НҰРМҰХАМБЕТ ӘБДІБЕКОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – ҰЛТТЫҚ БІРЛІК ТІРЕГІ

03 ақпан 2016, 9:24

Қарағанды десек, көз алдымызға ұлы даламыздың Ұлытауы, Жезқазған, шоқтығы биік Қарқаралы, Үшқара таулары елестеп, Тәттімбеттің сырлы күйі мен Мәдидің әсем әндері өзінің сиқырлы сазымен жүректі тербегендей болып тұрады. Қарағанды қазақ әдебиеті мен мәдениетіне, өнеріне дарынды ұл-қыздарды сыйлаған қасиетті өңір. «Өзге емес, өзім айтам өз жырымды» деп жырлаған атақты Қасым ақынның кіндік қаны тамған өлке. Еліміздің көшбасшысы, Тұңғыш Президентіміз Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қарағандының Теміртауындағы еңбек жолы бүгінде үлкен мен кішінің аңыз қылып айтар әңгімесіне айналды. Бір сөзбен түйгенде, Қарағанды өңірі әр қазақтың жүрегіне жылылық ұялатып, ой-санасында «Бізде осындай құтты мекен» бар деп мақтаныш етерліктей құтты жер. Демек, Алаштың әрбір баласы Қарағанды жерінің гүлденуі мен өркендеуіне мүдделі. Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековпен сұхбаттасу барысында өңірдің бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында біршама мәселелер ортаға салынды. Бұл Нұрмұхамбет Қанапияұлының өңір тізгінін қолына алғалы бұқаралық ақпарат құралдарына, соның ішінде ұлт газеті «Ана тіліне» беріп отырған алғашқы сұхбаты екенін де айта кетсек, артық болмас.

– Нұрмұхамбет Қанапияұлы, өзіңіз басшылық жасап отырған Қарағанды облысының еліміздің тарихындағы орны ерекше екенін айтып жатудың қажеті бола қоймас. Дегенмен, ұлы тұлғалар дүниеге келген, кешегі хандық дәуірлерде хандарымыз бен билеріміз, игі жақсылар бас қосатын Ұлытау сияқты ұлағаты мол жерлер, ән мен күй шоқтығын өмірге әкелген сал-серілердің ізі сайрап жатқан өнер өлкесі бұл. Өндірістік саласы өз алдына бір әңгіме.
– Дұрыс айтып отырсыз, Қарағанды облысы өндірістік қуатынан бөлек, қазақ­тың өнері мен мәдениетінде, тарихында, ұлттық әдебиетінде ерекше орны бар өлке. Қарағандының дамуы мен өркендеуі Елбасының ұдайы назарында. Мемлекет басшысы еңбек жолын бастап, шыңдалған Теміртауымыз, Қаныш Сәтбаевтай тұлға­ның мыс кенін ашып, даңқымен аты шыққан Жезқазған, байтақ тарихымызды айтар болсақ, кешегі бабаларымыздың, ұлт қайраткерлерінің ізі сайрап жатқан Ұлытау өңірі, Тәттімбет, Мәдидей сал-серілердің ән-күйлеріне арқау табиғаты, жусанды даласы, еңселі таулары – бәрі-бәрі тарихтан сыр шертіп тұр. Сондықтан Қарағанды өңірі қай тұрғы­дан алсақ та біз үшін қымбат, тұғыры биік, орны ерекше деп айтар едім.
– Айтып отырғаныңыз орынды. Өзіңіз жақсы білетіндей, мәдениеттің, өнер­дің бастауында тіл тұрады. Бүгінде мем­лекеттік тіліміздің қолданыс аясы, оның күн­делікті өмірдегі мәселелері баршамызды толғандырады. Әрине, мемлекет тарапынан қазақ тіліне ерекше көңіл бөлініп келеді. Десек те, кейбір жергілікті жерлердегі қазақ тілінің өркен­деуі алаңдатпай қоймайды. Байқасақ, азаматтарымыз әлі де сол баяғы орыс тілінің ықпалынан шыға алмай жүргендей әсер қалдырады.
– Мемлекеттік тіл – мемлекетіміздің қалыптасуының, тәуелсіздік тұғырының нығаюының негізі болып табылады. Оның дамуына, қолданыс аясының кеңеюіне қашанда мүдделі болуымыз керек. Біздің алдымызда тұрған зор міндеттің бірі осы. Елбасы мемлекеттік тілге байланысты айтқан сөзінде 2025 жылды ерекше атағаны белгілі. Осы жылға дейін қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілінде сөйлеуі тиіс деген тапсырма берілді. Бұл көрсеткішке межелі уақытта жету үшін кешенді бағдарлама мен жүйелі жұмыс қажет. Осы мақсатты орындау үшін «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, бірқатар жұмыстар атқарылып келеді.
Мәселен, мекеме аудармашыла­рының іс жүргізудегі біліктілігі мен тәжірибесін жетілдіруге ықпал жасау, мемлекеттік тілде дайындалатын іс қағаздардың сапасын арттыру мақсатында әдістемелік семинарлар, оқыту курстары, дөңгелек үстелдер, байқаулар және т.б. іс-шаралар ұйымдастырылады. Олардың қатарында «Үздік аудармашы», «Мемлекеттік тілде іс жүргізу үздігі» және «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» байқауларын атап өтуге болады. Қаржы, экономика, статис­тика, кәсіпкерлік, банк, жолаушыларды тасымалдау қызметі, оның ішінде теміржол мен автокөлік, медицина салаларында терминдердің қолданылуына арналған семинарлар үнемі өткізіліп отырады. Бүгінгі күні облыс бойынша 300-ден астам аудармашылар мен іс жүргізушілер курстан өтіп, сертификат алды.
– Мемлекеттік қызметшілердің мемле­кеттік тілді меңгеруі туралы не айтар едіңіз?
– Мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік тілді білуі керек. Өйткені мемлекеттіліктің негізі – мемлекеттік тілде ғой. Демек, бұған ерекше назар аударып келеміз. Осы ретте жергілікті атқарушы органдардың мәжіліс жиындарын мемлекеттік тілде өткізу мақсатында облыс әкімі аппаратының, Қарағанды, Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Абай ауданы әкімдері аппараттарының мәжіліс залдары ілеспе аударма жасайтын қондырғылармен жабдықталған. Ілеспе аударма жасайтын аудармашы мамандармен қамтамасыз етілген. Тағы бір атап өтерлік мәселе, мемлекеттік органдардың құжат айналымындағы мемлекеттік тілдегі кіріс-шығыс құжаттарының үлесіне ай сайын мониторинг жүргізіледі. Мекемелердің кіріс-шығыс құжаттарының мемлекеттік тілде ресімделуіне тұрақты түрде сараптама жасалады. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда мемлекеттік тілдегі шығыс құжат айналымы үлесінің артқанын атап өтуге болады. 2011 жылы шығыс айналымдағы құжаттардың мемлекеттік тілдегі үлесі 82 пайызға жетсе, бүгінгі күні ол 94,1 пайыз болып отыр. Демек, ілгерілеушілік бар. Сонымен қатар облыс бойынша үш тілде іс жүргізетін мемлекеттік қызметшілер тізімі анықталып, осы бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасуда. Өзім және орынбасарларым, басқарма және департамент басшылары, аудан, ауыл, елді мекен әкімдері де қазақ тілінде еркін сөйлейді.
«Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» тіл үйренуге ынталы барша қазақстандықтар үшін мемлекеттік тілді оқытуға жағдай жасалу жөнінде айтылып, қазіргі уақытта мемлекеттік қызметшілермен қатар жеке тұлғаларды оқыту да қолға алынды.
Қазіргі таңда облыста 6 арнайы оқыту орталықтары жұмыс істейді. Алдағы уақытта мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту үшін бизнес өкілдерін – кәсіпкерлерді оқыту мәселесін қолға алу жоспарлануда.
Мемлекеттік қызметшілердің қазақ тілінде сауатты жазу дағдысын қалыптас­тыру мақсатында Қазақстан халқы тілдері күніне орай, облыстық басқармалар мен қала-аудандарының мемлекеттік қызмет­шілерінен диктант алу жұмыстары ұйым­дастырылып, оған барлығы 672 адам қатысты. Диктанттың қорытындысы бойын­ша 78,7%-ы жоғары, 13,8%-ы орташа және 7,4%-ы төмен нәтижені көрсетті. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді меңгеруі үшін әртүрлі іс-шаралар өткізіліп тұрады. Мысалы: үштілді меңгергендер арасында «Тілдарын» мен «Тіл шебері», өзге ұлт өкілі арасында «Мемлекеттік тіл – болашағым», «Абай оқу­лары» байқаулары және т.б. Сонымен қатар облыста «Орталық Қазақстан», «Арқа ақшамы» облыстық газеттері жарық көріп келеді. Жалпы газет беттерінде ұлт руханияты мен мәдениетіне, облыстың хал-ахуалына қатысты жарияланған материалдарды үзбей оқимын.
– Тіл жайын қозғаған соң, ауыл мәселесін айтпай кетуге болмас. Ауылдарға, олардың жағдайына қаншалықты көңіл бөлесіздер?
– Ауыл қазақтың – алтын бесігі ғой. Сондықтан ауылға көңіл бөлу, ауылымызды өркендету ел саясатының басты бағыттарының бірі. Бүгінгі таңда облысымызда 6545 ауылшаруашылығы құры­лымдары жұмыс істеп жатыр. Ауылшаруа­шы­лығы өндірісінің негізгі бағыт­тары ет, сүт, жұмыртқа, бидай, картоп және көкөністер шығару болып табылады. Агроөнеркәсіп кешені саласы өндірісі қарқынды түрде дамып келеді. Биылғы жылдың астық ору науқанын жақсы нәти­жемен аяқтадық. Облыс бойынша гектарына 9,8 центнерден 652,4 мың гектар алқаптан 640 мың тонна астық жиналды. Тағы бір айта кетерлігі, облыс бойын­ша егістік алқаптарда қазіргі заманғы технология­лар енгізу қолға алынған. Дәнді және бұршақты дақылдар өндіруде ылғал сақтау технологиясы алқаптың 80,7 пайызына енгізілген.
Мемлекет тарапынан өсімдік шаруашы­лығын дамытуға үлкен қолдау көрсетіліп отыр. Биылғы жыл ауылшаруашылық өндірісі үшін өте сәтті жыл болды. 58 жоба жүзеге асырылуда. Соның негізінде 1377 жұмыс орны ашылатын болады.
Жайылымы кең, шөбі шүйгін Арқа даласында мал шаруашылығын өркендетуге толық мүмкіндіктер бар. Бұл орайда қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту жобасының басты бағыты мал бордақылау алаңдарын салу бойынша 2011-2014 жылдар аралығында облыс аумағында 6 мың басқа арналған 11 мал бордақылау алаңы салынғанын айта кетсем деймін. Ағымдағы жылдың аяғына дейін Бұқар жырау ауданының «Жәке» шаруа қожалығында 3000 басқа арналған мал бордақылау алаңы пайдалануға берілмек. Сонымен қатар Абай ауданында «АПХ Сарыарқа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 3000 басқа арналған мал бордақылау алаңының құрылысы бас­талды. Барлық мәселені айтып жатудың қажеті бола қоймас, дегенмен, ауылды өркендету жолындағы бағыт-бағдарымыз – ауыл халқының тұрмыс-жағдайын жақсарту, әлеуетін арттыру, экономикасын көтерумен тығыз байланысты.
– Қарағанды облысы еліміздің саяси-экономикалық және мәдени-әлеуметтік дамуын­да өзіндік орны бар аймақ екені көпшілікке белгілі. Облысқа басшы болып келгеніңізге бір жылдан асқан екен. Осы уақыт аралығында өңірде қандай жұмыстар атқарылды. Сол туралы қысқаша айта кетсеңіз.
– Қарағанды облысы жер көлемі жағынан да Қазақстандағы ең үлкен облыс болып табылады. Қойнауы қазынаға толы Қарағанды жері республиканың минералдық-шикізаттық кешенінде аса маңызды орын алатыны белгілі. Қазақстанның темір, марганец, барит, полиметалл, мыс, сирек кездесетін металлдар және көмір кенінің ең мол қоры орналасқан өңір. Облыстың тағы бір ерекшелігі – оның тиімді географиялық орналасуын­да жатыр дер едім. Көптеген көліктік магистральдардың біздің аумағымыз арқылы өтуі еліміздің басқа өңірлерімен шаруашылық байланыстарды нығайтуға, экспорттық әлеуетті Орталық Азия, Ресей және Қытай нарығына шығаруға үлкен мүмкіндік береді. Жалпы Қарағанды облысында 10 айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің жоғары динамикасы сақталып отыр. Нақты айтар болсақ, өнеркәсіптік өнімнің көлемі 8,1%-ға өсті, ал өңдеу өнеркәсібіндегі көрсеткіш 14,6%-ға жоғарылады. Бұл республика бойынша алдыңғы қатарлардың бірі. Жыл басынан Индустрияландыру картасы бойынша 8 жоба іске қосылды. Аталған жобаларға 12 млрд теңге бөлініп, 500-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылуда. Жыл соңына дейін тағы 2 жоба іске қосылуы керек. Бұған 6 млрд теңге бөлініп, жаңа 112 жұмыс орны ашылады деп көзделуде. Бұл дегеніміз – облыстағы жұмыссыздық көрсеткіші төмендеп келеді деген сөз.
Отандық индустрияның қарашаңырағы әрі қажымас қара нары өндірісті өңіріміздің еліміздің экономикасында алатын орны бір төбе екені белгілі.

Мәселен, мекеме аудармашыла­рының іс жүргізудегі біліктілігі мен тәжірибесін жетілдіруге ықпал жасау, мемлекеттік тілде дайындалатын іс қағаздардың сапасын арттыру мақсатында әдістемелік семинарлар, оқыту курстары, дөңгелек үстелдер, байқаулар және т.б. іс-шаралар ұйымдастырылады. Олардың қатарында «Үздік аудармашы», «Мемлекеттік тілде іс жүргізу үздігі» және «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» байқауларын атап өтуге болады. Қаржы, экономика, статистика, кәсіпкерлік, банк, жолаушыларды тасымалдау қызметі, оның ішінде теміржол мен автокөлік, медицина салаларында терминдердің қолданылуына арналған семинарлар үнемі өткізіліп отырады. Бүгінгі күні облыс бойынша 300-ден астам аудармашылар мен іс жүргізушілер курстан өтіп, сертификат алды. 

– Сұхбатымыздың түйін сөзін, қасиетті Ұлытау жөніндегі әңгімеңізбен аяқтасақ. Мұны айтып отырған себебіміз, Ұлытауда көптеген тарихи жерлер бар. Бұл маңда туризмді дамытсақ та, ұтарымыз аз емес сияқты. Елімізді шетелдерге танытудың да бір жолы осы болмақ.
– Ұлытау – ұлт ұясы екені белгілі. Елбасының Ұлытау төріндегі толғанысы тарихи мәселелердің күнтәртібіне шығуына жол ашты.
Ұлытау ауданы қазақ жерінің тарихи, экологиялық және экскурсиялық туризм орталығы болып табылатыны рас. Қойнауы бай тарихи жәдігерге толы Ұлытаудың баурайында жеті жүзден астам көне нысан бар. Олардың 282-сі «Ұлытау» мұражайының тарихи-мәдени картасына енгізілген. Бұл өлкеде күні бүгінге дейін туризм саласы кенжелеп қалған болатын. Ол туралы талай мәселе көтерілді, сын айтылды. Ол сөздің бәрі далаға кетпеген екен. Ұлытауды қазақ туризмінің орталығы ету барысында бірнеше ірі шаралар қолға алынды.
Аймақта туризмді дамыту үшін бірнеше жоспарлар бекітілген. Ауданда бес ірі туристік бағыттар бар. Қонақүй қызметі де жолға қойыла бастады. Ұлытау елді-мекенінде жиырма адамдық бір қонақүй мен «Болатсай» және «Қазақмыс корпорациясының» демалыс орындары ашылған. Алдағы жылдары олардың қатары тағы да демалушыларға қызмет көрсететін нысандармен толықтырылмақ. Әрі тарихи және табиғи байлықтарды сақтау мақсатында қазіргі таңда «Ұлытау» ұлттық табиғи саябағы мен «Ұлытау-Арқалық» табиғи кешенін құру жұмыстары қолға алынған. Өткен жылы өңірдің насихатталуын арттыру мақсатында Қазақстан географиялық қоғамының қатысуымен Ұлытау жерінде кешенді экспедиция ұйымдастырылды. Оған тарихшы-археологтар, зерттеуші-географтар, биологтар, ботаниктер, туризм саласының мамандары және СТВ телеарнасының журналистері қатысқан. Бас-аяғы он күнге созылған экспедиция барысында аудандағы елді мекендер мен өңір табиғаты, экономикалық жағдайы мен географиялық ерекшеліктері туралы бірқатар ақпараттар жиналды. Саяхатшылар таулы аймақтарға сапарға шықты. Алаша хан, Жошы хан кесенелері мен Аяққамыр және Басқамыр қалашықтарының орнына барып бұл жерлердің туристерді несімен қызықтыратыны анықталып, тиісті бағасы берілген. Сонымен қатар Арғанаты мен Тамды өзенінің шатқалдары және Барақкөл жағалауы тәрізді табиғаты әсем жерлер де назардан тыс қалмаған екен. Ұлы дала төскейін он күн бойы аралап шыққан экспедицияның жинаған мәліметтері бойын­ша СТВ арнасы екі сериядан тұратын «Қазақстанның белгісіз қырлары» деректі фильмін жарыққа шығарды. Сонымен қатар, осы мәліметтердің негізінде өңірдің сапаралық жол көрсеткішін жасау жоспарда бар. Бұдан бөлек барлық деректер (фото, бейне материалдар) бір жерге топтастырылған. Егер қызығушылық танытып жатқан туристік компаниялар болса жарнама мақсатында қолдану үшін оларға берілетін болатын.
Ұлытаудың батысына қарай 20 км қашықтықта әйгілі тарихи орын «Хан Ордасы» орналасқан. Аңызға сенер болсақ, осы жерде Әбілқайыр хан мен Абылай ханды ақ киізге көтеріп, хан сайлаған көрінеді. Осыны ескеріп, аталмыш аймақты көркейту шаралары жасалған. Нәтижесінде 10 млн теңге жұмсалып, ел қызыға тамашалайтын көркем нысан бой көтерді. Таза граниттен хан тағы жасалды. Ауданда жыл сайын отандық туризмді дамыту мен насихаттау жолында дәстүрлі түрде «Терісқаққан көктемі» этнофестивалінің ұйымдастырылып тұратындығын айта кетуіміз керек. Оған отандастарымыздан бөлек әлемнің түкпір-түкпірінен туристер ағылып келіп жатады. Мәселен, 2012 жылы ұйымдастырылған фестивальге облыстық және республикалық он төрт телеарна қатысты. Ал 2013-2014 жылғы фестивальге Ресей мен Бахрейн елдерінің туристері және АҚШ, Франция, Ресей тәрізді алпауыт елдердің журналистері келген. Ал биылғы жылы, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойының құрметіне өңірде Бұланты шайқасының монументі ашылып, сол жерде «Ұлытау – ұлт ұясы» конференциясы, «Хан Қорық» жастар фестивалі мен басқа да ірі мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Мұның бәрі өңірде туризмді дамыту бағытында жұмыстар атқарылып жатқандығынан көрініс береді. Осындай шараларды ұйымдастыру арқылы отандық және шетелдік туристердің қы­зы­ғушылығын оятамыз әрі Ұлытау ауда­ны­ның Қазақстанның тарихи-мәдени орта­лығы ретінде қалыптасуына жол ашамыз.
Қорыта айтқанда, Қарағанды облы­сының бет-бейнесі, дәстүрлері мен өнегесі уақыт ағымына сай дами беретін болады.
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен 
Сұлтан Тайғарин,
Ақбота ИСЛӘМБЕК

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?