jasqazaq.kz

Наталья Дятлова: Еріктіде ерліктің үлгісі бар

25 қараша 2022, 14:08

Соңғы жылдары елімізде волонтерлік қызмет ерекше қанат жайып, еріктілер қатары күн санап молайып келеді. Әсіресе, жастар тарапынан волонтерлік жұмысқа қызығушылық зор. Бүгінде әр өңірде еріктілер көмегімен қыруар жұмыс атқарылады. Ерікті болудың ерен еңбек екенін көрсеткен «Жамбыл жастары» қоғамдық ұйымы жиырма жылдан астам уақыт бойы жұмысын жүргізіп отыр. Жамбыл облысындағы белсенді жастардан құралған ұйымның бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы «Жамбыл жастары» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Наталья Дятлова әңгімелеп берді.

Jas qazaq: Наталья ханым, сіздің волонтерлер қатарына қосылғаныңызға қанша уақыт болды? «Жамбыл жастары» қозғалысы қашан құрылды? Ұйымның о бастағы мақсаты мен міндеті жайлы әңгімелеп берсеңіз?

Н.Дятлова: «Жамбыл жастары» жастар қозғалысы 2002 жылдан бері жұмыс істейді. Биыл наурыз айында біздің ұйымға 20 жыл толды. Бастапқыда жұмысымды ерікті болып бастадым. Әлі есімде, 2002 жылы алғаш рет халықаралық «Қызыл Ай» ұйымының Тараз қаласы бойынша филиалына ерікті болып тіркелдім. Волонтерлікке деген қызығушылығым сол кезден-ақ басталды. Міне, содан бері қаншама жыл Жамбыл облысындағы волонтерліктің дамуына өз үлесімді қосып келемін. «Жамбыл жастары» қоғамдық ұйымының негізін қалаушылардың бірі – менің ағам Андрей Емелин. Ол қоғамдық ұйымды құрған алғашқы белсенділердің қатарында болды. Мен ағама қарап белсенді болуды, қоғамдық жұмыстарға етене араласуды үйрендім. 2009 жылдан бері «Жамбыл жастары» қоғамдық ұйымына жетекшілік етіп келемін. Қазір Тараз қаласындағы ұйымнан бөлек, «28 петель» қайырымдылық қорында ерікті әрі үйлестіруші болып жұмыс істеймін. Бұл қайырымдылық қоры мерзімінен бұрын туылған балаларға экологиялық таза жүннен киім тоқиды. Біз бұйымдарымызды облыстағы перинаталдық орталықтарға тегін таратамыз. Мерзімінен ерте туылған балаларға арналған мұндай киімдер дәрігерлерге үлкен көмек. Кішкентай сәбидің өмірін құтқарып қалуға сеп. Осындай игі істің басы-қасында жүргенімді азаматтық парызым деп санаймын.

Біздің «Жамбыл жастары» ұйымымыз қайырымдылық қорын тұрақты ғимаратпен қамтамасыз етеді. Одан бөлек, тоқыма тоқуға арналған арнайы жіптер, құрал-саймандар мен керек-жарақтың барлығын «Жамбыл жастары» ұйымы жабдықтайды. Сонымен қатар дайын бұйымдарды сақтап, жеткізу жағына да көмек береді. Бір сөзбен айтқанда, екі ұйым бір-бірімен тығыз байланыса отырып, қайырымдылық жұмыстарын бірге жүзеге асырады. «Жамбыл жастары» ұйымы бес бағыт бойынша жұмыс істейді. Олар: даму жоспары, ерікті болу, білім алу, экологиялық бағыт және ақпараттық бағдарлама. Біздің ұйымда 20-дан астам тұрақты ерікті бар. Жаңа оқу жылы басталғанда еріктілердің қатары ұлғая түседі. Студенттер мен жоғары сынып оқушыларының белсенділігі жоғары. Қордың негізгі мақсаты – аталған бес бағыт бойынша жүйелі әрі жоспарлы жұмыстарды жүзеге асыру. Сондай-ақ Жамбыл облысындағы волонтерлікті дамытып, жастарға үлгі көрсетуге ұмтыламыз.

Jas qazaq: Өзіңіз басқаратын ұйым жыл басынан бері Жамбыл облысында қандай іс-шаралар өткізді?

Н.Дятлова: Біздің ұйымның белгіленген бағыттары бар. Әр бағыттың іске асуына арналған жоспары мен міндеттері тағы бар. Даму бағдарламасы 2002 жылдан бері жұмыс істейді. Бағдарламаның мақсаты – өкілетті органдармен тығыз қарым-қатынас орната отырып, жастардың мәселесіне баса назар аударту. Жыл басынан бері жұмыспен қамту ұйымдарымен жастар арасында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Жұмыс ұсынатын кәсіпорындардың ашық есік күндері өтті. Қоғамдық әрі халықаралық ұйымдармен етене араласа отырып, жастардың дамуына үлес қостық. Әсіресе, жастарды жұмысқа орналастыру сынды шараларды жиі ұйымдастырып, облыс жастарының белсенділігін арттырудамыз.

Екінші бағыт – волонтерлікті дамыту. Аты айтып тұрғандай, ерікті боламын деген адамға жан-жақты ақпарат беру. Еріктіліктің қыр-сырын түсіндіріп, қоғамдағы орнының ерекше екенін көрсету. Біз ұйымға ерікті ретінде қосылғысы келетін жастарға әрдайым ақыл-кеңесімізді беріп, ерікті болуға баулимыз. Ақысы төленбейтін, бірақ қызығы мен шыжығы мол жұмыстан рухани әсер алуды үйретеміз. Бұл бағытта да тренингтер мен семинарлар өтті. Үшінші бағыт – экологиялық бағыт. Мақсаты – қоршаған ортаға деген сүйіспеншілікті арттыру. Экология тақырыбы әр кезде де өзекті. Әсіресе, тарихы мен тағылымы мол Тараз қаласы үшін экологияны сақтау өте маңызды. Әдетте көпшілік экология дегенде көбінесе қаланың іші мен сыртын таза ұстау деп түсінеді. Ал шындығында, бұл бағытта атқарылатын жұмыс көп. Тараз қаласының тарихы терең көне шаһар екенін білесіздер. Болашақ ұрпаққа аманат етіп қалдыратын тарихи жәдігерлері ең көп мекен. Біздің басты құндылығымыз да – тарихи жәдігерлеріміз. Қоршаған ортаны ластамай, таза ұстаудан бөлек, ең басты міндетіміз – тарихи орындарды сақтау. Сондықтан бұл бағытта мәнді де мағыналы шаралар жиі ұйымдастырылады. Аталған бағыт бойынша шаралардың барлығы жүзеге асты. Биыл «Жамбыл жастары» ұйымы республикалық көлемде жүргізілетін «Жеңіс» жобасын қайта жандандырды. Екі жылдай бұл жоба тоқтап қалған болатын. Аты айтып тұрғандай, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне барынша қамқорлық көрсету мақсатындағы жоба. Жамбыл облысының жас белсенділері ауданымызда тұратын ардагерлерге көмектесті. Өзіме де осы жоба ұнайды. Бірде облысымыздағы қарт ардагердің үйіне бардық. Ол кісі өз басынан өткенін, Отанын жанкештілікпен қорғағанын айтып берді. Сол кездегі сезімді айтып жеткізу қиын. Олардың әңгімесін тыңдап отырып, көзімізге еріксіз жас келді. Осындай батыр аталарымыздың ерлігіне тәнті болдық. Олардың қайталанбас ерлігі жастарға үлгі болу керек. Біз қаһарман аталарымыздың еңбегін, жанкештілігін қазіргі ұрпаққа жеткізуіміз керек. Біз олардан үлгі алуымыз керек. Ерікті болудың ерекшелігі де осы, біз қарттарымызға көмектесе отырып, олардың аманатын кейінгі ұрпаққа үлгі ете аламыз.

Сондай-ақ жақында көпбалалы отбасының балаларына арналған ағылшын тілін үйрену жобасы аяқталды. Бұл ұзақ мерзімге арналған жоба болатын. Облыс бойынша 200-ден астам оқушы ағылшын тілінен тегін үйірмеге қатысты.

Біздің ұйым қоғамдық қор ретінде құрылғандықтан, жекелеген демеушілердің көмегі арқылы жұмыс істеп келеміз. Қала бойынша ұйымдастырылатын экологиялық акцияларымыз бар. «Таза қала» аталатын тұрақты жоба бойынша қала көшелері мен аулаларын таза ұстауға ұдайы үлес қосып келеміз. Мекемелердің айналасын тазарту жұмыстарына арналған сенбіліктер жиі болады. Әсіресе, көктем айларында «Жақсылық жасап жарысайық» атты жобамыз бар. Бұл жобаға бірнеше қайырымдылық әрі танымдық бағдарламалар кіреді.

«Кітап қалашығы» атты арнайы жобамыз бар. Әсіресе, күз басталғанда орталық алаңға жиналған жұрт кітаптарын әкеліп, бір-бірімен алмасады. Сонымен бірге жаңа кітаптардың тұсауы кесіліп, авторлармен кездесу, әңгімелесу мүмкіндігі туады. Бұл – облыс жастарының кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылатын негізгі жобалардың бірі. Жастардан бөлек, қала тұрғындары мен қарттары да белсене қатысып, кітап туралы ойымен бөлісіп, мәре-сәре болатын ең қызықты уақыт.

Келесі бағытымыз – ақпараттық дамыту бағдарламасы. Бұл бағдарламаға түрлі тақырыптағы пікірталастар, тренингтер мен дөңгелек үстелдер кіреді. Бұл да жастардың дамуына арналған бағыт. Сонымен қатар бұл бағыт аясында ағылшын тілін үйрену, түрлі тақырыптарға қатысты ой талқысы, яғни өз ойыңды ортаға салу сынды кездесулер ұйымдастырылады.

Jas qazaq: Волонтерлік іспен қай жастан бастап айналысуға рұқсат етіледі? Қандай да бір шектеулер жоқ па? Еліміздегі еріктілер қатарын көбейту үшін не істеу керек?

Н. Дятлова: Волонтерлік іспен мектеп жасынан бастап айналыса беруге болады. Нақты айтсақ, 14 жастан асқан балалар еріктілер қатарына қосыла алады. Биыл еріктілер саны ерекше қарқынмен көбейді. Өткен жылдарға көз жүгіртсек, «Жастар жылы», одан кейін «Волонтерлер жылы», биыл «Балалар жылы» деп аталды. Осыған байланысты еріктілер жұмысының жақсы жүруіне көп қолдау көрсетіліп жатыр. Өкінішке қарай, қазіргі таңда еріктілердің кім екенін білмейтіндер де бар. Еріктілер санын арттыру үшін көптеген акциялар, іс-шаралар ұйымдастыру керек. Жастарды бұл іспен жақынырақ таныстыру керек. Мен осыдан бірнеше жыл бұрын еріктілік аясында АҚШ-қа барып тәжірибе алмасып қайттым. Сол кезде біз Американың бірнеше мектептерінде болдық. Олардың мектептерінде волонтерлік іс бастауыш сыныптан бастап арнайы факультатив ретінде оқытылады екен. Ол курсты тәмамдаған балаларға арнайы мінездеме де жазылады. Ол оның жоғары оқу орнына түсуіне жолдама ретінде де қарастырылады екен. Мектеп оқушысына ерікті болудың қыр-сыры мен маңыздылығы жан-жақты түсіндіріледі. Волонтерліктің артықшылықтары да айтылады. Мектеп жасындағы баланың қай салаға қызығушылығы артады, сол салаға ерікті ретінде ерте жастан тәрбиеленеді. Біз енді мектеп бағдарламасына қоссын демейміз, тек еріктілік те оқушыларға жастайынан түсіндірілсе дұрыс болар еді. Бізде ақпараттандыру жағы кемшін. Байқасаңыз, қазір ешкім тегін жұмыс істегісі келмейді. Біз ұйымға ерікті болғысы келетіндерге түрлі сыйлықтар тағайындау арқылы қызықтырамыз. Бірақ волонтер болғысы келетін адам ең алдымен өзінің мақсатын айқын білуі керек. Ерікті болудың мәнін түсінуі тиіс.

Jas qazaq: Волонтерлер үнемі адамдарға көмек көрсетіп жүреді. Ал мемлекет тарапынан волонтерлерге қандай қолдау көрсетіліп жатыр?

Н.Дятлова: Көптеген волонтерлердің қайырымдылыққа қатысты идеялары бар және олар оны жүзеге асыру үшін барын салады. Еріктіде ерліктің үлгісі бар екенін айтқым келеді. Осы тұста мемлекет тарапынан еріктілікті дамытамын деген адамға арнайы қаржы бөлінеді. Ең алдымен, волонтер өзінің жобасын ұйымдастырып, оны таныстыруы керек. Осылайша, кез келген волонтер өз арманын іске асыра алады. Қазір еліміз бойынша еріктілер ұйымдары өте көп. Әрқайсысының өз бағыты мен мақсат-міндеттері бар. Біздің қоғамдық ұйым жиырма жылдан астам уақыт өз жұмысын жүзеге асырып келеді. Қоғамдық ұйым болғандықтан, облыстан шыққан кәсіпкерлер мен халықаралық ұйымдар тағайындайтын гранттар арқылы шаралар ұйымдастырамыз. Ең бастысы, бізге тіркелетін волонтерлер – өзінің мақсаты мен мүддесін білетіндер. Қазір мемлекет тарапынан волонтерлікке қолдау бар. Еліміз бойынша еріктілердің ортақ сайты жұмыс істейді. Онда Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі еріктілер ұйымы тіркелген. Ортақ база, ортақ мақсат, ортақ жоспар бар. Оған қоса, біз бір-бірімізбен тығыз қарым-қатынастамыз. Қатарымызда жалынды жастар көп болғандықтан, елімізде орын алып жатқан түрлі оқиғаларға бейжай қарамаймыз. Күні кеше ел Президентін сайладық. Біздің жастар да бұл науқанға белсене атсалысып, ақпараттық қолдау көрсетті.

Қазіргі уақытта еліміздегі еріктілік жақсы қарқын алды деуге болады. Түрлі қалаларда волонтерлік штат, кабинеттер пайда болды. Оған волонтерлікпен айналысқысы келген азаматтар барып тіркеле алады. Жастар бір-бірінің игі істер атқарып жүргенін көріп, үлгі алады. Сөйтіп еріктілер қатарына қосылады. Жыл сайын волонтерлер арасында түрлі шағын гранттар беріледі. Түрлі деңгейдегі форумдар ұйымдастырылып, еріктілердің басын қосады.

Jas qazaq: Волонтер дегенде көпшіліктің көз алдына мұқтаж жандарға азық-түлік апарып, оны-мұны шаруасына қолғабыс ететін жастар елестейді. Ал шындығында, еріктілікке бет бүрғандардың жұмысы мұнымен шектелмейді ғой?

Н.Дятлова: Қоғамда еріктілер жайында ондай жаңсақ пікір қалыптасқаны рас. Кейде бізге кез келген уақытта пайдалануға болатын жұмыс күші ретінде қарайды. Тіпті кейбірі еріккеннің ермегі деп те сөгеді. Менің айтарым – волонтерлік қызмет – панасыз қарттардың үйінің ауласындағы қарын күреп, оларға дүкеннен азық-түлік апарып берумен шектелмейді. Экологиялық, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне атсалысып жүрген қаншама қатарластарымды білемін. Бізде назардан тыс қалып жатқан қоршаған орта мәселелері жетерлік. Еріктілер өз белсенділігі арқылы оған қоғам назарын аудартып қана қоймай, оның шешілуіне де септігін тигізіп жүр. Осындай азаматтарды көргенде еріксіз сүйсінесің. Жалпы өзгеге көмек қолын соза білу – адам бойындағы керемет қасиеттердің бірі деп білемін.

Еріктілік – жастардың өз белсенділігін көрсетіп қана қоймай, адамдарға көмек беріп, тәжірибе жинауға, өмірлік маңызды дағдыларды дамытып, әлемді жаңа қырынан көруге мүмкіндік беретін сала. Сондықтан бос уақытыңды еріктілікке жұмсау – тұлғалық дамуға құйылған инвестиция болып табылады.

Қоғамда еріктілердің орны ерекше. Өйткені еріктілер жасаған жақсылықтары үшін қандай да бір өтемақы талап етпейді. Олар біреуге көмектесуді парыз деп санайды. «Еріктілер деген кім, немен айналысады, олар не үшін жақсылық жасайды?» деген сауалдарға еріктілердің өздері де жауап бере алмауы мүмкін. Себебі олар игі істерді өздерінің жан қалауымен жасап отырғаннан кейін бірден «ерікті деген мынау» деп жауап қайтара алмайды. Бір сөзбен айтқанда, еріктілер – адамгершілік туын көтерген қоғамдағы белсенді топ. Ерікті болу, басында айтып өткеніміздей, сізге ешқандай материалдық байлық бермейді. Бірақ сіз оның орнына зор алғысқа бөленесіз, қиналған жанға титтей болса да көмегіңіз тиеді. Бұл нағыз адамгершіліктің белгісі. Сонымен бірге ерікті болу арқылы сіз үлкен тәжірибе жинақтайсыз. Еріктілік – бұл мемлекет пен жалпы қоғам дамуының көрсеткіші. Өйткені мемлекеттің жетістіктері күн сайын пайдалы да маңызды істерді орындайтын патриот азаматтардың белсенді іс-қимылына тікелей байланысты.

Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет! Сауапты жұмысыңызға сәттілік тілейміз!

Мақпал Махаметқызы,
Жамбыл облысы

09 тамыз, 15:04
Бахадыр Мәдәліұлы: Мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету – мәслихат пен партияның ортақ міндеті
06 тамыз, 20:36
Алматыда көше және сәулеттік жарықтандырудың бірыңғай жүйесі жасалады
05 тамыз, 12:34
Бала жанын түсіну – рухани жауапкершілік
31 шiлде, 15:56
Тайланд-Камбоджа: Шиеленіс қалай шешілді?
31 шiлде, 15:21
2,7 млн жайылым жер мемлекетке қайтарылды: жұмыс жалғасады
31 шiлде, 15:00
Айгүл Жамалбекова: Мүмкіндігі шектеулі жандарға ешқандай шектеу жоқ
31 шiлде, 14:48
Қолжетімді баспана – мемлекеттік тұрғын үй саясатының басым бағыты
31 шiлде, 12:19
Жетісайда мүмкіндігі шектеулі жандардың өтініші басты назарда
31 шiлде, 11:55
Қазақстан жаһандық процестерге белсене араласады