Павлодар еліміздің өндірісті өңірінің бірі ретінде республика экономикасына қосып отырған үлесі мол. Елбасының «100 қадам» Ұлт жоспарында қойған жаңа мақсат, талап, тапсырмаларын жүзеге асыру бағытында облыста қарқынды жұмыс атқарылуда. Павлодарлық өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген облыс әкімі Болат Бақауов Ұлт жоспары шеңберінде өңірде атқарылған жұмыстарға шолу жасап, алда орындалатын келелі істерге тоқтады.
Мемлекеттік қызметкерге қояр талап жоғары
Әкімнің айтуынша, алдымен «Кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру» реформасы аясындағы 15 қадамды қамтитын іс-шаралар «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заңға сәйкес жүргізілуде. Жыл басынан бері 537 адам мемлекеттік қызметке орналасу үшін тест тапсырып, 297-сі, яғни 55%-ы шектік межені бағындырып, оң нәтиже көрсетті. Оған қоса 16 ішкі конкурс өтіп, 6 адам жоғары мемлекеттік қызметке тағайындалды. Мемлекеттік қызметтен үміті бар жас мамандардың әрқайсысына тәжірибелі тәлімгер бекітіліп, күрделі жаңа істің қыр-сырын үйретеді. Қызметке бірінші рет қабылданушы жастарға міндетті түрде сынақ мерзімі беріліп, еңбекақы жұмыс нәтижесі бойынша төленеді. Осы күндері 32 мемлекеттік қызметші сынақ мерзімінен өтуде.
Аймақ басшысы Болат Бақауовтың айтуынша, облыста барлық мемлекеттік органдарда бақылау әдістемесі бекітілген. «Б» корпусы қызметшілерінің жұмыс сапасы жылдық жеке жоспар бойынша бағаланады. Осы жылдың бірінші тоқсанында 2380 мемлекеттік қызметші бағалаудан өтті. Оның қорытындысы бойынша, 7 адам жоғары, 1488 адам «тиімді», 884 адам «қанағаттанарлықсыз» деген баға алды.
Мемлекеттік басқару қызметін жетілдіру және заманауи басқарудың тиімді тетігін қалыптастыру жолында көптеген жоспар мен жобалар бар. Басты мақсат – кәсіби мемлекеттік аппарат құруға бағытталған. Сол себептен мемлекеттік қызметшілердің этикалық талаптар аясында қызмет етіп, қарым-қатынас орнатуы да басты назарда. Тіпті этика бойынша арнайы институт құрылған. Бұл ұйым мемлекеттік қызметшілердің құқығын қорғап, әдептілік талаптарын сақтамағандарға қарсы тәртіптік немесе әкімшілік шара қолдануды қарастырады. Мемлекеттік органда жұмыс істейтін азаматтардың немқұрайдылығы мен дөрекілігін байқаған облыстың кез келген тұрғыны аталған институтқа шағым түсіре алады.
Заң талабын орындау – басты міндет
Реформаға сәйкес – заңның орындалуын қамтамасыз ету және тұрғындар мен облыстағы барлық қызмет түрлерінің заң талаптарына мұқият қарауына басымдық беру. Бұл орайда, облыс әкімшілігі заң алдында ел азаматтарының барлығы тең дәрежеде екендігін қамтамасыз ете отырып, бірнеше шараны қолға алды. Судьяларды іріктеу жүйесін жетілдіру мақсатында арнайы Кеңес құрылды. Консультативтік кеңестік орган құрамында әртүрлі әлеуметтік топ өкілдері, мәслихат депутаттары мен отставкадағы ардагер судьялар бар. Кеңес мүшелері үміткерлердің әрқайсысымен әңгімелескеннен кейін ғана шешім қабылдайды. Өңірдегі «Қоғамдық келісім» ұйымының жанынан Медиация орталығы құрылып, іске кірісті. Сонымен қатар әрбір аудандық пен ауылдық округтері де медиация кабинеттері ашылды. Сол арқылы бірнеше тарап арасында ушыққан істі сотқа жеткізбей шешу мүмкін болып отыр. Сот жүйесінің ашықтығы қамтамасыз етілуде. Бүгінде облыс бойынша 92 сот залы аудио-бейне-жазба құрылғыларымен жабдықталған. Аталған жүйені қолданудың нәтижесінде бітімгершілікпен аяқталған істер саны 28 есе артқан. Заң үстемділігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында жергілікті полиция жұмысын бастады. Осы орайда, жергілікті полиция қызметінің материалдық-техникалық жабдықталуына баса назар аударылуда. Бұл өз кезегінде облыстағы құқық сақтау саласына оң әсерін беруде. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында қоғамдық орындардағы қылмыс саны 9 пайызға, көшедегі қылмыс 16,6 пайызға азайған. Сондай-ақ жол-көлік оқиғасы бойынша көрсеткіш 0,7 пайызға және жол апатынан қайтыс болғандар саны 40 пайызға төмендегені байқалады. Бұдан бөлек, жергілікті полиция қызметкерлері ауылдық жердегі мал ұрлау мәселесіне ерекше мән беруде. Жергілікті әкімшілік, шаруа қожалығының басшысы және малшы арасында ресми түрде шарт жасалып, еңбекақы белгіленеді. Облыста ауылдардың картасын құру жоспарлануда. Сонымен бірге республикалық «Қылмыстық құқық бұзушылық картасы» аясында интернет-портал құрылып, облыс соған қосылды. Тұрғындар портал арқылы қылмыстық ахуал туралы пікірлерін жеткізе алады. Бұл жұмыс үшін облыстық бюджеттен 28 миллион тенге бөлінді. Жаңа заң талаптарына сәйкес, жергілікті полиция өкілдері халықпен жүздесіп, атқарылған жұмыс туралы есеп беріп тұруы тиіс. Биыл осындай 221 есептік кездесу ұйымдастырылып өткізілді. Қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмыстың алдын алу мақсатындағы жұмыс әлі де атқарыла бермек.
Инвестиция экономиканың ілгері қозғаушы күш
Павлодар облысы өндіріс орындары көп шоғырланған өңір. Инвесторлардың облыс экономикасына инвестиция құйып, өз ісін дамытуға қолайлы. Мұнда жаңа кәсіп ашуға мол мүмкін жасалған. Былтыр облысқа 450 миллиард теңге инвестиция тартылып, Павлодар облысы республикада көш бастады. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібіне бағытталған инвестиция көлемі 230 миллиард теңгеден астам қаржыны құрады. Бүгінде облыс 1,2 триллион теңгеден астам қаржыға 31 жобаны жүзеге асыруға мүдделі. Биыл 24 миллиард теңгеге 11 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Осының арқасында 700-ге жуық жұмыс орны құрылмақ.
Жалпы, облыста инвестор тарту мәселесіне баса көңіл бөлінеді. 2015 жылы өңірде Инвестиция тарту жөніндегі агенттік құрылды. Облыстық инвесторлар кеңесі жұмысқа кірісті. Соңғы жылдары өңірде «Ертіс Инвест» инвестициялық форумы ұйымдастырылып келеді. Аталған форум аясында 2014 жылы жалпы құны 39 миллиард теңгеден астам қаржы болатын коммерциялық құжатқа қол қойылса, былтыр 500 миллиард теңгеге келісім жасалды. Биыл облысқа инвестиция салу мақсатында жұмыс сапарымен Нидерландтар, Чехия мемлекеттерінің елшілері және АҚШ елшілігінің өкілдері келді. «Павлодар арнайы экономикалық аймағында» химия-металлургиялық кешенін құру қытайлық компаниялармен жұмыс жүргізілуде. Жаңа үш жобаны жүзеге асыру жұмысы жалғасуда. Олар – электролиз өндірісін кеңейту, «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясына» қарасты 2-і энергоблокты жаңғырту және автокөлік өндірісіне қажетті алюминий дискілерін шығару жобалары.
Инвестор тартуға бағытталған негізгі нүкте – «Павлодар арнайы экономикалық аймағы» болып табылады. Бүгінде экономикалық аймақта 40 миллиард теңгеден астам инвестиция салынған 4 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Арнайы аймақтың инфрақұрылым құрылысына бөлінген 3 миллиард теңге игеріліп, қажетті нысандар салынды. Бюджеттің 1 теңгесіне 13 теңгеден жеке инвестиция тартылуда. Арнайы аймақтағы кәсіпорындар шығаратын өнім көлемі 14 миллиард теңгеден асты. Былтыр «Арнайы экономикалық аймақ туралы» Қазақстан заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын. Бұл – экономикалық аймақтың жұмысына тың серпін берді. Нәтижесінде 400 миллиард теңгеге тағы да 8 жобаны жүзеге асыру көзделуде. Олардың екеуі осы жылы пайдалануға беріледі.
Облыста туристік кластерді дамыту бағытында да кешенді жоспар әзір. 57-қадамды орындау мақсатында әрі EXPO-2017 көрмесі қарсаңында халықаралық туристерге арналған бес маршрут нақтылап, туристік компаниялармен келісімдер жасалып, Баянауыл ұлттық табиғи паркінде екі демалыс үйі ашылмақ. Облыс басшысы Болат Бақауов жоғары аталғандардың барлығы аймақтың экономикалық серпін алуына оң әсер беретінін сенімді екенін айтты.
Бірлік бар жерде – тіршілік бар
«Мәңгілік ел» – халқымыздың бірлігі мен келісімін дәріптеуге бағытталған басты құндылық. Бүгінде аймақ көлемінде этносаралық, тілдік және діни қарым-қатынастарды сақтау және нығайту үшін өңірде 24 облыстық, 83 қалалық және аудандық этномәдени бірлестіктер жұмыс істейді. Қазақстан халқы Ассамблеясының қасынан құрылған ғылыми-сараптамалық топ мүшелері «Мәңгілік ел» идеясының құндылықтарын түсіндіруде. Облыста 2 мыңнан астам адамды қамтыған 30-дай іс-шара ұйымдастырылды. Ассамблеяның жаңа бағыты – медиация, яғни қайырымдылық және қоғамдық бақылау. Бүгінде аудандар мен қалаларда, ауылдық округтерде 43 қоғамдық келісім кеңесі жұмыс істейді.
Облыс орталығындағы Достық үйінде мерейтойлық жылға бастау болған «Үлкен ел – үлкен отбасы» акциясы өткізілді. Елбасының қатысуымен ағымдағы жылғы наурыз айында Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамын құру шеңберінде еңбек ұжымдарының республикалық форумына 4 мыңнан астам жұмысшы мамандығының өкілдері қатысты.
«Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасының шеңберінде облыста қайырымдылық жұмыстары ұйымдастырылуда. Өңірде отбасыларға қолдау көрсету жөніндегі 134 қызмет бар. Сондай-ақ «Отбасым – тірегім» жас отбасылар клубы да жемісті жұмыс істейді. «Қайырымдылық керуені» және «Қайырымдылық» акцияларына барлық меншік нысандарындағы ұйымдар, этномәдени бірлестіктер белсенді қатысып, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, ардагерлерге, мүмкіндіктері шектеулі адамдарға көмек көрсетіледі. Сонымен қатар «Қамқорлық», «Мейірім керуені», «Мектепке жол» акциялары өткізіліп тұрады. Мәселен, «Қамқорлық» акциясы аясында 10 мыңға жуық мектеп оқушысына 33 миллион теңгеге материалдық көмек көрсетілді. Облыс әкімі мұндай игі істер қарым-қатынастың нығаюына, жақсылық жасауға ынталандыратынын айтып, алда да сабақтастық үзілмейтінін атап өтті.
Брифингті қорытындылай отырып, Павлодар облысының әкімі өңірдегі мемлекеттік қызметшілерді «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының орындалуын жауапкершілікпен атқаруға шақырды.
Мұхит Омаров,
Павлодар облысы