Несиені неге кешірмеске?

10 желтоқсан 2021, 11:24

«Ақ жол» партиясының депутаттары Мәжілістің жалпы отырысында үкіметке депутаттық сауал жолдады. Қоғамдағы қордалы мәселенің бірі – азаматтардың банк алдындағы берешек қарызы, ипотекалық несиесі.

Ипотекалық несие алып, түрлі себеппен қарызды дер шағында өтей алмай, берешекке белшеден батқан жандар аз емес. Тіпті таяқ лақтырсаң, банкке берешегі бар жандарға тиетін жағдайға жеттік.

ҚР Парламент Мәжілісінде «Ақ жол» партиясының депутаттарының үкіметке жолдаған сауалында нендей мәселе көтерілді? Осы шаруаға қатысты сауалдарымызды партия депутаты Азамат Әбілдаевқа жолдап, жауабын жазып алдық.

Jas qazaq: Азамат Рахатұлы, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалда бүгінгі күннің қандай шетін мәселесі қозғалды?

Азамат Әбілдаев: Азаматтардың бас ауруына айналған несиелік қарыз елімізде өзекті екені айдан анық. «Күлдіріп келіп, жылатып қайтатын» қарыздың кесір-кесапаты қаншама адамның тағдырын талқандап жатыр. Елімізде адамдардың банктер алдындағы берешегі күн санап артып, қарыз жамалған үстіне жамалуда. Біз үкіметке жекелеген тұтынушылардың несиесіне рақымшылық жасау туралы айтып, сауал жолдадық.

Өкінішке қарай, біздің қоғамда халықтың 27 пайызы – банктердің алдында борышкер, яғни 19 миллион халықтың 27 пайызының мойнында несиелік қарызы бар деген сөз. Бүгінде ел тұрғындарының ипотекалық несие бойынша берешегі 2,716 трлн теңгеге жетіпті. Оның ішінде тұтынушылық мақсаттарға алынған несие – 5,19 трлн теңге болса, мерзімі өткен берешек 199 млрд теңгені құрап отыр. Халықтың несие алу көрсеткішінің де, төленбей, мерзімі өткен несие көлемінің де артып бара жатқанын осындай сандар айқындай түседі.

Елімізде заңды тұлғалардың банкроттығы туралы заң бұрыннан жұмыс істеп келеді. Компаниялар өздерінің көлдей берешектерін өтей алмаса, банкрот деп танылады. Ал енді жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң бізде жоқ.

Jas qazaq: Демек, сол заң жобасы уақыт күттірмей қабылдануы керек қой?

Азамат Әбілдаев: Әрине, уақыт оздырмай заң жобасы жазылып, талқыланып қабылдануы керек. Халықты тығырыққа тіреп, ұйығына тартқан осы мәселені «Ақ жол» партиясы депутаттарының жар құлағы жастыққа тимей бұған дейін де көтеріп, айтып келеді. «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» Заңның жобасы керек деп айтып, жазып келе жатқанына он шақты жылдың жүзі болды. Бұл бастаманы сол кездегі қаржы министрлігі құптап, қолдағанымен осы күнге дейін еш қайран болмай келеді. Үкіметтен де қолдау таппай, жартасқа айға салған Абайдың кебін киіп отырмыз. Ал халық қарызға күннен-күнге белшесінен батып барады.

Біз бұл заң жобасын айдан алайық демейміз. Әлемдік тәжірибе бойынша жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң өзінің өміршеңдігін айқындап, әлеуметтің түйткілді мәселесін шешуде маңызды рөл атқарып келеді.

Біздің қоғамымызға да аталмыш заң жобасын енгізу өзекті екенін күнделікті өмірде болып жатқан түрлі оқиғалар әйгілеп отыр.

Jas qazaq: Несие алу үшін банкке жылжымайтын мүлкін кепілге қойып, кейін қарызды өтей алмай баспанасынан айырылғандардың арасында өз өмірін қиюшылар да бар. Әлгі сіз айтқан жеке тұлғаларға да банкроттық жариялап, несиесіне рақымшылық жасау арқылы біз осы түйткілді шеше аламыз ғой?

Азамат Әбілдаев: Адам ең қымбат байлығы, екінші берілмейтін сыйын, қайталанбайтын уақыты – өмірін көбіне еріккеннен қияды деп ойламаймын. Статистикалық мәліметке сүйенсек, тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде еліміздің өркендеуіне өз үлесімізді қосамыз деп, жалғыз пәтерін кепілдікке қойып, несие алып, өз істерін бастаған азаматтардың қазіргі таңда 90 пайызы несиені қайтара алмай банкрот болды. Бұл жағдай, әсіресе, валютамен несие алғандардардың арасында көп кездеседі.

Өйткені 28 жылда өзіміздің ұлттық валютамыз ондаған есе арзандап, банктердің тілімен айтқанда, жүздеген пайызға құнсызданды. Бұған қандай кәсіпкер төтеп бере алады!? Бір, екі емес, он есе құнсыздану деген оңай ма?

Банктер кепілдікке қойылған мүлікті өздерінің қолайына жағатын бағаларына сатып, үстеме ақшаны борышкердің мойнына бірнеше жылға созып іліп қояды. Екінші деңгейлі банктер Ұлттық Банктің алдында провизия төлемес үшін, бұл қарыздарды өндіру ісін өздерінің банктік жүйесінен шығарып, коллекторлық компанияларға төмен бағамен сатады да, түк болмағандай жұмысын жалғастыра береді.

Банктер мен микрокредиттік ұйымдар халыққа несие беріп, көмек қолын созады, оны жоққа шығара алмаймыз. Ал сол ақшаны кері қайтартып төлеттіруге келгенде ештеңеге қарамайды. Бұл тұста банктер ел алдында өз беделін сақтап, сүттен ақ, судан таза болуды көздеп сытылып шығып кетеді. Мәселені май шаммен қарауға құмар коллекторлық компания өкілдері болса, несиесін төлей алмай мелдектеген жандардың ақырғы тиынына дейін қаттап-шоттап өндіруге әбден мақыштанып алған.

Федор Андреевич Щербин өзінің «Киргизская народность в местах крестьянских поселений» атты жазбасында қазақтар туралы «мұндай бауырмал халық әлемде некен-саяқ кездеседі» деп, жазған екен. Біздің ата-бабаларымыздың әдебі мен ибасына тәнті болып. Сол бауырмалдылық қазір бізде бар ма өзі?

Jas qazaq: Өте орынды мәселені қозғадыңыз. Коллекторлық компания өкілдері мен жеке сот орындаушылардың қысымынан кейін түрлі келеңсіз жайт, тіпті адам өліміне де әкеліп соғу фактілері де неліктен жиіледі деп ойлайсыз?

Азамат Әбілдаев: Сол коллекторлық компания қызметкерлерінің, жеке сот орындаушылардың күш қолданып, қысым жасау әрекетінен де адамдардың тағдыры талқан болады деп оайлаймын. Қазіргі таңда олар адам баласына жанашырлық танытуға ұмтылмайды, керісінше, керуеннің жолын торыған қарақшыдан да сорақы болып, қатыгездік танытудан тайынбайды. Қарақшының өзі тонаған адамының соңғы затын олжаға алмаған. Ал қазіргі коллекторлар болса, несиелік қарызды төлету үшін түрлі қитұрқы әрекетке барып, тіпті әлеуметтік көмек пен зейнетақыға да қол сұғып отыр. Осы қаншалықты әділетті енді? Әлеуметтік көмек кімдерге беріледі? Отбасылық жағдайы төмен, ішер асы мен киер киіміне тапқан-таянғаны жетпейтін жандарға беріледі. Ал сондай азын-аулақ әлеуметтік көмек ақшасына қол салу деген де қатыгездік қой!

Қарызға батып немесе аяқ астынан еңбекке жарамсыз болып қалуының, не қандай да бір оқыс оқиғаның салдарынан қаржылық қиындыққа тірелген азаматтарды дәл қазіргі кезде жұмыс жасап жатқан жүйе негізінде сот орындаушылары іздеу салып мазалауда. Онсыз да күйзелісте жүрген адамды қыспаққа алып қоғамның қысымына шыдай алмайтын жағдайға жеткізеді. Сондай қиындықтан кейін ол азамат қалай өмір сүрмек? Осындай шарасыздық, жан-жақтан жасалған түрлі қысым, қиындықтан шығар жол таппаған адам үшін өз-өзіне қол жұмсап, қазаға ұшырайтыны да шындық.

Jas qazaq: Қандай санаттағы, болмаса қандай да бір әлеуметтік топқа жататын адамдардың несиесі кешірілуі керек деп санайсыз?

Азамат Әбілдаев: Кеше ғана Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бізде қолдау тапты.

Бұл заң жобасы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты қылмысты атқару мекемелеріндегі және пробация қызметінің есебінде тұратын адамдарды жазалаудан және қылмыстық жауаптылықтан босатуға, санын азайтуға, жазаның өтелмеген бөлігін қысқартуға бағытталған заңға қол қойылды. Енді мыңдаған қылмыскер жаза мерзімінен бұрын бостандыққа шығады. Кейбірінің жаза мерзімі қысқарады, сотқа дейінгі қаншама іс қысқарады осы рақымшылық туралы заңның аясында.

Ал енді қылмыс жасап сотталғандарға рақымшылық жасап отырған мемлекетке аяқ астынан еңбекке жарамсыз болып қалуынан, қандай да бір оқыс оқиғаға ұшырауының салдарынан қаржылық қиындыққа тіреліп несиесін өтей алмай, қарызы көбейген азаматтарымызға неге қамқорлық көрсете алмаймыз!? Олар да біздің қоғамымыздың басты байлығы емес пе?
Түрлі қылмыс жасағандардың жазасына рақымшылық жасап, айыбын кешкенде, белгілі себеппен қарызын өтей алмаған жандарға қарайласа алмасақ, елдігімізге сын.

199 млрд теңге – бұл мемлекет үшін көп қаражат болып саналмайды. Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдамадық екен тым болмаса, олардың несиелік қарызына рақымшылық жасауды жүзеге асыру керек.

Ел болып осындай жүйелі проблеманы, соған сай жүйелі жолмен шешпесек, яғни аталмыш Заңды қабылдамасақ, қиын жағдайға ұшырағандар тарапынан мұндай несиелі амнистия туралы талаптар жыл сайын көтеріліп, арызданушылардың қатары көбейе береді.

Jas qazaq: «Ақ жол» партиясы депутаттарының атынан жолдаған депуттаттық сауалда қандай да бір ұсыныс айтылды ма?

Азамат Әбілдаев: Үкімет басшысының бірінші орынбасарына жолдаған депутаттық сауалда біз мынадай ұсынысымызды жіпке тізгендей етіп атап көрсеттік.

Парламенттің қарауына «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» Заңның жобасын тездетіп дайындап, енгізуді;

Белгілі бір себеппен еңбекке жарамсыз болып қалуынан не қандай да бір оқыс оқиғаға ұшырауының салдарынан қаржылық қиындыққа тап болған азаматтарымызға Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасауды;

«Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» жаңа заң қабылданғанша, коллекторлық компанияларды, яғни «заңдастырылған рэкеттік компаниялардың» жұмысын тізгіндеп, бақылауда ұстауды талап еттік. Мұның бәрі де халқымыздың қарызбен өмір сүрмеуіне, көңіліне кірбің түспеуіне қылаудай болса да пайдамызды тигізсек деген мақсаттан туындап отыр.

Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет, елдің игілігіне жарайтын ұсыныстарыңыз іске асуына біз де тілектеспіз.

Сұхбатты жазып алған Қуаныш Нұрданбекұлы

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?