Мұнайшы да болып көрдік

23 тамыз 2019, 11:53

     Біз «қара алтын»  деп атайтын мұнайдың не екенін жақсы білеміз. Алайда одан тек   жанар-жағармай өндіріледі деп ойлаймыз. Сөйтсек, ол біз ойлағаннан да құдыретті екен. Жалпы өмірімізге қажетті заттардың көбісі мұнайдан алынады. Маңғыстау облысына жасаған сапарымызда, алғаш рет мұнайды көзімізбен көріп, оны өндіретін компанияның жұмысымен танысып қайттық.

Біздің сапарымыз қазақ мұнайының 120 жылдығы мен «Өзенмұнайгаз» компаниясының 55 жылдығына орай ұйымдастырылды. Алғашқы күні Жаңаөзен қаласындағы «Өзенмұнайгаз» АҚ  басшысымен кездесіп, аталған  компанияның қызметімен, алға қойған міндеттері және жоспарымен таныстық.

Айта кетейік, «Өзенмұнайгаз» компаниясының тарихы өткен ғасырдың 60-жылдары «Өзен» кен орнының ашылуымен тікелей байланысты.  Мұнда барлау жұмыстары алғаш рет 1959 жылы  басталыпты. Ал 1961 жылы желтоқсан айының ортасында  алғашқы мұнай  алынған. Арада үш жыл өткеннен кейін  «Өзен» мұнай-газ өндіру кәсіпорны құрылып, оны белгілі мұнайшы Рахмет Өтесінов басқарады. Биыл аталған компанияға – 55 жыл. «Өзенмұнайгаз» компаниясы ашылғаннан бері 383 млн тонна мұнай өндіріпті. Бүгінде компанияда 9 мыңнан аса қызметкер бар. 2014 жылы мұнай өндіруді арттыруға, жаңа технологияларды игеруге 6 млрд теңге қаражат бөлініпті. «Өзенмұнайгаз» компаниясы өңірде мұнайдың  шамамен 35 пайызын өндіреді. Өткен жылы компания 5 миллион 487 мың тонна қара алтын өндірсе, биыл оны 5 миллион 551 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездескен «Өзенмұнайгаз» компаниясының бас директоры Есен Өтеев ұжымның жұмысымен таныстырып, алдағы жоспарларын ортаға салды. Ол: «Қазіргі таңда біздің компанияға қарасты 16 құрылымдық — өндірістік басқарма бар. Оның 4-уі мұнай және газ  өндірумен айналысады. Ал өзге басқармалар қосымша қызмет көрсетеді. Кәсіпорын Өзен және Қарамандыбас кен орындарын игеріп,  өндірісті модернизациялау жобасын іске асырып отыр. Соның аясында, жерасты жабдықтарын кешенді түрде жөндеуден өткізетін цех заманауи технологияның ірі жетістігі болып саналады. Мұндай кешенді жоба ТМД елдерінде алғаш рет жүзеге асырылды», – деді. Кәсіпорынның басты құндылығы – адам капиталы. Кездесу барысында компания басшысы жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын да тілге тиек етіп, компанияның болашақтағы жоспарымен де бөлісті. Кездесуден кейін журналистерге өндірістегі қауіпсіздік ережелері таныстырылып,  арнайы киім берілді.

Әрі қарай сапарымыз алғашқы ұңғының маңындағы ескерткіш жанында Жаңаөзеннің тұңғыш бұрғышысы Болатбай Қарамұрзаевпен кездесумен жалғасты. Қарасөзге шебер Болатбай ата мұнайлы өлкенің тарихымен таныстырды. Ол: «Киелі Маңғыстау өңірі туралы жиі айтылып жүр.  Ең алғаш рет мұнай Жетібайдағы №6 скважинадан атқылады. Мұнайдың бар екені анықталғаннан кейін әрі қарай бұрғылау жұмыстары басталды. Әлі есімде, 1957 жылы Түпқараған мен Таушық елді мекенінің  аралығына қиыршық тас жол салынды. Мен ол кезде 16-17 жастағы бозбаламын. Ауылға бұрғылау қондырғылары орнатылып, 700 метр тереңдікке қазу басталды. Мен сол маңайда мал бағып жүретінмін. Жас адамның жаңалыққа жаны құмар келетін әдеті емес пе?! Қолым қалт етсе, айналсоқтап сол жерде жүремін. Менің жиі келетінімді байқаған шебер Жанұзақ Қойлыбаев бір күні қасына шақырып алып, «шырағым, біз еріккеннен жер бұрғылап жүрген жоқпыз. Мұнай іздеп жүрміз. Бұйыртса, табамыз. Мұнай өндіру үшін бізге өзің сияқты жігерлі жас мамандар керек болады. Мал соңында босқа жүре берме. Оқып, білім ал!»,– деп ақылын айтты. «Сабақты ине сәтімен» демекші, сол жылы Доссордағы ағайынымыз үйдегі үлкен кісілерге көрісуге келе қойғаны. Мен сол кісімен ілесіп, Доссордағы №19 кәсіптік училищеден бір-ақ шықтым. 1959 жылы 6-дәрежелі бұрғышы көмекшісі мамандығын алып, елге оралдым», – деді.

Бүгінде ардақты ардагер, құрметті азамат 4 ұл, екі қыздың рахатын көріп отыр. Балаларының бәрі де мұнай саласында қызмет атқарып жүр.  Тұңғыш мұнайшымен кездескеннен кейін «Жерасты жабдықтарын диагностикалау және жөндеу» цехының жұмысымен танысуға  аттандық.

Бұл цех 2013 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Цех жер астында мұнай өндіруге арналған құбырларды тазартумен айналысады. Жылына 400 мың дана сораптық- компрессорлық құбыр, 300 мың дана сораптық штанга, 10 мың дана тереңдік сорапты жөндеуден, қайта диагностикалаудан өткізеді.

Жұмыс барысы түсінікті болу үшін рет-ретімен айтайын. Ең алдымен цехқа мұнайды соруға қолданылған құбырлар келіп түседі. Ол құбырлар 100 градус ыстық пеште химиялық қоспалардың көмегімен  парафиннен тазартылу үшін белгілі бір уақытта қайнатылады. Ыстық пештен алынған құбырдың іші-сырты жіті тексеріліп, жарамсыз жерлері кесіліп алынады. Осы кезде құбырларды белгілі бір құрылғының көмегімен кесіп жатқан цех қызметкері Бибігүл Иембергенованы әңгімеге тарттық. Ол: «Менің негізгі қызметім –құбырлардың жарамсыз бөлігін кесіп алу. Күніне 20-30-ға жуық құбырды кесемін», – деді.

Ішкі және сыртқы бөлігі әбден тазартылған құбырлардың соңғы нүктесі –вакуумметр. Бұл құрылғының көмегімен құбырдың пайдалануға жарамды не жарамсыз екені тексеріледі. Жұмыс барысын қысқаша осылай түсіндіруге болады. Әсіресе бұл цехта дәнекерлеу, кесу жұмыстарымен нәзік жандылардың жұмыс істейтіні таң қалдырды. Жартылай автоматты құрылғының көмегімен өз жұмысын жіті орындап тұрған әйелдердің өз ісіне тыңғылықтылығы қуантты.

Жерасты жабдықтарын диагностикалау және жөндеу цехынан кейін №1 мұнай-газ өндірісі басқармасының  №83 топтық қондырғысының  МФНУ-6000 сорабының жұмысымен танысуға келдік.

Мұндағы құрылғының жұмысымен мұнай-газ өндірісі басқармасының өндіріс-техникалық бөлімі бастығының орынбасары Нұр Өсербаев таныстырды. Ол: «Негізгі жұмы

сымыз мұнайды  өндіру. Ұңғымамен келген сұйықтықты өлшем қондырғыларына жіберіп, арнаулы ыдыстарға құямыз.  Бұрын мұнда 6 қондырғы болатын. Қазіргі таңда 2 дана жаңа мультифазалы сорап қойылды. Қазір 1 данасы бір жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп тұр. Бұл сораптың ерекшелігі – электр энергиясын үнемдейді. Екінші құрылғы әзірге қосылған жоқ. Егер алғашқысы істен шығып қалса, қосалқы сорап іске қосылады. Бұл қондырғы мұнайды судан ажыратып, таза май алуға жіберіледі. Біз танысқан топтық қондырғы  бір туәлікте 3200 м.куб сұйықтық беріп отыр. Ал одан 240 тоннадай таза мұнай өндіріледі», – деді.

Бүгінде «Өзенмұнайгаз» аса маңызды стратегиялық жобаларды іске асыруға бет  бұрды. Компаниялар ұзақ мерзімді даму тұжырымдамасын жасады. Одан бөлек, өндірісті жаңғырту, мұнайшыларға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік берілді. Іссапар барысында оған көзіміз де жетті. Өйткені биылғы жылдың басты жаңалығының  бірі – көлемі 20 мың  текшеметр су тұтындыру қазандығының құрылысы.

Қазандықпен танысып, оның негізгі қызметі туралы арнайы мамандардан  білдік. Қазандықтың басты қызметі – мұнай өндіру қондырғыларынан жеткізілетін мұнай-су эмульсиясын термохимиялық өңдеуден өткізу.  Яғни мұнайдан суды бөліп, шикі мұнайды орталық сорғы стансасына тасымалдайды. Сонымен қатар өндірілген суды басқарма жүйесіне артық қысыммен шығарады. Ағынды суларды  тазарту жалпы әдіспен жүзеге асырылады. Мұнай өнімділігін арттыруға оң әсер беретін қазандықтағы суды тұндыру уақыты 8 сағат. Құрылыс жұмыстарын жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Сапарымыз Ақтау қаласындағы «CASPI BITUM» кәсіпорнында жалғасты. Аталған мекемеге 2009 жылы құрылған.  Зауыт заманауи құрылғылармен жабдықталған. Жылына 1 миллион тонна мұнайды қайта өндіре алады. Бұл кәсіпорынға мұнай «Қаражанбас» кен орнынан жеткізіледі. Өйткені осы кен орнының шикізаты техникалық сипаты жағынан жоғары сапалы битум өндірісіне ең қолайлы екен. Бүгінгі таңда кәсіпорын жоғары сапалы битум өндіреді. Төрт жыл ішінде мұнай бойынша жүктемесі 80 пайыздан асады. Мысалы, өткен жылы 750 мың тонна жоспар кезінде 819 мың тонна мұнай өндірілді.

Бүгінде жол битумына деген ішкі нарықтың сұранысын отандық өндірушілер түгелдей өтеуде. Былтыр зауытқа тиесілі нарықтың үлесі 37 пайыз болды.

Маңғыстау өңірі – мұнайға бай өлке.  Мұнайды өндіріп, ел игілігі үшін қызмет етіп жатқан әрбір азаматтың еңбегі зор. Сапар барысында мұнай өндірудің қаншалықты қиындығына, төзім мен жігерді, шыдамдылықты талап ететін жұмыс екеніне көз жеткіздік.

Мақпал Ноғайбаева,

«Жас қазақ» гезетінің арнаулы тілшісі,

Алматы – Ақтау – Алматы

Фото: автордан

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?