Ал төрт түліктің саны көбейген сайын жайылымға сұраныс артатыны анық.
Сұрағыңызға жауапты мынадан бастайын: ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жерлер қаншалықты тиімді игеріліп келеді дегенге тоқталсақ, ауданның меншігінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы 262 011 гектар жер учаскелері бар. Оның ішінде 206 140 гектар — жайылымдық, 35 452 гектар егістік, 20 419 гектар – шабындық жер. Нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбайтын жер учаскелерін анықтайтын және қайта айналымға қосу бойынша ұсыныстар дайындайтын аудан әкімінің өкімімен құрылған комиссия тұрақты түрде жұмыс істейді. Бұл комиссияның да шаруасы оң нәтижесін беріп отыр. Республикалық «Жер аманаты» комиссиясының ауданда жеті мың гектарға жуық жердің мемлекеттік жер қорына қайтарылуына зор септігі тиді. Орасан жұмыстар атқарылды.

– Кезінде жеке адамдарға пайдалануға берілген, бірақ игерусіз қалған қанша гектар жер әкімдік меншігіне өтті?

– 2024 жылы аудан бойынша 46 жер пайдаланушының 35 845 гектар жер учаскелерін нысаналы мақсатында пайдаланбай жатқандығы анықталды. Сондықтан 32 жер пайдаланушының 23 197 гектар жер учаскелері мемлекеттік жер қоры есебіне қайтарылды. Оның ішінде жайылымдық жердің көлемі — 20 787 га, егістік — 2024, шабындық — 386 гектар. Биыл аудан бойынша 53 жер пайдаланушының 18 113 гектар жер учаскелерін нысаналы мақсатында пайдаланбай жатқандығы анықталды. 5 жер пайдаланушының 1843 гектар жер учаскелері мемлекеттік жер қоры есебіне қайтарылды. 2210 гектар бойынша сотқа жолданып, іс материалдары қаралуда. Қалған жер учаскелерін қайтару бойынша жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді. Мұның барлығы да аграрлық саланы нығайтуды күшейту мақсатында қолға алынып отыр.

– Латифундистердің кезінде иемденіп, меншіктеп алған, бірақ өздері де, өзгелер де игілігін көрмейтін жайылымдық, шабындық, егістік жерлер бар ма? Бар болса, мемлекетке қайтарылды ма? Өйткені Алматы облысының бірқатар аудандарында жекелеген азаматтар бірнеше мың гектар жерді меншігіне алып, жергілікті халықтың өрісі тарылғаны Мәжіліс мінберінде де көтерілген еді.

– Аудан көлемінде латифундистерге жер учаскелері берілмеген. Дей тұрғанмен де, жаңа да сөз басында айттым, тек бес адамның меншігіне тиесілі 1843 гектар жер мемлекеттік жер қорына қайта өтті. Жалпы меншігіне алған жерді нысаналы мақсатта пайдаланбаған азаматтардың келісімшарттарын бір жақты бұзу арқылы игерусіз қалған жерлерді қайтару қарқынды жүргізіліп отыр. Себебі мал басын көбейтсем деген ынталы жандар жерден таршылық көрмеуі керек. Егістікпен шұғылданамын деген агрономдарға да жол ашуымыз қажет.

– Жыл сайын көктемге салым ел тұрғындары егістік жер игеру үшін сабылады. Жергілікті халықтың бұл мәселесі қалай шешіледі?

– 2024 жылы 300 гектар егістік конкурс негізінде 29 азаматқа берілді. Биылғы жылға сәуір айында 37 участок 282 гектар егістік жер учаскелері ақпарат құралдары арқылы конкурсқа шығарылатын болады.

– Негізгі тіршілік көзі ауыл шаруашылығы саналатын аудан жайылымдық, шабыстық, егістік жер қоры жеткілікті ме?

– Аудан көлемінде шабындық, егістік жер учаскелерінен тапшылық жоқ. Мемлекет меншігіне қайтарылған егістік, шабындық жерлер халықтың пайдалануына беріледі.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Қуаныш Көшек

Бүгін, 14:20
Нұрбақыт Теңізбаев: Төрт түлік көбейген сайын жайылымға сұраныс артады
Бүгін, 13:43
Қорғаныс өнеркәсібі кешеніне кең өріс
17 наурыз, 13:18
Алматы инфрақұрылымын жаңғырту: жоспар – айқын, жұмыс - қарқынды
14 наурыз, 18:47
Транскаспий дәлізі: Орнықты да оңтайлы
14 наурыз, 18:31
Файзулла Мұстафинұлы: Мақта кластері сыртқы нарыққа тәуелділікті азайтады
14 наурыз, 14:01
Қыздан туған бала жиен бе әлде немере ме?
05 наурыз, 12:03
Дәулет Дидахметұлы: Әкемнің шығармалары – уақытпен өлшенбейтін құндылық
01 наурыз, 10:08
Президент: Асыл дініміз де, ата дәстүріміз де жұртты жақсылық пен жасампаздыққа үндейді
24 ақпан, 11:57
Жалған психологтар мен коучтардан қалай арыламыз?