jasqazaq.kz

Мұнай өңдеу: Әлеует пен әрекет үндескенде

Бүгін, 15:22

Сарапшы қауым бүгінгі жаһандық экономиканы сипаттағанда оның шығынды азайту, мінсіз логистика және «дер кезінде» (just-in-time) өнім өндіру секілді ерекшелігіне назар аударады. Бұл, сөз жоқ, жоғары өнімділік пен мол табыс береді. Осал тұсы да бар. Таяу Шығыстағы шырғалаң көрсеткендей, стратегиялық ресурс (мұнай мен жанармай) діттеген жеріне жетпей, тауар тапшылығына жол ашады. Мұндайда ең тиімді амал — алыстан арқаламай, қолда барды ұқсатып пайдалану. Бұл жерде әңгіме өңдеу өнеркәсібі төңірегінде екені белгілі. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында ғана энергетика министрі Ерлан Ақкенженовты қабылдап, отын-энергетика секторын одан әрі дамыту, мұнай-газ және мұнайгаз химиясы секторларындағы жоспарланған жобаларды сапалы жүзеге асыру жөнінде нақты тапсырма бергенін айтқан жөн.

Министр осы кездесуде елімізде мұнай өңдеу бойынша атқарылып жатқан жұмыс жөнінде баяндады. Бұл бағытта отандық мұнай өңдеу зауыттарының өндірістік қуатын кеңейтуді көздейтін 2029-2032 жылдарға арналған жоспар бар. Соған сәйкес, Шымкенттегі кәсіпорын мұнай өнімдерін шығаруды қазіргі 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға жеткізуі тиіс. Атыраудағы зауыттың қарқыны 1,2 млн тоннаға артады. Сөйтіп байырғы өндіріс ошағы жылына 6,7 млн тонна өнім өндіретін болады. Ал Павлодар мұнай-химия зауытында өнім өндіру көлемін қазіргі 5,5 млн тоннадан 9 млн тоннаға жеткізу көзделіп отыр. Мұның бәрі өндіріс процесін жаңғырту арқылы жүзеге асырылмақшы. Осы арада елдегі аса ірі үш кәсіпорынды цифрландыру жоғары деңгейі жоғары екенін айрықша атап өту керек. Технологиялық үрдісте американдық Honeywell мен Yokogawa компанияларының автоматтандырылған жүйелері қолданылады. Соның нәтижесінде 2032 жылға қарай өңделетін қара май көлемі 30 млн тоннаға жетуі тиіс. Бүгінде еліміз бойынша 18 млн тоннаға жуық мұнай өңделетінін ескерсек, мұның анағұрлым ілгерілеу екеніне көз жеткіземіз.

Ал түпкі меже — 40 млн тонна. Министр Е. Ақкенженовтың есебінше, бұған 2040 жылы қол жеткіземіз. Сол кезге қарай жылдық қуаты 10 млн тонна өнімді құрайтын жаңа кәсіпорын іске қосылуы тиіс. Бұл — біраздан бері айтылып жүрген, талай пікірталастың өзегіне айналған төртінші мұнай өңдеу зауыты. Әзірге жаңа кәсіпорынның Ұлытау облысының аумағында салынатыны айтылды. Кез келген кәсіпорынды шикізатпен қамтамасыз ету басты міндет екенін ескерсек, аталған өңірдің таңдалуы бекер емес сияқты. Өйткені жақын маңда бастапқы қоры 280 млн тоннаға жететін Құмкөл кеніші бар. Сондай-ақ Ақтөбе өңіріндегі мұнай кеніштерінен құбыр тартуға да мүмкіндік бар.

Отын және мұнайхимиясы бағытында жұмыс істейтін зауыт заманауи технологиямен жабдықталып, «өңдеу тереңдігі» (шикізаттан дайын өнім алу мөлшері) 95 пайыз болады деп күтілуде. Ал дайын өнім -жанармай өндірісі өткен жылғы көрсеткіш 15 млн тоннаға жуықтады. 2040 жылға қарай осы көрсеткіш 2 есе көбейеді деп жоспарланып отыр. Демек тұтынушылардың экологиялық отын сапасын айшықтайтын К4 дәрежесінен К5+ деңгейіне көшетін алыс емес.
Осылайша, алдағы 14 жылда отандық мұнай өңдеу секторы еліміздегі жанар-жағар майға деген сұранысты толығымен қанағаттандырып, артық өнімді көрші елдерге ретінде жөнелтуді межелеп отыр. Экспорт демекші, әсіресе, бензинге зәру көрші мемлекеттердің сұранысын қамтамасыз етуге де әлеуетіміз жетерлік. Әлгі «just-in-time» қағидасымен қолға алынып жатқан әрекеттің те тиісті деңгейде екенін көрсетеді.

Срайыл Смайыл

Фото: bainews.kz

Бүгін, 15:22
Мұнай өңдеу: Әлеует пен әрекет үндескенде
16 наурыз, 14:26
Бауыржан Ізмағамбетов: Ауыз су жүйесімен қамту деңгейі 100 пайызға жетті
15 наурыз, 14:02
Шавкат Рахмонов Қонаев қаласында дауыс берді
15 наурыз, 13:36
Қызылорда: Қазақтың үш ханы дауыс беруге келді
13 наурыз, 17:27
Елімізде теміржол инфрақұрылымы жаңғыртылып жатыр
13 наурыз, 16:07
Тіршілік нәрі - судың нарқы қашанда қымбат
12 наурыз, 15:28
Қызылордада тұрғын үй құрылысы қарқын алып келеді
11 наурыз, 12:19
«Таза Қазақстан» акциясы биыл өз жалғасын таппақ
10 наурыз, 15:21
Сұңғат Есімханов: Елімізде 163 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істейді