Әнуар Нұрпейісов: «Бүгінгінің қыздары ақылды әрі шебер болуға тырыспайды»

08 қантар 2017, 19:21

«Казақстан аруы» байқауынан басталған шу әлі де басылған жоқ. Ол қыздарды жасандылықтан арылуға шақырған болатын. Ал өзінің сүйіктісі кім және қандай болуы керек деген сұрақ барлығын мазалады. Осы орайда біз бүгін актер, музыкант Әнуар Нұрпейісовпен арнайы сұқбаттастық.

-Сәлем Әнуар, қалыңыз қалай? Әңгімемізді сол шудан бастасақ… Конкурстан кейін де өзіңіздің қарсылықтарыңызды әлеуметтік желілерге жолдап жатырсыз. Осылай ашынып кетуіңізге не себеп болды?

-Біріншіден, өткен жылғы конкурстың нәтижесі. Өкінішке орай, біздің халқымыздың талғамы, яғни, қалауы – әдемі, көрікті, алайда бірде-бір кітап оқымаған қызғ түсті. Әрине, мен үшін бұл дөрекі оқиға болды. Сондықтан мен осы жылы да кітап туралы сұрақ қойдым. Бірақ кішкене күрделендіріп қойған болдым. (Күрсініп) Осы конкурсқа қарап біз бір тұжырымға келе аламыз. Демек бүгінгі күннің қыздары ақылды болуға, не шебер болуға тырыспайды. Әдемі болу керек деген трендті ғана ұстанып жүр. Яғни, бүкіл жинаған қаражатын, отбасының немесе оның болашақ күйеуінің ақшасын тек өзінің әдемілігіне жұмсап, тек қана соған инвестиция салып жатыр. Ал сол қаражаттың кем дегенде жартысын оқуына, тіл үйренуге, болмағанда шетелге баруына жұмсаса, пайдасы болады ғой. Негізі менің өмірлік ұстанымым әрқашан шыншыл, шынайы болу.

Өзің қандайсың, сондай болуың керек. Сондықтан қыздардың еріндерін, кірпіктерін жалған жасап алғанын мен көзбояушылық деп санаймын. Олар өздерінің «өтірік бейнесімен» қоғамда өмір сүріп жүр. Ондай жандардан қандай шындық күтуге болады. Өйткені қандай мықты дәрігер жасаса да, бәрі көрініп тұрады ғой. Қазір қатты білінбеуі мүмкін, бірақ уақыт өте көрінеді. Ол жерде айтқан сөзім тек конкурсқа қатысқан қыздарға ғана айтылған жоқ.

Адамның әдемі немесе басқаша болуы оның кінәсі емес қой. Ол табиғаттың бергені. Ал ақылды болу, еңбекқор болу, жетістікке жету адамның жасаған еңбегінің жетістігі. Сондықтан менің ызам келетіні неге қыздар осындай конкурсқа барғанда өзінің ілімін, білімін дамытпайды?

1

Басында әділ қазы болудан бас тартқан екенсіз… Неліктен?

-Әділ қазылықтан бас тартуыма да өткен жылғы конкурс себеп болған. Сол кезде бәрі қалай болатынын өз көзіммен көргесін, биыл қатыспаймын дедім. Себебі біз қойған сұрағымызға қандай сауатсыз жауап алсақ та, ол «Мисс» бола алады. Онда бұл сайыстың мәні неде? Біздің сұрақтарымыздың мәні неде? Менің сондықтан келісім бергім келмеген еді. Бірақ бір кісілер арқылы өтініш айтты. Әрине, қысым болған жоқ, бірақ ол кісіні қатты сыйлағандықтан бас тарта алмадым. Сосын жақсы мен барамын, бірақ қыздар тағы да бұрынғыдай түсініксіз жауап берсе, онда мен келесі жылы шақырмайтындай етемін дедім…

Сізге таныс арқылы шығып әділ қазы болуыңызды өтініпті, неліктен міндетті  түрде сізді қалады деп ойлайсыз?

-Оны енді білмеймін…. шыны керек білмеймін. Мүмкін әкімшіліктен адам керек болған болар… Негізі мен әкімшілікте жұмыс істемеймін, соның қасындағы бір ұйымда жұмыс істеймін. Мүмкін сондықтан қала әкімшілігінен біреу болу керек деген шығар.

Екі жыл сол байқаудың ішінде жүрдіңіз ғой. Сондай конкурстар халықтың түсінігінде «сатылады», немесе «крышасы» мықты болуы керек деп жатады.

-Ол жайында мен сізге ештеңе айта алмаймын. Өйткені маған ешкім ақша берген жоқ, ешкім ұсынған жоқ. Сондықтан білмеймін.

sam_4100
Байқауда ешбір қыз көңіліңізден шықпады ма?

-Менің көңілімнен шығатындай, шын талантты бағалайтындай мүмкіндігім болған жоқ қой. Мысалы өнер көрсету турында бәрі фонограммамен ән айтып шықты. Оны қалай бағалайсыз? Қалай? Ол жерде қыздарды салыстыруға менің физикалық түрде мүмкіндігім болмады. Жәй қарап отырдық. Бәрі жалған нәрсе.

Кешегі сіздің шуыңыздан кейін пиар керек болған шығар деген де пікірлер болды. Оған не айтасыз?

-Мен негізі пиарды өз кезінде жеткілікті жинағанмын. Бұл осы мәселеге көңіл аударту болатын. Бұл біздің қоғамда бар олқылық. Адамдардың барлығы оқымысты болмайды, ол түсінікті. Алайда бір талпынатын, тырысатын ынтасы болса…. Өкінішке орай қазір ешкім ізденбейді.

Сол оқиғадан кейін түрлі пікірлер болды ғой. Көпшілігі осындай сұлулық байқауы керек емес дейді, мысалы журналист Асхат Садырбай «қос қолдап қарсымын» деді. Сіздің көзқарасыңыз қандай?

-Мен де сол көзқарасты қолдаймын! Жарайды, өздері өткізе берсін… Бірақ неге оларды біздің әкімшіліктер қолдайды? Мен мұны салық төлеуші ретінде сұрай аламын. Оған толық құқым бар. Неге біздің қаражатымыз осындай дөрекі, түкке тұрмайтын сайыстарды қолдауға кетуі керек? Жарайды өздерінің қаржыларына өткізе берсін. Бірақ біз сол арқылы кешкілік прайм-тайм уақытта, республикалық арнадан әкімшілік қолдауымен сауатсыздықты дәріптеп жатырмыз ғой. Оған мен қарсымын! Сіз қараңызшы, мен физикадан формуланы сұраған жоқпын, Никарагуаның астанасын сұраған жоқпын. Бұл енді қарапайым сұрақтар ғой. Сенің ең сүйікті кітабың қандай? Мейлі, осы жолы үш кітабын сұрадым. Енді адам оқыса солай айта ма? Сіз көрдіңіз ғой «Абай», «Абаай» деп тұр… Сонда «Абай жолын» айта алмай тұр.

-Жарайды, ендеше сіздің жарыңыз қандай үш кітапты оқуы керек?

-Негізі менің ішкі дүниемді түсінуі үшін үш кітапты оқу жеткілікті. Ол біріншіден, Грегори Дэвид Робертстің «Шантарам» шығармасы, сосын Малкольм Гладуэллдің «Гений и аутсайдеры», соңғысы «Чайка по имени Джонатан Ливингстон» деген Ричард Бахтың еңбегі. Егер осы үш кітапты оқып алсаңыз, менің осы мақалада айтылған сөздерімнің кем дегенде жартысын түсіне аласыз.

Ал қазақ әдебиетінен кімдерді ұсынасыз?

-Шыны керек, қазақ әдебиетін аса көп оқыған жоқпын. Өйткені менің өскен ортам орыс тілді болды. Бірақ Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы, және Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» кітабын оқыдым. Әрине, мұны оқымаған қазақ жоқ шығар. Соңғысы Сәбит Мұқановтың Шоқан туралы «Аққан жұлдыз» романы.

-Қазақ әдебиетін көп оқымауыңызға орыс тілді болуыңыз себеп. Бірақ қазақ әдебиеттері орыс тіліне де аударылды. Неге сол жағынан өзіңізді дамытып көрмеске?

-Әрине, өте орынды сұрақ. Неге екенін білмеймін, менің кішкентай кезімде Қарағанды қаласында әлем классиктерінің жарнамасы күшті болды. Бұл кино сияқты ғой. Мысалы, көбіне голливудтық фильмдерді көреміз ғой. Бірақ осы жолы өзімнен бастауым керек. Қазақ тілінде жазылған қазақ класииктерін оқуға тырысамын.

Қыздардың несіне көңіліз толмайды?

Меніңше, біздің қыздарымыз денсаулыққа аса көңіл бөлмейді. Мысалы, әдемі көріну үшін, жылы киінбейді. Аязды күні көріп, «мына бейшара қыз қалай бір колготкимен жүр?» деп аяйсың. Екіншіден кальян, темекі, алкогольді ішімдіктерді қолданады. Бұрын қазақтың қызына жат нәрселер, бүгінде бізге үйреншікті болып кетті.

9f8f8bc26180ed579d43fd425201cf48_xl

-Қыздарға талап қоятын ұлдардың да қабілеті болуы керек қой.

-Әрине, менің сөзім тек қыздарға ғана емес. Ол жігіттерге де қатысты, жалпы менің насихаттайтын нәрсем жастарға арналған. Егер осы трендті қыздар бастаса, жігіттер осыны ұстауға мәжбүр болады. Өйткені қыздар талап қояды ғой. Мәселен, қыз қарым-қатынасты бастамай тұрып жігіттен «Сен мына-мына кітаптарды оқыдың ба?» деп сұраса.  Оқымадың ба, алдымен оқып ал сосын сен мені түсінесің дегендей талап қойса. Ал жігіттер өздері қыздарға көңіл білдіретін болғасын, мұндай талап қоя алмайды ғой. Қыздардан талап болса, жігіттер кітап оқиды.

Сізге солай талап қойған қыздар бар ма?

-Талапты айтқызбай қойды. Мысалы, қыздармен танысқан кезде айтқан сөздерімде қателіктер жіберем, кейбір сұрақтарға ілімім жетпеді. Ал ол кітап оқумен тікелей байланысты. Менің араласатын қазақ тілді дос қызым болды. Біз екеуміз тек қазақша сөйлесетінбіз. Сол үшін мен өзіме шарт қойдым. Қазақ тілін еркін білуім үшін мен сол тілде сөйлеуім және оқуым керек. Мен сол сәттерде күн сайын таңертең тұрып, қазақша кітаптан 10 бет дауыстап оқыдым.

-Бірде анамның қасында көп болмағандықтан, қыздарды түсінбейтін шығармын депсіз… Әлі де солай қиналасыз ба?

-Жоооқ. Қазір түсінігім мол….

-Неге онда әлі бойдақ жүрсіз?

-Өйткені…. Мен мұны айта алмаймын. Күтудемін….

-Демек әлі кездестірген жоқсыз.

-Кім біледі….

-Тікелей жарыңызға қандай талаптарыңыз бар?

-Мені сүйсе болды.

-Сізді сүйетін қыздар көп қой…

-Шынайы сүйетін және ақылды қыз. Басына ақыл қонған қыз жұбайына, отбасына әрқашан стимул береді. Дамуына, өсуіне, оқуына…

-Шығармашылық жолыңызға ауысақ. Оскар алуды армандайсыз. Бірақ соңғы кезде фильмдерден көп көрінбей кеттіңіз…

Мен қазір бизнеспен айналысып жатырмын. Өкінішке қарай, актер болып қаражат таба алмайсың. Мен үшін танымал болып, отбасына көмек көрсете алмау абсурт сияқты. Сондықтан мен біраз уақытқа кинодан алыстадым. Қазір бір жақсы ұсыныс бар. Сенарийін жазып, басты рөлде ойнаймын. Шығармашылықта саны емес, сапасы маңызды.

-Уақыт тауып, шынайы сыр бөліскеніңізге рақмет!

 

ikerim.kz

Бүгін, 19:00
Ұлы мұрат - тәуелсіздік
16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде