
Наурызнама онкүндігі аясындағы «Тазару күніне» орай Алматы жастары ерекше белсенділік танытып, қала тұрғындары үшін ауқымды мәдени шара ұйымдастырды.
Бүгін Астана алаңында қала жастарының ұйымдастыруымен мерекелік үлкен концерт өтті. Шара барысында Алматының талантты жастары сахнаға шығып, ән айтып, би билеп, түрлі шығармашылық өнерлерін паш етті. Концерт алаңына жиналған қала тұрғындары мен қонақтары жастардың өнерін ыстық ықыласпен қарсы алып, Наурыз мерекесінің ерекше атмосферасын бірге сезінді.
Мерекелік концерттен кейін шараның жалғасы ретінде «Таза ой — Таза қоғам» атты ауқымды флешмоб ұйымдастырылды. Флешмобқа 500-ден астам жас қатысып, «Тазару» ұғымының тек қоршаған ортаны тазарту ғана емес, сонымен қатар адамның ойы мен ниетінің тазалығын білдіретін маңызды құндылық екенін көрсетті.

Флешмоб басталар алдында жастарға ішкі мәдениет, жауапкершілік және қоғамға пайдалы болу туралы қысқаша үндеу айтылды.
Сонымен қатар, Тазару күніне орай Алматы жастары таңертеңнен бастап әлеуметтік желілерде «Өзіңнен баста» челленджін бастады. Челлендждің негізгі идеясы — әр адам тазалық пен тәртіпті алдымен өзінен бастап, қала ортасын көркейтуге жеке үлес қосуы.
Жастар өздерінің тазалық акцияларына қатысқан сәттерін фото және бейне форматында жариялап, өзгелерді де игі іске қосылуға шақыруда. Челлендж аясында әлеуметтік желілерде жарияланымдар #Тазарукүні #ТазаҚазақстан хэштегтерімен таралуда.
Алматы қаласының белсенді жастарының бірі Бейбіт Жасұланұлы пікірінде мұндай бастамалардың маңыздылығын атап өтті:
«Тазару күні – бұл тек айналаны тазалау емес, бұл адамның өзіне, ойына, әрекетіне жауапкершілікпен қарауы. Біз жастар ретінде қаламыздың таза, көрікті әрі мәдениетті болуы өзімізден басталатынын жақсы түсінеміз. Осындай бастамалар арқылы әрбір жас қоғамға пайдалы болуға және ортақ құндылықтарды нығайтуға өз үлесін қоса алады», – деді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар жастардың экологиялық мәдениетін арттыруға, қоғамдағы жауапкершілікті нығайтуға және «Таза Қазақстан» идеясын кеңінен насихаттауға бағытталған.