Түркістан облысының әділет салаласында саналуан мемлекеттік қызметтер жүзеге асырылып келеді. Өңірдегі Әділет департаментінің құқықтық жүйе бойынша жұмыстары жолға қойылған. Бұл азаматтарға құқықтық көмек көрсету мен заңгерлік кеңес алуды жеңілдету сияқты қызметтің көптеген түрлерінен де айқын көрінеді. Jasqazaq.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Түркістан облысы Әділет департаментінің басшысы Мұхит Тұрғараевпен өңірдегі әділет саласында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде әңгімелесті.
— Мұхит Бекетұлы, Әділет департаменті жылжымайтын мүлікке құқықтарды, заңды тұлғаларды, азаматтық хал актілерін тіркеу салаларын бақылау, нотариат, адвокатура, заң кеңесшілерінің, сот орындаушыларының қызметтерін реттеу, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау функцияларын іске асыратынын білеміз. Әңгімені Түркістан облысындағы атқарылып жатқан жұмыстардан бастасақ.
— Иә, Әділет департаменті жоғарыда аталған салаларға бақылау жүргізеді. Бүгінде облыс бойынша жарты жылдың жұмысына қорытынды жасалып, алдағы уақытқа арналған нақты жоспарымызды құрып отырмыз. Департамент мемлекеттік қызмет көрсету бойынша биылғы жылдың алғашқы жартысында 1048 мемлекеттік қызмет (112 электронды түрде, 936 қағаз түрінде) көрсетті. Салыстыру үшін айта кетсек, өткен жылдың бірінші жарты жылдығында көрсетілген қызмет саны – 809. Мұның 112-і электронды, ал 697-і қағаз түрінде. Биылғы қызмет түрлеріне тоқталсақ, олардың 268-і бас тартуға — 23 электронды түрде, 245 қағаз түрінде байланысты. Айта кеткен жөн, дәлелсіз бас тарту дерегі болған жоқ. Өткен жылғы алты айда 156 бас тарту дерегі тіркелсе, бұлардың 25-і электронды түрде, 131-і қағаз түрінде болды. Ал бүгінге дейін мемлекеттік қызмет көрсетулер бойынша шағым түспеді. Сондай-ақ мерзімін бұзу фактісі де орын алмады.
Қазіргі таңда Әділет департаментінің мамандары халықпен етене жұмыс істейді. Бізге кез келген тұрғын келіп, өзін мазалаған сауалға кәсіби маманнан толыққанды жауап алады. Қазір аудандық филиалдар да Ашық есік күнін жиі ұйымдастырып отырады. Нормативтік-құқықтық актілерді тіркеу (НҚА) бойынша жартыжылдықта жергілікті өкілетті және атқарушы органдар мен тексеру комиссиясының 102 нормативтік-құқықтық актілері мемлекеттік тіркеуден өтеді. Өткен жылдың алты айында бұл көрсеткіш – 92. Жергілікті мемлекеттік басқару органдарынан келісуге ұсынылған НҚА жобаларының саны 281-ге жетті. 2023 жылдың жарты жылдығында бұл көрсеткіш 363-ді құраған. Биылғы келісілген нормативтік-құқықтық жобалары -124. 2023 жылдың 6 айында жобалардың саны 120 болған. Бүгінгі таңда келісуден бас тартылған жоба жоқ. 90 жоба пысықтауға қайта жіберілді. Былтыр осы кезеңде олардың саны 113 болған. 63 жоба мемлекеттік органдармен пысықтау үшін қайтарып алынды. Өткен жылдың осы кезеңінде 113 еді. Мен бұл деректерді біздің тарапымыздан атқарылған жұмыстардың бір парасы ретінде келтіріп отырмын.
— Цифрландыру өміріміздің барлық саласына еніп келеді. Бұл қағазбастылықтан арылып, электронды жүйе арқылы жұмысты жеңілдетуге, уақыт үнемдеуге де мүмкіндік беріп отыр. Осы тұрғыдан алғанда, департамент кәсіпкерлерге заңды тұлғаларды тіркеу бойынша қандай қызмет көрсетеді?
— Заңды тұлғаларды тіркеу жұмысы бойынша айтатын болсам, облыс көлемінде жалпы 576 заңды тұлға бойынша мемлекеттік қызмет көрсетілген. 2023 жылдың 6 айындағы көрсеткіш 536 болатын. Соның ішінде 325 заңды тұлға мемлекеттік тіркеуден, филиалдар мен өкілдіктер есептік тіркеуге алынды. Былтыр осы кезеңде олардың саны 111 болатын. 86 заңды тұлға және олардың филиалдары мен өкілдіктері қайта тіркеуден өтті. Өткен жылы 85 болған. Биыл 65 заңды тұлға және олардың филиалдар мен өкілдіктердің таратылғаны тіркелді. 98 заңды тұлғаның, филиалдар мен өкілдіктердің құрылтай құжаттарына өзгерістері мен толықтырулар енгізілді. Ал «Электрондық Үкімет» веб-порталы арқылы электронды түрде жүргізілген қызметтердің саны да жыл сайын артып отыр. Биыл – 19, оның ішінде заңды тұлғалардың төлнұсқасы берілген – 0, ал заңды тұлғалардың басшысы ауысуы бойынша 325. Бұл қызметтердің барлығы «Электрондық Үкімет» веб -порталы арқылы электронды түрде жүргізілген. Қазіргі таңда халықтың электронды түрдегі қызметті қолдануда белсенділігі байқалады.
— Түркістан облысында азаматтық хал актілерін тіркеу бойынша жүргізілген жұмыстарға тоқталсаңыз?
— Біздің облыста халық саны артып келеді. Сондай-ақ туу көрсеткіші бойынша да алдыңғы қатардағы облыстың біріміз. Биылғы алты айдың қорытындысы бойынша
Облыс көлемінде 36 802 азаматтық хал актілері тіркелді. Өңірде 26743 сәби өмірге келді. Биылғы жарты жылда облысымызда 4927 отбасы шаңырақ көтерді, некесін бұзғандар – 311 отбасы.
Департаменттің АХАТ және апостильдеу жұмыстарын қамтамасыз ету, бақылау бөлімінің мұрағатына 1377 акт жазуларына өзгерістер, толықтырулар, түзетулер енгізу туралы хабарламалар келіп түсіп, орындалды.
Енді Департаменттің жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу бағыты бойынша айтып өтейін.
«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалы жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу бойынша жалпы 80809 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның ішінде Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы – 58388, электрондық нұсқада – 22421 қызмет, яғни былтырғы жылмен салыстырғанда көрсетілген қызметтердің саны 14,3 пайызға артты. Жалпы қызметтердің 27,74 пайызы электронды түрде көрсетілген, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерінің бұзылу фактісі орын алған жоқ.
— Департамент тарапынан нотариус, сот орындаушыларының жұмысы қадағалана ма?
— Әрине, облыстағы нотариус қызметі, сот орындаушыларының қызметін біз ұдайы қадағалаймыз. Қазіргі таңда тұрғындармен кездесулер жиі ұйымдастырылады. Біз тұрғындарды адвокат, нотариус, сот орындаушыларымен кездестіріп, өздерін мазалаған сұрақтарға жауап алуға мүмкіндік береміз. Тақырыптық дөңгелек үстел мен кездесулерді жиі ұйымдастырамыз. Сонымен қатар зейнеткерлерге, мүгедектерге, жетім балаларға, көп балалы отбасыларға және басқа да азаматтарға құқықтық кеңес берумен қолдау көрсету мақсатында кездесулер өтеді. Осылайша Әділет департаменті тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргізіп келеді.
Мақпал Махаметқызы
Сурет: Түркістан облысы Әділет департаментінің баспасөз қызметі