Үкімет осы жылдың соңына дейін еліміздің тұрғындарын таза ауыз сумен түгел қамтуды көздеп отыр. Осы мақсатқа 176 миллиард теңге бөлінбек. Бұл туралы жақында өнеркәсіп және құрылыс министрлігі құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков мәлімдеді. Оның айтуынша, коммуналдық секторды жетілдірудің ұлттық жобасы бойынша 10 мың шақырым инженерлік құрылымды ауыстыру жоспарланған. Мұның жартысы – су құбырлары. Сондай-ақ қазір шағын ауылдарда су тазалайтын модельдік станциялар орнатылып жатыр. Ұңғы мен құдық пайдаланылатын елді мекендердегі тіршілік нәрінің сапасын санитар мамандар тексеруде.
Осынау ауқымды жоспар шалғай әрі құмды өңірлерде қалай жүзеге асырылуда? Jasqazaq.kz осы мәселе туралы Түркістан облысындағы Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбековтен сұрап білді.
— Өткен аптада құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы елде ауыз сумен қамту 100 пайызға жақындағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қалаларда тұрғындардың 99,4 пайызы, ауылдарда 97,8 пайызы су құбырына қосылған. Ал Созақ ауданында бұл тұрғыда дәл қазіргі көрсеткіш қандай?
— Созақ ауданында бүгінде 10 ауылдық округ және 2 кентте орналасқан 29 елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Бұл көрсеткіш ауданның ауыз сумен қамтудағы оң нәтижесін білдіреді. Алайда орталықтандырылған ауыз су жүйесі бар 29 елді мекеннің төртеуінде (Созақ, Қарақұр, Қаратау және Қозмалдақ) су тек белгілі бір уақыт аралығында беріледі. Бұл мәселені шешу мақсатында Созақ пен Қаратау ауылдарындағы ауыз су жүйелерін қайта құру жұмыстары жүргізілуде. 2024 жылдың шілде айында мердігерлер анықталып, құрылыс монтаждау жұмыстары басталды. Жоба 2025 жылға өтпелі. Сонымен қатар, Қозмалдақ және Қарақұр ауылдарында тұрғындарды тәулік бойы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан жер асты су қоры зерттеліп, бекітілді. Енді аудан тарапынан жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, бюджетке ұсынылмақ.
Осы тұста айта кететін жайт, аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің «Шолаққорған-Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны аудан бойынша 25 елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз етсе, «ҚазСушар» РМК Түркістан облысы филиалының Тасты-Шу топтасқан су жүйесі бөлімшесі Тасты, Қылти және Шу елді мекендерін ауыз сумен қамтуда.
— Жалпы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, 2025 жылдың соңына дейін бүкіл елді ауыз сумен толық қамтамасыз ету көзделіп отыр. Сіздер Мемлекет басшысының бұл тапсырмасын қалай орындап жатырсыздар? Созақта ауыз сумен қамту 100 пайызға қашан жетеді?
— Халықты қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, оның ішінде ауыз су мәселесін толық шешу – ең бірінші міндетіміз. Өзіңіз айтқандай, Мемлекет басшысы 2025 жылы Қазақстан халқын 100 пайыз таза ауыз сумен қамту жөнінде нақты міндеттеме жүктеді. Бұл бойынша тиісті жұмыстар өз дәрежесінде атқарылуда. 2023 жылдың соңында аудан орталығындағы екі ықшам ауданды ауыз сумен қамтитын нысанның құрылысы толық аяқталды. «Ақшам» және «Наурыз» ықшам аудандарындағы 5600 тұрғын, 1111 абонент таза ауыз суға қол жеткізді. Бұған қоса, 2023 жылы Қаратаудың бөктерінде орналасқан Сызған, Басбұлақ, Саржаз, Балдысу және Қарабұлақ елді мекендерін сапалы ауыз сумен қамту жұмыстары басталып, 2024 жылы аталған нысандар толық аяқталды. Әрине, аудан аумағындағы елді мекендерді 100 пайыз ауыз сумен қамту жұмысын 2025 жылы толық аяқтау межеленіп отыр. Қазірдің өзінде, жоғарыда айтып өткендей, 10 ауылдық округ пен 2 кенттегі 29 елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен толық қамтылған.
— Біздің білуімізше, Теріскей өңіріндегі жер жағдайында тұрғындарды түгел таза ауыз сумен қаматамасыз ету оңай шаруа емес. Шу, Тасты, Жуантөбе сияқты ауылдар тіпті құмды аймақта орналасқан. Осы күрделі жағдайды еңсеру жолдары қалай болмақ?
— Айтып отырғаныңыз орынды. Теріскей өңірі Ұлытау, Қызылорда, және Жамбыл облыстарымен шектеседі. Аудан жерінің көпшілік бөлігін тасты-құмды шөлді жазық (Бетпақдала, Мойынқұм) алып жатыр. Сіз айтқан Шу, Тасты және Жуантөбе ауылдары осы құмды алқапта орналасқан. Дегенмен бұл ауылдар құмды алқапта орналасқан деп мәселені күрделендіруге болмайды. Құмды алқаптағы жаздың шіліңгір ыстығын баршаңыз білесіздер. Ол сәтте халыққа ең алдымен керегі – ауыз су. 2023 жылға дейін Жуантөбе және Тасты ауылдарында ауыз су тапшылығы белең алғаны анық. Тұрғындарға тіршілік нәрі сағатпен ғана берілді. Қазіргі уақытта біз бұл мәселені демеушілер арқылы шешіп отырмыз. 2023 жылы Жуантөбе, 2024 жылы Тасты ауылдарынан қосымша ұңғыма құдықтар қазылды. Бүгінде жоғарыда аталған үш елді мекен тәулігіне 24 сағат ауыз сумен қамтылып отыр. Бұған қоса, биыл «Қазатомөнеркәсіп» демеушілігімен Құмкент, Бабаата, Қарақұр және Қаратау елді мекендерінен қосымша ұңғыма құдығын қазу үшін тиісті жұмыстарды атқарып жатырмыз.
— «Қазатомөнеркәсіп» демекші, бұл тұрғыда тағы бір тоқталмай өтуге болмайтын жайт бар. Ол сіз басқаратын ауданда уран кеніштерінің орналасқанына қатысты. Осы өндіріс жерасты суының сапасына кері әсерін тигізіп жатқан жоқ па? Жалпы оның зиянын болдырмаудың қандай амалдары бар?
— Бұл сауалыңыз да орынды. Созақ ауданында уран өндіруші компаниялар орналасқан. Бұл – аудан үшін өте маңызды сала. Уран кеніштерінің орналасуы ауданның жер асты су қорының сапасына кері әсер етуі мүмкін деген алаңдаушылықтар болары анық. Дегенмен бұл мәселе біздің тарапымыздан үнемі бақылауда болады. Әр тоқсан сайын ауыз су құбырларына зерттеулер жүргізіліп, олардан лабораториялық қорытынды алынып отырады. Уран өндіруші компаниялар көбінесе құмды алқаптарда орналасқандықтан, ауылдар мен елді мекендерден шалғай онраласқан. Сол себепті жерасты суының сапасына кері әсерін тигізеді деуге келмейді.
— Қазір таза ауыз су жеткізу үшін қандай технологиялар қолданылады?
— Бүгінде ауыз су тарату жүйелері жоғары технологиялық деңгейде жұмыс істейді. Барлық елді мекендерде су құбырларында ультракүлгінді бактерицидтік қондырғылар орнатылған. Бұл жүйе судағы бактерияларды тиімді жояды, сол арқылы тұрғындар сапалы ауыз суға қол жеткізеді. Оған қоса Құмкент және Бабаата ауылдарында қосымша су тазалайтын мембрана орнатылған. Бұл технологиялар тек су сапасын ғана емес, оның мөлшерін де тиімді реттеуге мүмкіндік береді.
Сұхбаттасқан Оразәлі Баймұрат
Суреттерде: Аудан орталығы – Шолаққорған ауылындағы су айдау станциясы
Суреттерді түсірген – Ғалымжан Бостаев