Елімізде ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың құқықтарын қорғау, оларға лайықты жағдай жасау – маңызды мемлекеттік міндеттердің бірі. Бұл бағытта белсенді жұмыстар атқарылып келеді. Осы орайда Jas Qazaq тілшісіне «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдықожаев инклюзивті қоғам қалыптастыру жолында атқарылып жатқан істер жайында айтып берді.
– Инклюзияны дамыту мақсатында жергілікті деңгейде заңнамалық немесе институционалдық өзгерістер енгізу үшін партия қандай ұсыныстар әзірлеуде?
– Білім беру саласында нақты қадамдар жасалып жатыр. Білім және ғылым министрінің бұйрығымен жалпы білім беру ұйымдарында логопед, психолог, дефектолог мамандардың жүктемесі ерекше қажеттілігі бар балалардың санына қарай шектеліп бекітілді.
Сонымен қатар, инклюзивті және арнайы білім беру бойынша әдістемелік орталықтар құру, мүгедек баласы бар аналарға қосымша демалыс және ерте зейнетке шығу мүмкіндігін қарастыру, «Нағыз Ана» атағын беру сияқты ұсыныстарды партия назарда ұстап отыр.
– Ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған қызметтер мен жобаларға жергілікті бюджетті бекіту кезінде партия фракциясы тарапынан қандай ұсыныстар мен бастамалар енгізілді?
– Біздің фракция автобустардағы пандустарды енгізу, аялдамаларды бейімдеу, оңалту орталықтарын салуға қаражат бөлу секілді нақты ұсыныстар көтеріп келеді. Жобалар қалалық мәслихат арқылы қолдау тауып отыр.
– Мүгедектерді әлеуметтік қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын бақылау, мониторинг жүргізу жұмысы қалай жүзеге асырылады? Бұл іске партиялық бақылау тетіктері тартылған ба?
– Әрине. Партиялық бақылау тетіктері толық іске қосылған. Мүгедектігі бар адамдарға арналған тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттардың қолжетімділігін бақылау, пандустар мен арнайы құрылғылардың болуын тексеру – біздің үнемі жүргізіп отыратын жұмысымыз.
Ақпараттық қолжетімділік, дүкендер, дәріханалар, базарлар, кинотеатрлар секілді әлеуметтік нысандар да партиялық мониторинг аясында зерделенеді.
– Қалалық және аудандық партия филиалдары осы бағытта қандай жұмыстар жүргізіп отыр. Олардың тәжірибесін жалпылау немесе ауқымды жобаға айналдыру жоспары бар ма?
– Иә, біз олардың жұмысына үлкен мән береміз. Аудандық филиалдар – әлеуметтік инфрақұрылымның қолжетімді болуына халықтың үнін жеткізетін негізгі тетік.
Олардың ұсынымдары негізінде құзырлы органдарға хаттамалық тапсырмалар жолданып, жүйелі бақылауға алынады.
– Жалпы партияның инклюзивті даму саясатын күшейтуге қатысты алдағы кезеңге арналған статегиялық жоспарлары қандай?
– 2023–2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» атты сайлауалды бағдарламада ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қолдау көрсету – басым міндеттердің бірі ретінде бекітілді. Мақсатымыз – жайлы, қолжетімді, шынайы инклюзивті орта құру арқылы олардың өмір сапасын арттыру. Бұл үшін әлеуметтік қорғаудың жаңа моделін қалыптастырып, қолданыстағы тәсілдерді қайта қарау қажет деп санаймыз.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Олжас Әбдіхалық