Насихаттың құрбаны

05 наурыз 2021, 13:40

Басқаға қайдам, маған жер бетіндегі алаяқ пен аяр әйелдің бәрі бізге келіп алғандай болып көрінеді. Түрлі ақпарат пен жазбалар соның айғағы. Алдампаз шығаратын зауыт пайда болған ба, құдайдың құтты күні жұртты зар жылатып зытып отыратын қыз-қырқын қаптады.

Теледидардың ішінде өңшең бала-шағасын зарлатып тастап кеткен қаңғыбас әйелдер «өріп жүр».
«Бізге үй бер, несиемізді төле» деп көп балалы ханымдар күн құрғатпай әкімдіктің есігін тоқпақтайды да жатады. Мұндай қылық аяулы аналарымыз бен асыл әжелеріміздің миына да келмепті-ау!

Кірпік жапсырып, ернін дүрдиткен бойжеткендер құдды инкубатордан шыққандай. Неше түрлі байзақова, наршаеваларды айтпағанда!

Байзақова демекші, әне бір жылы елге танымал журналист Қымбат Әбілдина екеуі бір сұхбатта беттесті. Қымбат апайымыздың «Қарағым, ата-анаң бар ма өзі? Олар саған ештеңе демей ме?» деген сөзінен нәтиже шығарды ма, қазір ол қыз бұрынғыдай атын шығару үшін «жер өртеп жатқан жоқ». Бірақ ондайлардың орны ешқашан бос қалмайды.

Түгелдей шешініп тастамаса да, жұлдыз атаулы төсі мен санын жалаңаштауға көшті. «Мейлі, не естесе де өз бұты ғой» деп қолды бір сілтеуге де болар еді. Бірақ бұлар жалпақ жұртқа үлгі көрсететін, ақыл-ойы піспеген кішкентай қыздар еліктейтін жандар емес пе? Осындайда қадірлі ұстазымыз, сатирик Темірбек Қожакеевтің айтқаны ойға оралады. Ол кісі ҚазМУ-дің журналистика факультетінің деканы болғанын көпшілік біледі. Біз оқуға түсе сала, қазақ бөлімін жинап алып, түгендегені бар. Сонда бір қыз иығы ашық көйлек киіп келіпті. Қожакеев «біздерде анадай бар, мынадай бар деп келдің бе?» деп саңқ еткенде, әлгі қыз тұрмақ, бәріміз үстелдің астына кіріп кете жаздағанбыз. Ұлағатты ұстаздың осы бір ауыз сөзі бізге өмір бойы тежеу болды. Ол кезде журфактың қабырғасында қысқа етек киіп, кеудесі ашық киім киген қыздарды көрмейтінсің. Міне, қазір сондай айқай салатын адам болмай тұр.

«Махаббат қызық мол жылдарды» жазған Әзілхан Нұршайықов ағамыздың мына сөзі де тәрбие: «Әйелдің ашық-шашық жерді көбейтпей жауып, жария етпей қымтап ұстауы абзал. Әсіресе, етекті қара санға дейін көтермеу, кеудені жалаңаштамау жөн. Сонда еркек елеңдемейді, әйел алаңдамайды, адалдық бұзылмайды». Әттең, ойы да, бойы да көркем Меңтайдың бейнесін сомдаған жазушының осы айтқанын қаперге алатын кім бар? Хайп қуып, лайк жинағандар жүгінетін бір амалы әлгі болса.

Мінеки, ақпарат құралдары жабылып жүріп, оған әлеуметтік желі қиқу қосып бүгінгі қазақ әйелінің жағымсыз, сұрқия бейнесі сомдалды. Айналаға қарайықшы, қазақ әйелі шынымен сондай ма? Жоқ, әрине! Ендеше неге біз жақсыны насихаттамаймыз?

Гүлнар Ахметова

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген