Несие хикаясы

06 мамыр 2016, 15:40

1

Алматы қаласындағы Бостандық аудандық ішкі істер басқармасының қызметкерлері 24 жастағы өзбекстандық азаматты қолға түсірді. Жалған құжатпен несие рәсімдеп, банк атаулыны «тапа-тал түсте тонап» жүрген жас жігіт әзірге 4 эпизод бойынша күдікті болып отыр.
Ресми мәліметке жүгінсек, жас жігітті жалған несие рәсімдеуге мәжбүрлеп келген үш-төрт адам із жасырып үлгерген көрінеді.

ӘЛҚИССА:

– Менікі емес… Менікі емес… Менікі емес…
Екі көзін тарс жұмып алып, өзімен-өзі күбірлей сөйлескен қараторы келіншекке таңдана қарадым. Былай қарасаң рас, «қуып отырған» адамға онша ұқсамайды. Бет-әлпеті де әп-әдемі. Сәнді киінген. Тәуір-ақ келіншекке ұқсайды. Тек ауық-ауық ел назарын аударып, өзімен-өзінің сөйлесетіні болмаса. Әрі-беріден кейін пәленбай метр тереңдіктегі метро шіркініңе «қуып жүретіндер» оп-оңай кіре алмаса керек-ті. Өйткені, өз басым басқаны білмесем де, метро полициясының қалай жұмыс істейтінін жақсы білемін.
– Жағдайы жақсы емес болса керек, – деді жанымда отырған бұжыр бет еркек бұқа мойнын мен жаққа әрең бұрып, – әйтпесе көрікті-ақ келіншек екен.
Мен енді «өзімен-өзі сөйлескіш» келіншекке емес, бұжыр бетке таңдандым:
– Жағдайының жақсы емес екенін қайдан білдіңіз? Қатырасыз сіз де.
– Ол үшін «прапесір» болу шарт емес, – деп бұжыр бет бүкіл вагон ішіндегілерді өзіне қаратып, қарқылдай күлді. – Естімедің бе, күбірлеп айтып отырған сөздерінің ішінде «кредит-кредит» деген сөздер көп естіліп қап жатыр ғой. Соған қарағанда, мойнында миллиондаған кредиті бар сылқым болды, бұл келіншек.
– Кредитте тұрған ештеңе жоқ. Қазақтың бәрі кредитпен өмір сүріп жатыр. Сізде де бар шығар ондай бәлекет? – дедім мен. Қарап отырып, бұжыр бетке тиіскім келді. Неге екенін қайдам, әйтеуір «қуып отырған» келіншекті бұжыр беттен қорғағым келді. Осы кезде манадан бері ел назарын өзіне аударып отырған әдемі келіншек селк етіп, көзін ашып алды. Сосын қарақаттай қап-қара көздерімен айналасына аң-таң боп, аңтарыла қарады. Аңтарыла қарады да – басқаларға емес, маған ғана жымиып күлді:
– Кешіріңіз. Мазаңызды алдым ба?
«Қуатын адамға» расымен ұқсамайды екен. Өйткені, ондай адам бұлай сөйлемесе керек-ті. Жақынырақ танысқым да келді өзімен. Мүмкін, бұжыр бет айтқандай, шынымен де несие жағынан проблемасы бар шығар?
– Жо-жоқ, мазамды алған жоқсыз, – дедім мен жүз жыл көрмеген жақын адамын жер астында кездестіргеніне жүрегі жарылардай боп қатты қуанған адамның түрін байқатып. Бірақ осы кезде метро пойызы да соңғы бекетке ысылдай кеп тоқтады. Жердің астынан жердің үстіне әдемі келіншек екеуміз қол ұстаспасақ та, әзілдесе сөйлесіп, бірге шықтық.

БҰЖЫР БЕТ БІЛІП АЙТЫПТЫ

Метро вагонында қарқылдай күліп, үлкен-кішінің бәрін өзіне қаратқан бұжыр бет шынында да біліп айтыпты: Әдемі келіншектің несиесі бар екен. Алматыдағы Абай мен Гагариннің қиылысындағы шағын саябаққа келіп, тізе бүккен едік. Сол жерде таныстық та. Әдемі келіншекті күндіз – күлкіден, түнде – ұйқыдан айырған несие хикаясын да тура осы жерде естідім.
Айтуынша, Айменкүн ешқашан несие алып көрмеген. Тіпті өзі өз болып, ес біліп, етек жинағалы банк дегенмен байланысып та көрмепті. «Қарызыңыз пәлен пайызға өсіп кетті, түген миллион төлеуіңіз керек» деген бір жапырақ банк бланкісі қолына тиген кезде, жүрегінің тас төбесіне шыққаны да рас. Содан зуылдап отырып, банкке келмей ме, екі өкпесін қолына алып. Әйтеуір, абырой болғанда, осынау шет-шегі жоқ банк-несие хикаясына жақын арада нүкте қойылатынға ұқсайды.
– Қызық екен, ә? Бұл өзі қалай болғаны, банк несиені сіздің құжатыңызбен рәсімдеген бе?
– Иә, айна-қатесіз менің құжатыммен рәсімдепті, – деп жаңа ғана жадырап отырған Айменкүннің әдемі көздері қайтадан мұңдана қалды, – жеке бас куәлігімді пайдаланыпты.
– Енді… мәселенің осындай махинация болып шыққаны белгілі болған соң банк те сізді мазалауын қойған шығар? Алаңдамаңыз.
– Мәселе осында болып тұр ғой. Алаяқтарға қатысты тергеу жұмыстарының жүргізіліп жатқанын біліп тұрып, банк маған «қарызыңызды төлеңіз» деп қағаз жіберуін қояр емес. Банк өтініш жасаған екі бірдей коллекторлық агенттіктің өкілдері де кейінгі кездері мазамды май ішкендей, шаршатып жіберді.
– Бұл қалай сонда, Айменкүн? Алаяқтық әрекеттің орын алғанын, тіпті соған қатысты тергеу жұмысының да жүріп жатқанын біліп тұрып, банк неге жалған құжатпен рәсімделген несие келісімшартын бұзбайды?
– Құқық қорғау мекемесі немесе сот органы түпкілікті шешім қабылдағанша банк келісімшарт күшін жоя алмайды екен.
– Қызық екен. Бұл не деген сөз, а?
– Бұл… – деп Айменкүн аспанға қарап, алақанын жайды, – несие мәселесі біржақты болғанша менің мойнымдағы қарыз пайызы күн санап өсе береді деген сөз.
– Несиені алған адамның сіз емес екенін біліп тұрып, банк сонда да сізді мазалай бере ме, қалай сонда?
– Иә. Банк сонда да мені мазалай береді. «Менікі емес» деп күніне мың мәрте түсіндірсем де, мені мазалауын тоқтатпай-ақ қойды. Кейінгі кездері ұйықтап жатып, «миллиондаған несие менікі емес» деп қалай болса солай сөйлей беретін делқұлы дәрежеге жеттім. Адамды осылайша өзгертіп жіберетін несие дегеннің сиқыры керемет енді. Өзіңіздің банкте несиеңіз жоқ па еді?
– Жо-жоқ, – деп мен сасқалақтап қалдым, – құдай әзірге ондайдан сақтап жүр ғой.
– Байқаңыз, – деп күлді Айменкүн, – алғашқы кезде құдай мені де жап-жақсы сақтап жүрген. Дегенмен де, банк аралап, уақытыңызды кетіргіңіз келмесе, интернет арқылы-ақ несиеңіздің бар-жоқ екенін тексеріп қойғаныңыз артық болмас.
Рас-ау..! Айменкүн де несиесінің бар екенін білмеген ғой. Мүлде білмеген.
Осылай ойлауым мұң екен, тезірек банк атаулыны адақтап, несиемнің бар-жоғын тез арада тексергім келіп кетті. Кім біледі?  

АЛТЫНТАНА ДА ӘЛЕК БОЛҒАН

Кәкір-шүкір жұмыстармен Халыққа қызмет көрсету орталығына кірген Алтынтана банкке қарызы бар екенін естіп, жүрегі тоқтап қала жаздады. Жоқ. Жалған емес. Бәрі де дұп-дұрыс. Көзімен көріп, қолымен сипалап ұстап отыр. Алтынтана Айбекқызының атында тұп-тура 1 млн теңге несие бар екен. «Просрочкасының» өзі 266 күннен асып кетіпті.
– ЦОН-нан берілген анықтама қағазындағы мәліметтің бір де бірі дұрыс емес, – дейді Алтынтана Айбекқызы, – тек толық аты-жөнім ғана дұрыс жазылған. Ал қалғаны – тұрғылықты жерім, жұмыс істейтін орным, телефон нөмірім түгелдей өтірік.
– Банкке барып, тексерттіңіз бе?
– Әрине, бардым. Тиісті қызметкер ішкі тергеуін жүргізіп кеп жіберіп еді, бәрі де дұп-дұрыс болып шыға келді.
– Түсінбедім. Несі дұп-дұрыс болып шыға келді?
– Менің атыма рәсімделген несиенің бар екенін айтамын да. Яғни құжат бойынша мен несие алған екенмін. Ал бірақ мен алған жоқпын ғой. Түсінесіз бе?
– Түсініп тұрмын. Сосын не болды?
– Не болғаны қалай? – деп Алтынтана Айбекқызы маған аңырая қарады.
– Сіз несие алмаған болсаңыз, оны қалай дәлелдеп бердіңіз дегенім ғой. Әйтпесе банк дегеніңіз қаққанда – қаныңызды, сыққанда – сөліңізді алмайтын ба еді?
– А-а-а, – деп жаңа ғана жадырап отырған Алтынтана келіншектің көңіл-күйі қайта бұзылғандай болды, – өзіңнің банк несиесіне еш қатысыңның жоқ екенін дәлелдеу де оңай-оспақ шаруа емес. Мысалы, өз басым жеті парақ түсіндірме жаздым.
– Түсіндірме? Ол қандай түсіндірме?
– Графологиялық сараптама деген болады екен, – деп Айбекқызы әңгіме арнасына қайта түскендей болды. – Оның қорытындысының өзін бір немесе бір жарым айдай күтуге тура келеді. Ал бұл уақытта мойныңдағы несиенің қарыз пайызы да зуылдап өсіп жатады. Қысқасынан қайырғанда, тиісті орган қызметі алаяқты ұстап, оның былықтырған тірлігінің әрқайсысы жеке-жеке эпизод бойынша дәлелденгенше, сөйтіп оған сот үкімі шыққанша бөтен біреудің қарызы сіздің мойныңызда «ілініп» тұрады.
– Сонда қалай? Тергеу жұмысы бітіп, қылмыстық іске сот нүкте қойғанша сіз банкке қарыз адам ретінде «қара тізімде» тұра бересіз бе?
– Онда тұрған не бар екен? – деп енді Алтынтана таңданды, – сот ақ-қарасын анықтағанша мен бәрібір бір тиын да төлемеймін ғой.
– Бір тиын да төлемейсіз, оныңыз рас. Бірақ банкке пәленбай миллион қарыз адам ретінде «қара тізімде» тұрасыз ғой. Ал «қара тізімге» енген адам ешқандай банктен несие ала аламайды. Шетелге де шыға алмайды?
– Ә-ә, айтпақшы, ондайы да бар екен ғой, – деп Алтынтананың көзі жыпылықтады, – шынында да солай екен-ау?!
Алтынтанаға қойған сұрағымызды біз Алматы қаласы Бостандық аудандық ішкі істер басқармасы тергеу бөлімінің басшысы Еділхан Байғараевті көлденең тартқан едік.
– Бөтен біреудің несиелік «тұтқынына айналғысы» келмеген адам әрдайым өзінің жеке бас құжатына мұқият болғаны жөн, – деді ол бізге, – кез келген азамат өзінің жеке бас куәлігін немесе төлқұжатын ешкімге, еш жерге қалдырмауға дағдылануы тиіс. Оны құжат талап еткен жерде көрсетуге болар, әрине, ал бірақ қалдырып кетуге, тіпті де болмайды. Сонан соң азаматтарымызға тағы бір ескертерім – ғаламторға құжат көшірмесін салуға әдеттенбегендері жөн. Ондай көшірмеден су жаңа құжат істеп алатын «бесаспап мамандар» қай кезде болса да, оңай табылады.
– Түсінікті. Ал енді алаяқтың кесірінен банктің «қара тізіміне» еніп кеткен адам қайтпек? Оның ешқандай кінәсі жоқ емес пе?
– Әрине, бұл өте күрделі мәселе. Әйтсе де алаяққа алданған азамат мұндай жағдайда банк басшылығына шағымданып, өзінің несиелік тарихын (кредитная история) тез арада түзетуді талап ете алады.
М-м-м, да. Көңілсіз көрініс, аянышты әңгіме әлбетте. Бірақ деректің аты – дерек. Байғараевтан шыққанда менің миыма: «Осы несие хикаясы кімге тиімді, а?» – деген сауал сарт ете қалды.
Ойланатын мәселе, шынымен-ақ.

БАНК ҚАТЕЛЕСЕ МЕ?

Банкке бардым. Тексерттім. Есебім дұрыс екен. Айменкүннің жағдайын қатысты банк қызметкерлерінен сұрап едім, жауап бермеді. Содан кейін өмір бойы банк саласының «нанын жеп», сол саладан зейнетке шыққан құдайы көршім бар еді. Сауалыма жауап іздеп, қария кісіні мазалағаныма ыңғайсыздансам да, амал жоқ, сол кісіге бардым. Сөйтсем, сағат түгілі, минутты «қалай өлтіруді» білмей отырған экс-банкир әңгімелесетін адамның аяқ астынан табыла кеткеніне қатты қуанып қарсы алды мені.
– Ағасы, банк саласында проблемалық несие деген термин бар. Мұны білемін. Осы мәселені өзінің «оң жамбасына» келтіре отырып шешу үшін банк басқа адамдардың атына «жалған несие» дегенді «іліп» жіберуі мүмкін бе?
– Әлбетте мүмкін. Дегенмен, мұндай жағдай өте сирек кездеседі. Кез келген банк ең алдымен өзінің репутациясын ойлайды.
– Дұрыс қой. Ал бірақ осы банк басшылығы өз қызметкерін тексере ме негізі? Мысалы, қолының сұғанақтығы бар қызметкер белгісіз біреудің атына миллиондаған несие рәсімдеп жіберіп, сосын өзінің сол миллионмен із жасырып кетуі де мүмкін ғой, қалай ойлайсыз?
– Әрине, мүмкін. Әйтсе де кез келген банктің жаңа келген қызметкерді тексеретін өз «тәртібі» болады. Сондықтан бұл жайында пәлен-түген деп жарапазандап жатудың қажеті шамалы. Содан кейін мынандай да мәселе бар: банк қызметкері несие алушы туралы мәліметті жүйеге енгізеді. Бітті. Оның қолынан басқа еш нәрсе келмейді. Тиісті мәлімет жүйеге енгізілгеннен кейін несие беріле ме, жоқ па – оны сол жүйе анықтайтын болады.
– Сонда банк тарапынан қателесу дегеніміз мүлде болмай ма?
– Болады, әрине. Банк те қателеседі. Сандық технология қатты дамыған қазіргі кезде банкте, мысалы, скорингтік жүйе деген бар. «Клиентке несие беру керек пе, жоқ па?» деген мәселені осы жүйе шешеді. Ал арнайы бағдарламамен жұмыс істейтін мұндай жүйенің қателесуі, тіпті де мүмкін емес. Қателесетін де шығар, кім біледі? Бірақ өз басым: «Скорингтік жүйе қателесіп, бөтен біреудің мойнына несие іліп жіберіпті» дегенді мүлде естіген емеспін.
Міне, құрметті оқырман, 24-ақ жастағы өзбекстандық азаматтың банк саласындағы алаяқтығымен жақын танысамыз деп жүріп, осындай да осындай жақсы мәліметке қанықтық. Ал енді негізгі кейіпкерімізге келетін болсақ, жалған құжатпен бірнеше банктің «басын айналдырған өзбекстандық Остап Бендермен» жоғарыда аталған ауданның тергеу бөлімі айналысуда. Әзірге бұл жігіт 4 эпизод бойынша тергеп-тексеріліп жатыр. Қылмыстық іс барысында басқа да белгісіз жәйттердің «сорпа бетіне» қалқып шығуы ғажап емес.

P.S. Мемлекеттік несиелік бюро мәліметіне жүгінсек, елімізде 5 миллионнан астам адамның несиесі бар. Биылғы жылдың басынан бері соның 1 миллион 102 мыңы несиесін төлей алмай жүрген көрінеді.

2

Марат МАМАНБАЙ

17 шiлде, 19:00
Ұлы мұрат - тәуелсіздік
16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде