Nomad Press кімнің баспасөзін таратады?

26 сәуiр 2016, 14:45

Курстасым Қайратты теміржол вокзалынан қарсы алдым. ҚазҰУ-дің журналистика факультетінде бірге оқығанбыз. Көптен жүз көріспегендіктен сағынысып қалған екенбіз құшағымыз жуыр маңда ажырай қоймады. Әуелі отбасының, содан соң бірге оқыған жігіттер мен қыздардың амандық-саулығы. Қайсының қай қиырда, қай басылымда еңбек етіп жүргендігі.

–Кеттік үйге, заттарыңды ал,–дедім Қайратқа,–далада көлік күтіп тұр.

–Жаңа газеттер болса ала кетеййікші,–деді Қайрат,– әлденеше күн жол үстінде жүріп газет оқуға да мұрша болмай жатыр.

Теміржол вокзалының ішінде күнделікті бұқаралық ақпарт құралдарын сататын екі-үш дүңгіршек бар. Көңілі қалап тұрған соң алып бардым. Бекер апарған екенмін. Қайрат іздеген «Егемен Қазақстан», «Жас қазақ», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» газеттері кезікпеді. Есесіне орыс тіліндегі, оның ішінде Ресейде шығатын газет-журналдар толып тұр. Неше түрлі басылым. Қажеттісі де, қажетсізі де. Сыртына үріп ауызға салғандай әп-әдемі қыздардың бейнесі. Бейнесі ғана емес, тұтас денесі. Жалаңаш күйінде, әйтпесе, жартылай жалаңаш. Сапасы жақсы, жылтыр мұқабаның арғы жағынан қиылып қарайтын тәрізді. Өзің де қарайсың. Жалаңаш тәннің мұншалықты тартымды болатыны несі екен.

–Бізде қазақ тіліндегі газет-журналдар сатылмайды,–деді сатушы келіншек,–өйткені, алатын адам жоқ. Қазақтың келіншегі болса да сыдыртып орыс тілінде айтты.

–Мен саған баяғыда айтушы едім ғой. Осыдан жиырма бес жыл бұрын,–дейді Қайрат әжуалап,–Көкшетауың қазақ тілінде сөйлемек түгіл оқымайды да екен ғой. Ол кезде кеңес өкіметі болатын. Өкіметтің саясаты деп құтылушы едің. Тәуелсіздік алғалы да тілің шығып кеткені шамалы екен ғой. Міне, қарашы сатушыңа дейін орысша сөйлейді. Жаңа вагонның ішінде де Көкшетаудың қазақтары орысша сөйлеп келді. Қалай ел боласыңдар, әй?

2

Қонағымды ертіп вокзалдан шықтым. Қалай болғанда да есемді қайтаруым керек. Осы Қайратқа іздеген газетін тауып бермесем, атым өшсін дедім де де, Әуелбеков көшесіндегі өзіміздің жұмыс кеңсеміздің қасындағы газет-журнал сататын маңдайына «Nomad Press» деген жазу жазылған дүңгіршекке алып келдім. Әншейінде аңғара бермейді екенбіз ғой, бұл дүңгіршекте де тура вокзалдағы жағдай қайталанды. Одан өзге бірнешеуінде де. Түгелге жуық сүзіп шықтық. Республиканы былай қойғанда, жергілікті басылымдардың өзі жоқ.

–Облыстық газет пен жергілікті тәуелсіз «Бұқпа!» газеті бес данадан ғана түседі. Оның өзі лезде бітіп қалады,–ал, Алматыдан газет жеткізіп сату менің шаруам емес,–деді сатушы.

Қайрат газет оқып қарық болмаса да, мені мазақтап, бір жетісіп қалды.

–Айттым ғой,–деді ескі жараның аузын тырнап,–сенің Көкшетауыңда қазақ тілінің кірпігі ғана қимылдап тұр. Осы жұрт өз елінің газетін оқымай Ресейдікіне неге құмар екен, ә? Бала-шағаларыңды, үрім-бұтақтарыңды Ресейдің идеологиясымен тәрбиелеп жатырсыңдар ғой. Мына Nomad Press ұйымы кімнің баспасөзін таратып тұр сонда.

Айтар жауап таба алмадым. Жауабы да жоқ еді. Құрдастың әжуасы ештеңе емес, астарында одан зоры жатыр ғой.

Байқал БАЙӘДІЛОВ

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?