Ninety One: қарсылық пен қолпаш қатар келгенде…

01 қантар 2017, 13:40

Өнер мен өренің арасында талас туып, бір жыл бойы қазақты екіге бөлген бір топ болса, ол – Ninety One.

Атышулы бойзбендтің алғашқы бейнебаяны шыққан сәтте-ақ жұрт жапа-тармағай сынады. Әндерінің сөзі мен орындау мәнерін айтпағанда, жігіттердің сырт келбетіне қарап баға беріп тастағандар да жетерлік. 2016 жылдың ең шулы оқиғаларының ішінде аталған топ концертінің өткізілуіне тұрғындардың қарсылығы да бар. Бір анығы: мұндай топ қазақта бұрын-соңды болмаған. Бұл, сірә жаңашылдық па, әлде кері кету ме? Біздің мақсат бірді айыптап, екіншіні қолпаштау емес. Өмір бұларға жеңілі мен ауырын, шуағы мен дауылын қатар тосқанға ұқсайды. Ендеше, Ninety One жайлы кім не дейді? Таразы басын тең ұстай отырып, көпшіліктің сөзі мен назын назарларыңызға ұсынамыз.

Бірақ киім үлгілерінің төңірегіндегі дау әлі тарқамай келеді. Болашақ ұрпақ үшін алаң болған да дұрыс. «Болмасаң да, ұқсап бақ» дегенге салып ертеңгі күні «сырғалы серілер» саны артып кетсе, кімді кінәламақпыз? Бұл да ойланатын мәселе. Белгілі айтыскер ақын Ринат Зайытовтың Ninety One жайлы пікірі де көпшіліктің қызу талқысына түсті. Ол «Қазақи болмысымызды жоғалтып бара жатырмыз, қазір бүкіл дүниежүзінде осындай аздаған ұлттарды жойып жіберу қаупі тұр. Балалардың музыкалық бағытына ешқандай дауым жоқ, бұлардың мәселесі – сыртқы болмысында. Сендер теледидар арқылы біздің бала-шағамызды тәрбиелеп отырсыңдар. Сендер қандай боласыңдар, ертең біздің бала-шағамыз да сондай болады. Әлемді, айды, тіпті Марсты мойындатсаңдар да, қазақы болмыспен мойындатуларыңды талап етемін» деген болатын.
Сахнаға алғаш шыққанда тұрпайы түрмен танылған топ бүгінде біршама өзгерген. Ән жазу студиясынан бөлек, жаттығу залына да барып жүрген көрінеді. Киім кию үлгілері де ретке келе бастағандай. Демек, басындағы былықтары мен қылықтары бір сәтте жарқ етіп шығу үшін ойластырылған қадам болғанға ұқсайды.

Ерлан ТӨЛЕУТАЙ,  дәстүрлі әнші:
– Бұлар қазіргі қоғамымыз­дың «сим­волы» дер. Ол – азған-тозған, дімкәс қоғамымыздың мәдениеттегі «жарқын» көрінісі, бұл өнерпаздардың шалажансар әндері, алабажақ «қызтеке» киімдері, түрлі-түсті шаштары – қазіргі қазақ қоғамының құлдырау шегінің көрсеткіші. Шұбарланған тіліміз, жалаңаштанған жанымыз, дүдәмалдау діліміз бен дініміз, бәрі – Ninety One-ның түсініксіз әндерінен көрініс тапқан. Ұлт мәдениеті 25 жыл бойы үздіксіз, шетел мәдениетінің экспансиясына ұшырады. Төлтума өнеріміз 25 жыл бойы шетелдік тобырлық мәдениетпен ашына болды. Біз ұлттық мәдениетімізді тобырлық мәдениеттің астына өз қолымызбен салып бердік. Енді міне, төл өнеріміз «рухани түсік» тастап отыр. Былай атамасқа амал жоқ. Өйткені бұл «рухани түсіктер» «мал» болмайды. Кемелденіп өсе алмайды. Уақыты келгенде өліп тынады. Әрине, мен бұл өнерпаздарды кінәлі қылудан аулақпын. Бұл жігіттер қараусыз қалған идеологиялық ваккумда өсіп жетілді. Бесікте жатқан күннен бастап, жатжұрттық мәдениеттің экспансиялық шабуылына ұшырады. Күні-түні дүрсілдеген тобырлық музыкадан рухани контузия алып ер жетті. Біз мұндай ауыр контузия алған ұрпақтың өнерінің улы жемісін әлі талай жейтін боламыз. Қазіргі жұрт екіге жарылған. Бірі – топты мақтайды, екіншісі даттайды. Мақтайтындар – бұл топты ұлттық шеңберді жарып шыққан батыр өнерпаздардай дәріптейді. Ертең батыс елдерінің сахнасын жаулайтын осылар болады деп сәуегейлік те айтып жатады. Бірақ ол жақта да мұндай топтардың көшеде шашылып жатқанын қаперіне алмайды. Ал даттайтындардың бұл топқа тағар бірінші айыбы – олар Ninety One жігіттерінің бойынан қызтекелік көреді. Балаларымызға жұғады деп қорқады. Олардың бұл қаупі негізсіз емес. Тақауда батыс елдерінің мектептерінде бір сауалнама жүр­гізілген екен. Сонда ер балалардың ішінде болашақта жынысын ауыстырып әйел болғысы келетіндердің саны күрт артқан. Бұл – әлемдік үкі­меттің халық са­нын азайту жо­лын­дағы күресі алғашқы нә­ти­жесін бер­ді де­ген сөз.

 

Өктем АЛТАЕВ, сазгер:

– Бүгінгі эстрада дәстүрлі қазақ және таза эстрада болып бөлінеді. Қазір Ninety One тобына қарсылық білдіріп жүргендердің дені – дәстүрлі қазақ эстрадасының әншілері. Қазақы болмысты құртатын қауіп көреді. Ал негізінде қой терісін жамылып жүрген қасқырлар эстрадамызда жетіп артылады. Олар өздерін жасыру үшін, басқалардан мін іздейді. Киім, стиль дегенді жөндеу қиын емес. Шетелде, әсіресе, Жапония, Қытайда бұл – тренд. Жігіттерді қолдайтын себебім, бұлар плагиат дегеннен алыс, әндерін өздері жазады. Отандық өнім жасап жүр деп айтуға болады. Бұлардың музыкасы өте сапалы, ырғақты. Сахнаға шығып алып, костюм мен галстук тағып өнер көрсету қызық емес. Нағыз жастардың әуеніне сай жастардың стилінде болғандары дұрыс. Мәселен, таза эстрада өкілдері тойға шықпайды. Әр детальға мән беріп, ұзақ ізденіс үстінде болады. Шыны керек, қазақ эстрадасы қазір «быламық» болып кетті. Концертке билет алып, демалғың келеді. Бірақ құлақ үйренген, тойдың әндерін естіп қайтасың. Әр әннің айтылатын жері бар. Көшеде, түрмеде, дастарқан басында айтылуы керек әндер болады. Соны өз ретімен, сәнімен қолданса, қандай жақсы?! Тегінде бізде көреалмаушылық басым. Музыка маманы ретінде әуендерін зерттеп көрдім. Керемет. Бұзылатын бала соларсыз-ақ бұзылады. Бір ғана Ninety One тобының кесірінен кері кетеді деп ойламаймын. Кезінде «А-студио» әндерін түсінбедік. Ақыры шетелге кетті. Бірақ бәрібір түбі қазақтан шыққан деп айтылады. Бұл жігіттер қайда жүрсе де, елінің атын шығарады деп сенемін. «Болайын деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген бар. Алдыңғы буын болып қолдау білдіргеніміз жөн.

 

Нұрбақыт ХАЛИ,  қала тұрғыны:
Ninety One-ға түбегейлі қарсылар­дың қатарынанмын. Себебі, өзінен кейінгілерге көрсететін үлгісі бізге жат. Мәселен, жақсы араласатын інім Ninety One фанаты. Солардың әр жаңа әнін, видеоларын асыға күтеді. Тіпті соларға ұқсауға тырысатынын қайтерсің!? Бір күні сол інім ты­рысқан шалбар киіп алыпты, шашы да бұрынғыдан ұзынырақ. Бұл сол топтың әсері демей көріңіз. Тағы бірде әлеуметтік желіге мектептегі қойылымда көзінің астын қарамен бояған суретін салғаны бар. Жеке басым топтың орындауындағы ешбір әнді тыңдап көрмедім. Кәсіби маман болмаған соң, әндеріне қатысты сын айтқаным да артық болады. Көпшілігі мақтағанымен, сырт келбеттері көз алдыма келсе, «қаным қайнап кетеді». Сол үшін жүйкемді сақтап, тынышына тыңдамаймын деп шештім.

Медеу АРЫНБАЕВ, әнші:
– Бұл топтың бірінші бағытын анықтап алайық. Олар классикалық әндердің орындаушылары емес, заманауи стильде айтатын, ырғақты әннің орындаушылары. Бірақ топтағы қай жігітке болмасын, қазақтың әнін айтқызсаңыз, олар әдемі, қоңыр үнмен орындап бере алады. Оған сенімдімін. Себебі, олар топқа алынбас бұрын үлкен іріктеуден өтті. Тіпті топ мүшесі Батырхан Мәліков «Қазақстан дауысы» жобасына қатысып, жақсы өнер көрсеткені есімде. Былайша айтқанда, шәкіртім деп айтсам да болады. Мысалы, олардың қазір орындап жүргендерін мен айта алмас едім. Ол да – шеберлік. 15-20 жас аралығындағы аудитория осы жанрдағы әндерге өте әуес. Демек, тыңдарманның сұранысын қанағаттандырып отыр. Яғни, жігіттердің музыкалық талғамы мен талабына мен ешқандай шек келтіре алмаймын. Жұртқа ұнамайтын тұсы сол – киім-киістері. Бірақ тіпті киімдеріне де көз жұмып қараймын. Шаш бояғандары да бүгін ғана орын алған мәселе емес. Сонау 90-жылдары жігіттердің бояғаны есімде. Тек құлақтарындағы сырға деген бәлені тастаса екен. Бұл жөнінде продюсерлеріне де, топтағы балаларға да айтқанмын. Енді жүре түзеледі деп ойлаймын.

Амангелді МҰХАМЕДЖАН, топ тыңдаушысы:
– Топтың ерекшеліктері жетерлік. Сапалы әндерінен бөлек, жеке өмірлерінен сыр шертетін Space атты бейне-күнделік жүргізеді. Яғни, осындай жолмен әнші мен тыңдарманның арасында көпір салынады. Желіде жарияланған барлық видеоларын көріп шықтым десем, өтірік болмайды. Жігіттер жайлы көбірек білген сайын, олардың қаншалықты қарапайым, тәрбиелі әрі сыпайы екендіктерін ұға бастайсың. Топтың қатысуымен өткен 3 концертте болдым. Мерекелік шараға байланысты өткізілген концерттердің бірінде сағат кешкі 17:00-де басталатынын біле тұра, «иглздар» екі сағат бұрын ерте барып алдық. Сондағы ойымыз – бірінші болып бару. «Бұрын барсаң, орын бар» демекші, сахнаға жақын жерге тұрдық. Сүйікті тобымыз түнгі 23:00 шамасында өнер көрсетті. Он сағатқа жуық уақыт аяқ бүкпей тұру оңай емес. Бірақ Ninety One шыққанда бәрін ұмытып кеттік. Жақында ашылған Juz Center алматылық «иглздардың» кездесу орнына айналды. Арнайы жүлделі сыйлықтар табысталып, кейде топ мүшелерімен тілдесу мүмкіндігі де туындап қалады.

aikyn.kz

Бүгін, 19:00
Ұлы мұрат - тәуелсіздік
16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде