Неліктен астыртын онлайн казинолар Қазақстанда ойына келгенін істейді?

01 қыркүйек 2023, 17:13

 

Елдегі бұрын-соңды болмаған заңсыз ойын бизнесінің етек жаюы билікті қатал қадамға баруға мәжбүрлеп отыр

 Жазасыздық жүгенсіздікті тудырады

 Шетелдік онлайн казинолардың, лотереялардың және басқа да астыртын құмар ойын құрылымдарының тайраңдағаны соншалық, қазақстандықтарды ойынға еліктіріп, түрлі сайт ашудан тартынбайды. Мамыр айында осындай 30-дан астам компания Алматыда ресми түрде «Кинза Қазақстан-2023» атты конференция өткізіп, еліміздегі көлеңкелі ойын саласын дамытуды талқылады.

Алайда маусым айында «Кинзаның» бірқатар мүшесі қамалды, ал жақында Қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) осы іс-шараның басты демеушісінің бірі Қазақстанда бірден бірнеше бағыт бойынша лицензиясыз онлайн ойын бизнесін ұйымдастырған «1WIN» компаниясының өкілдерін тінтіп, қамауға алды.

«1WIN» онлайн казиносын Алматы облысы бойынша ҚМА департаментінің өкілдері анықтады. Ведомствоның баспасөз қызметі атағандай, құрылым Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде және алыс шетелдерде де жұмыс істеді. Қазақстан Республикасының мыңдаған азаматтарының ойын шоты бар заңсыз казино ұйымдастырумен бірге, онлайн платформа елде лицензиясыз букмекерлік қызметтер көрсетті. «Қолма-қол ақша интернет-эквайринг арқылы және аутентификациясыз қабылданды, тіпті кәмелетке толмағандар да құмар ойын ойнай алды. Қазақстан заңнамасына сәйкес, елімізде онлайн казино қызметіне тыйым салынған, ал букмекерлік қызметтер тиісті лицензия болған жағдайда ғана қызмет көрсетеді. Қазір заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушы күдікті деп танылды, тергеу жалғасуда», — деді ҚМА-ның ресми өкілі.

Жақында Қазақстан билігі онлайн казиноларға және ойын бизнесінің басқа да заңсыз құрылымдарына қарсы бұрын-соңды болмаған ауқымды күресті күшейтті. Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаевтың айтуынша, жыл басынан бері уәкілетті орган осындай 4 мыңға жуық сайтты бұғаттаған. Мемлекеттік органдар біздің елде жаңбырдан кейін саңырауқұлақша қаптаған заңсыз жұмыс істейтін көлеңкелі құрылымдар соңғы кездері бізде көп айтылып жүрген әлеуметтік мәселелердің басты себебі екенін түсінетіні анық.

«Толық тыйым салу – мәселенің шешімі емес»

Вице-министр ойын бизнесінің заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілігін күшейтуге, сонымен қатар, астыртын казиноларға, тотализаторларға, лотоларға т.б. заңсыз ойын құрылымдарына қарсы заң жобаларына түсініктеме берді. Оның айтуынша, соңғы уақытта нормалар мен регламенттердің қатаңдатылуы қолданыстағы ойын бизнесі субъектілерінің санының айтарлықтай төмендетті: нарықта тек заңнаманы қатаң сақтайтын шынайы кәсіби құрылымдар қалады. 2018 жылдан бастап 5 жыл ішінде казино саны 12-ден алтыға дейін, ойын автоматтары залы 16-дан тоғызға дейін азайды, ал букмекерлік кеңселер 48-ден 15-ке дейін кеміді, қазір олардың тек 12-сі ғана жұмыс істейді.

«Егер ойын құрылымдарының саны бірнеше есе азайса да, елде заңды мүлтіксіз сақтайтын және қоғамның құндылықтарын құрметтейтін ойын бизнесінің субъектілері ғана қалатынына сенімдімін», – дейді Ержан Еркінбаев.

Бұл ретте, кейбір қоғам белсенділері айтқан елдегі ойын индустриясына толықтай тыйым салу идеясына уәкілетті органның өкілі бұл қоғамды сауықтыруға немесе ойынға тәуелділік (лудомания) мәселесін шешуге көмектеспейтінін атап өтті. «Құмар ойындарға толық тыйым салу олардың көлеңкелі салаға кетуіне әкелетінін түсіну керек. Интернеттегі заңсыз құмар ойындары қазірдің өзінде өріс алып отыр. Шетелдік букмекерлер мен желідегі интернет казино елден капиталды шығаруға ықпал етеді, біздің мемлекеттік органдарда құмар ойындарды кімнің ойнайтыны, кәмелетке толған ба, мемлекеттік қызметші ме, қандай ақшаға ойнайды, қылмыстық жолмен келген бе, тәуелділіктен кімді емдеу керек деген сияқты туралы ешқандай ақпарат болмайды. Салық түріндегі жүздеген миллиардтарды және заңды ойын саласындағы мыңдаған жұмыс орыннан айрылуды есепке алмағанның өзінде, біз мәселені қандай да бір жолмен реттеуге, шешуге мүмкіндік бермей, онлайн ойынға басымен кіріп кететін жас буынға қауіп төндіреміз», — дейді вице-министр.

Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі көлеңкелі және қылмыстық саланың өркендеуіне әкелген түрлі саладағы (мысалы, АҚШ-тағы жүз жыл бұрынғы әйгілі «құрғақ заң») жалпы тыйымдардың белгілі тарихи мысалын еске түсірді. Оның уәжінше, заманауи мысалдың бірі Қытайдағы ойын бизнесіне тыйым салу болып табылады.

«Бұл тыйым ҚХР азаматтарының жыл сайын шетелде құмар ойындарға 100 миллиард доллардан астам қаражат жұмсауына әкелді. Оның ішінде шекаралас мемлекеттерде орналасқан ойын аймақтарында, ҚХР аумағында жұмыс істейтін заңсыз интернет казинолар мен букмекерлік кеңселерде. Соның нәтижесінде көршілеріміз бүгінде ойын қызметін заңдастыру мәселесін қарастырып жатыр», — дейді Ержан Еркінбаев.

Оның пікірінше, бүгінде Қазақстанда ойын қызметінің ережелерін қатаңдату қажет, бірақ оған толық тыйым салмау керек. Атап айтқанда, бірқатар дамыған елдің үлгісі бойынша қажетсіз, агрессивті жарнаманы шектеу, кәмелетке толмағандарды немесе тәуелді адамдарды ойынға жіберу үшін жауапкершілікті енгізу, несие төлеуде мерзімі өткендерді ойыннан шектеу, міндетті түрде жауапты ойын құралдарын енгізу (қазір Қазақстанның заңды букмекерлері ерікті түрде мұнымен белсенді айналысады). «Біз азаматтарымыздың құмар ойындарға құмартуын және осыдан туындайтын барлық жағымсыз салдарды қысқартатын тетіктерді енгізуіміз керек», – дейді министрлік өкілі.

Әзірге заңнамалық шаралар кешені бойынша жұмыс қолға алынған, мемлекеттің бірінші кезектегі міндеті астыртын ойынға қарсы күрес болып қала береді. Астыртын ойын бизнесін ұйымдастырушылар ел аумағында заңсыз бизнес жүргізумен қатар, алаяқтар сияқты әрекет етеді, адамдарды алдап, клиенттерге ұтысын төлемей, кәмелетке толмағандарды бәс тігуге тартады. Ойын бизнесін басқаруды үйренген бірқатар дамыған елдің тәжірибесін пайдалана отырып, бұл қоғам дертімен қатаң және жүйелі түрде күресті бастаудың уақыты әлдеқашан келген.

Олжабек Байқуатов

 

Бүгін, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді