Қоғамның алға ілгерілеуі мен азаматтардың өмір сапасын арттыруда еңбек пен жұмыспен қамту саясатының орны ерекше. Жұртшылықты еңбекке ынталандыру арқылы тек әрбір адамның мақсат-мүддесіне жол ашып қоймай, елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына да серпін беруге болады. Бұл ретте еңбек өнімділігін арттырып, тұтынушылық көзқарастан гөрі белсенділік пен өзін-өзі қамтамасыз ету идеологиясын қалыптастырудың маңызы зор.
Осы мақсатта Шымкент қаласында 2025 жылға дейінгі кезеңде халықты жұмыспен қамту шараларын кеңейтуге ерекше мән беріліп отыр. Бұл бастама жұмыссыздық деңгейін төмендетіп қана қоймай, азаматтардың әлеуметтік белсенділігін арттыруды көздейді.
Осы орайда жақында Еңбек мобильділігі орталығының ұйымдастыруымен Еңбекші ауданы бойынша Мансап орталығының мамандары тұрғындарға арнап Қазақстан–Түркия саябағында шағын форматтағы ақпараттық жәрмеңке өткізді. Шара барысында Enbek.kz платформасында ұсынылған бос жұмыс орындары таныстырылып, нақты кеңес беру жұмыстары жүргізілді.
Саябаққа келген тұрғындарға жұмыспен қамтудың мемлекеттік бағдарламалары, қысқа мерзімді кәсіптік курстар, кәсіпкерлікке баулу, өңіраралық еңбек көші-қоны, сондай-ақ Enbek.kz порталы мен мобильді қосымшасын пайдалану жолдары егжей-тегжейлі түсіндірілді. Мамандар әрбір тұрғынмен жеке жұмыс жүргізіп, олардың мүмкіндіктерін бағалауға көмектесті.
Тұрғындарға Enbek.kz және migration.kz порталдарының QR-кодтары көрсетілген ақпараттық парақшалар таратылды. Бұл QR-кодтарды ұялы телефон арқылы сканерлеу арқылы азаматтар нақты бос жұмыс орындарын, солтүстік өңірлердегі еңбек күшіне деген сұранысты және басқа да ұсыныстарды онлайн форматта көре алады.
Enbek.kz платформасы азаматтарға үйден шықпай-ақ бос жұмыс орындарын қарап, жұмыс берушімен бейнеқоңырау арқылы сұхбаттасуға мүмкіндік береді. Бұл — қазіргі заман талабына сай, тиімді әрі уақыт үнемдейтін әдіс. Сонымен қатар, жұмыс берушілер де портал арқылы өздеріне қажетті мамандарды тез әрі нақты таңдай алады.
Шымкент қаласы бойынша 2025 жылға дейін жалпы 49 733 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Алайда биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіштің тек 15 412-сі немесе 31 пайызы орындалған. Бұл – әлі де белсенділікті арттыру қажеттігін көрсетеді.
Жұмыспен қамту шаралары бірнеше бағыт бойынша жүзеге асып келеді. Мәселен, 2025 жылға дейін 3 006 адамға кәсіпкерлікті қолдау шаралары ұсынылуы тиіс болса, 6 045 адамды субсидияланатын жұмыс орындарына жолдау көзделген. Сондай-ақ, 15 272 азамат бос жұмыс орындарына тұрақты жұмысқа орналасып, 3 598 адам кәсіптік оқытуға қатысуы қажет.
Қазіргі уақытта осы шараларға нақты 12 549 адам тартылған. Дегенмен, жыл соңына дейін жоспарлы көрсеткішке жету үшін барлық күш жұмсалуда. Мамандар халықты белсенділікке, еңбекке деген дұрыс көзқарасқа бағыттап, әрбір азаматтың әлеуетін ашуға тырысуда.
Бұл бастамалар – тек жұмыс тауып беру ғана емес, адамға өз мүмкіндігін іске асырып, қоғамның белсенді мүшесі болуға жол ашатын маңызды тетік. Ниет болса, жұмыс табылады – ең бастысы ақпаратқа қол жеткізу мен нақты қадам жасау.