Мыс шаһардың бүгіні мен ертеңі

02 шiлде 2018, 11:01

Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын­да индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс екендігін атап көрсетті.  Сондай-ақ осы Жолдауда басымдық берілген мін­деттердің бірі  — адами капитал.  Жаңғыру негізі болғандықтан, адами капиталдың жаңа сапасы өзекті мәселеге айналғаны анық. 

Жуырда Қарағанды облысы Балқаш қаласына барған сапарымызда осы міндеттердің жүзеге асып жатқанын өз көзімізбен көрудің сәті түсті.  

       Сапарымыз Балқаш қаласының тарихымен тамырлас Кazakhmys Smelting ЖШС-не тиесілі Балқаш мыс қорыту зауытынан басталды. 1938 жылы алғаш жұмысын бастаған  Балқаш мыс балқыту зауыты — бүгінгі күні еліміздегі  ең ірі мыс өндірушілердің бірі.  Мұнда күн сайын, үздіксіз режимде 3500-ден астам адам жұмыс істейді.

Қаланың тыныс-тіршілігі Kazakhmys Smelting ЖШС-не  тиесілі мыс қорыту зауытымен тығыз байланысты. Қазір зауыт жоспарлы түрде  жаңарудың жаңа  сатысында көшкен. Зауыт қызметкерлері кәсіпорынның  жаңғыру бағдарламасы бойынша белсенді жұмыс істейді. Бағдарламада автоматтандыру, қауіпсіздік, еңбекті қорғау және қоршаған ортаға зиянды әсерді азайту міндеттері қамтылған. Біз өндіріс орнына   кірмес  бұрын, зауыт қызметкерлеріне арналған қауіпсіздік ережесімен таныстық. Кеншілер киетін арнайы киімді де кидік. Содан кейін ғана зауыт табалдырығын аттадық.

       Мыс шаһары 80 жылдық мерейтойын былтыр атап өтті. Биыл тойланатын мереке — «Қазақмыс» компаниялар тобындағы Балқаш мыс қорыту зауытының 80 жылдығы. 1938 жылы Балқаш мыс және түсті металл өңдеу зауыттары Қоңырат мыс және Гүлшат қорғасын-мырыш кеніштерін біріктіру нәтижесінде Балқаш кен-металлургия комбинаты болып құрылған. Бүгінде  қаладағы  80 мың тұрғынның үш жарым мыңнан астамы Кazakhmys Smelting ЖШС Балқаш ауданында жұмыс істейді.  Мыс қаланың әлеуметі мен тыныс-тіршілігі кәсіпорын төлейтін салыққа байланысты.

Балқаш қаласының әкімі Александр Аглиулин: «Қазақмыс» пен «Арселор Миттал» компаниясы Қарағанды ​​облысының негізгі донорлары екенін бәрі біледі. Қаладағы жалпы  салық көлемі жылына шамамен 22 млрд  теңгеге жетеді. Шаһардың жыл сайынғы бюджеті — 9 миллиард теңге. Бюджеттің 55 пайызы әлеуметтік қажеттіліктерге жұмсалады. Бұл —   әлеуметтік осал топтарға, көп балалы отбасыларға, мүгедектерге арналған төлемдер. Қалған 45 пайызы қаланы дамытуға, инженерлік желілерді ауыстыруға, көшелерді, аула мен саябақтарды жаңартуға жұмсалады. Компания жыл сайын  соғыс ардагерлеріне, көп балалы отбасыларға, материалдық жағдайы төмен отбасыларына әлеуметтік көмек көрсетеді. Өткен жылдан бастап Kazakhmys Smelting басшылығы «Халықтық театр» жобасын іске қосты. Оған зауыт қызметкерлері қатысады», — деді.

КСРО-ның құрметті металлургы Қамза Тынышбаев «Мен Балқаш қаласына осыдан  58 жыл бұрын, яғни 1960 жылы қыркүйек айында   келдім», — деп бастады әңгімесін. Ақсақалдың айтуынша, алғашқы Балқаш мысын балқытатын технология мен қазіргі технологияның айырмашылығы – жер мен көктей.             Қ.Тынышбаев: «1938 жылы алғашқы Балқаш мысын шығарған металлургтерді таптым. 1925 жылы кеңестік жас республикадағы индустрияландыру туралы шешіммен Қазақстанда 90 нысанның құрылысы басталды. Ал 1928 жылы белгілі геолог Коунрад Русаков кен орнына келіп, барлау жұмыстарын бастады. 1929 жылы мұнда бұрғылау және жару жұмыстары жүргізілді. Ал 1938 жылдың 24 қарашасында Балқашта тұңғыш рет мыс өндірілді. Менің жақында жарық көретін «Балқаш орбитасының тағдыры» атты кітабымнан кен орнының тарихын оқи аласыздар», — деді. Содан бері оның бүкіл өмірі қаланың тыныс-тіршілігімен тығыз байланысты.   Еңбек жолын қарапайым балқытушыдан бастаған ол өндірістік-технологиялық бөлімнің бастығына дейін көтерілген.            

 

Kazakhmys Smelting ЖШС бас директоры Әділет Барменқұлов Жезқазған мен Балқаштағы  екі кәсіпорын жылына 300 мың тоннадан астам мыс өндіретінін айтты. Жезқазған және Балқаш аумағында түрлі технологияларға арналған мыс өндіріледі. Зауытта 5 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Балқаш қаласында — 3,5 мың, Жезқазғанда — 1,5 мың адам. Балқаш мыс қорыту зауыты дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Компанияның алдағы  үш жылға арналған арнайы даму жобасы бекітілген. Қазіргі таңда жоспарлы түрде зауытты жаңарту бағдарламалары жүзеге асырылуда. Басты міндет — зауыттағы өндірісті  автоматтандыру. Одан бөлек экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселесін шешу. Зауыт функционалды басқарудан технологиялық бақылауға көшетін болады.  «Төртінші өнеркәсіптік рево­люция – әлемдік қауым­дас­тықпен қатар біздің еліміз де еніп отырған өзгерістер кезеңі. Бұл технологиялық жүйелердің өндіріске қарқынды енуі және адамзат қажеттіліктерін қана­ғат­тандыруы деп те түсінуімізге болады. Өзгерістер кезеңі адам­заттың бүкіл өмір-салтын, еңбек нарығын, саяси жүйелерді, тех­но­логиялық құрылымдарды, тіпті адамзат бірегейлігін қамтиды. Жаһандық эко­но­микалық дамудағы құн­ды­лық­тар өзгерісі, кезекті технологиялық жетістіктерді пай­далану, өнер­кәсіптік жұмыс­тардың толық­тай өзгерісі эко­но­микалық өсімнің жаңа бағыттарын қалыптастыруға мүмкіндіктерін береді. Осы басымдық берілген бағыттардың біртіндеп жүзеге асырылуын зауыт басшылығы мен қызметкерлерінің бірлесіп, жоспарлы түрде алға қадам басатынына сеніммен қарадық», — дейді Әділет Бәрменқұлов.

Бас директордың айтуынша,  Kazakhmys Smelting  ЖШС-нің  әрбір қызметкеріне  ерекше көңіл бөлінеді. Әділет Барменқұлов «Бізде SMS-кеңес бар, кез келген қызметкер қысқа нөмірге SMS-хабарлама жібере алады.  Олар зауыт жұмысына қатысты өздерінің ұсыныстары мен наразылықтарын жаза алады. Біз қарапайым адамдық құндылықтардың идеологиясын қолдаймыз. Зауыттағы ең басты құндылық — адами фактор. Сонымен қатар біз тек қана өзіміздің қызметкерлерге ғана емес олардың отбасына да ерекше көңіл бөлеміз. Спорт мен мәдениетті қатар алып жүргісі келетін кеншілер спорттық және мәдени үйірмелерге қатысады», — деді ол.

Шихта дайындау цехының бастығы Жанат Иманбеков те бізге сұхбат берді: «Мен бұл зауытта 30 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Таңдауыма ешқашан өкінген емеспін. Біздің қызметкерлер үшін санаторийге арнайы жолдама беріледі.  Тіпті балаларымызға да жаздық лагерьге бару жағы қарастырылған. Қазіргі таңда жастар жағынан да зауытқа келіп жұмыс істегісі келетіндердің қатары көп. Қызметкерлер үшін би топтары, спорт секциялары бар. Мысалы, өткен жылы зауыт басшылығының мұрындық болуымен балаларға цирк өнерін үйрету үшін Алматыдан Мұрат Мұтырғановтың цирк тобы келді. Ол үш айдан астам уақыт балаларымызға цирк өнерінің қыр-сырын үйретті».

Зауытта кран жүргізіп, түрлі салада қызмет етіп жүрген нәзік жандарды да кездерстірдік. Солардың бірі —  ұнтақтау және бөлшектеу секциясының тасымалдаушысы  Гүлнара Байханова. Ол «Мен осында 20 жыл жұмыс істеп келе жатырмын. Жұмыс жауапты да күрделі.  Сегіз сағаттық жұмыс күнім яқталғаннан кейінгі уақытымды отбасыма бөлемін.  Қолым қалт еткенде волейболға қатысамын. Меніңше, адам өз жұмысына жан-тәнімен   берілуі керек. Балқаш халқының бәрі болмаса да, көпшілігінің өмірі зауытпен біте қайнасып жатыр. Алдағы күндері зауыт қайта жаңғырудан өтіп, автоматтандырылады. Бұл өзгерістер мыс балқытуды жаңа бір белеске шығаратынына сенімдімін», — деді.

         

Мыс шаһардағы ғұмыры бір ғасырдан асатын металлургтер әулеті — Арзымбетовтер отбасымен қаладағы Kazakhmys Smelting ЖШС-не қарасты Балқаш политехникалық колледжінде кездестік. Арзымбетовтер отбасының ұстанған басты қағидасы да осы. Келешекте ата жолын жалғастыратын білімді ұрпақ тәрбиелеу.     Бұл отбасында металлург болу  ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып, Арзымбетовтер династиясының ізін жалғап келеді. Жиын барасында осы әулеттің үлкені Махат Арзымбетов «Біздің әулетіміздің үлкені менің ағам Марат Арзымбетов  Балқаш мыс балқыту зауытында  мыс балқытушы болып еңбек етіп жүрді. Сол кісінің жолын қуып, мен де металлург мамандығын таңдадым. 40 жылдан астам   уақыт зауытта еңбек еттім. Әрине, тоқсаныншы жылдары біздің зауыт қана емес, еліміздегі барлық өндіріс орындары қиын кезеңді басынан өткерді. Кейбіреулері шыдамай жұмыстан шығып та кетті. Ал біз сол қиыншылықтың барлығын зауытпен бірге жеңдік. Металлург болу оңай емес. Бірақ мен металлургтер әулетінің ұрпағын жалғастырушы болғандықтан, өзімнің бойымда жұмысқа деген үлкен жауапкершіліктің бар екенін сезіндім.  Еңбегім еленіп, үш мәрте «Еңбек даңқы»төсбелгісімен марапатталдым. Қазір біздің балаларымыз, тіпті немерелеріміз де осы мамандықты таңдап алды.  Біразы осы салада қызмет атқарып жүр, біразы осы сала бойынша университетте білім алуда», — деді.Қазіргі таңда Арзымбетовтер отбасының онға жуық мүшесі Балқаш мыс балқыту зауытында қызмет етеді. Мәселен, әулеттің келіні Қанымжан Иманғалиева «Балқаш мыс балқыту зауытында 35 жыл жұмыс істедім. Басында электродтарды бағыттаушы деген мамандық болған. Одан кейін мыс балқытушылармен тығыз байланыста болатын салада  жұмыс істедім. Менің де еңбегім бағаланып, бірінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталдым», — деп ағынан жарылды.             Арзымбетовтер отбасының әрбір мүшесі кеншілер династиясының ізін жалғастырушы екендерін мақтанышпен жеткізді. Ал біз Елбасының «Төртін­ші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің жаңғыру бағытындағы жұмыс­тарын ілгерілетіп, жаңа жетіс­тіктерге жеткізетініне тағы бір мәрте көз жеткіздік.

Мақпал Ноғайбаева,

Қарағанды облысы

Бүгін, 18:08
Жаңа жылда Kaspi Red+ арқылы шоппинг үшін 15% бонус!
20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?