Қазір еліміз Ауғанстанмен қарым-қатынасты мүмкіндігінше дамытып жатыр. Онда 2021 жылы жаңа билік орнағаны белгілі. Содан бері Ауғанстанмен байланыс жаңа жолға қойылуда. Jasqazaq.kz тілшісі осы қарым-қатынас жайында Қазақстан Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты халықаралық қауіпсіздік бөлімінің бас сарапшысы, саяси ғылымдар кандидаты Мұхит Асанбаевпен сұхбат құрды.
— Соңғы жылдары Қазақстан Ауғанстанмен байланысқа айрықша мән бере бастады. БҰҰ-ның Алматыда орталығының ашылуы мен Қазақстан Президентінің Ауғанстан жөніндегі арнаулы өкілінің тағайындалуы да осыны білдірсе керек. Жалпы, қазіргі қазақ-ауған қарым-қатынасына тоқталып өтсеңіз.
— Жалғыз Қазақстан ғана емес, Ауғанстанмен шекаралас жатқан барлық Орталық Азия мемлекеттері – Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан және Тәжікстан осы елмен қарым-қатынасқа мән беріп, оны нығайтуға күш салуда. Бұл тұрғыда аталған елдердің әрқайсының өзіндік саясаты қалыптасып жатыр. Яғни Ауғанстанда қазір билік жүргізіп отырған Талибан үкіметі халықаралық қауымдастық тарапынан заңды түрде мойындалмаса да, бұл осы аймақтағы кейбір елдердің онымен екіжақты қарым-қатынасты дамытуына кедергі болып тұрған жоқ. Өйткені олар іс жүзінде өзінің мүддесін қорғап, өз саясатын жүргізгісі келеді. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Ауғанстан жалпы Орталық Азия мемлекеттеріне Үнді мұхитына, яғни халықаралық нарыққа шығатын дәліз ретінде өте керек мемлекет болып отыр. Ауғанстан арқылы орталықазиялықтар Пәкістанға, Үндістанға қарай темір жол торабын салуды жоспарлаған. Бұл іспен қазір біздің үкімет те айналысып жатыр. Қазіргі уақытта автожол бар, бірақ оны халықаралық көлік-логистика дәрежесіне жеткізу керек.
Орталық Азия мемлекеттерінің ең басты қиыншылығы неде? Біздің ең басты қиыншылығымыз – мұхитқа, ашық теңізге, яғни әлемдік экономикаға тікелей шығар жолымыздың жоқтығы. Ал Ауғанстан арқылы, жаңа айтылғандай, құрлықта жол салуға мүмкіндік бар. Сондықтан осы елмен қарым-қатынас күшейіп келеді. Бұл –бір.
Екіншіден, бұл жерде қауіпсіздік мәселесі бар. Қанша дегенмен, Ауғанстанда көп жылдар бойы азамат соғысы жүрген болатын. Ондағы жағдайға сыртқы күштер араласқаны белгілі. Сондықтан байланыс жасағанда, осы жағына да ерекше мән беру керек. Көрші елдер арасындағы ынтымақтастық күшейсе, оларды сырттан жау ала алмайды. Яғни Ауғанстанмен ара қатынасымыз дұрыс болса, бізде экстремизмнің, есірткі саудасының және басқа да қауіп-қатердің жолын кесуге мол мүмкіндік туады. Жалпы, қазақы қағидаға салғанда, көршімен арамыз дұрыс болуы керек қой.
Әрине, бұл жерде Президенттің Ауғанстан жөніндегі арнаулы өкілінің атқарар ісі қыруар. Биыл жазда бұл қызметке Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бұрынғы директоры Еркін Тұқымов тағайындалды.
Ол Ауғанстанмен ара қатынастың еліміз үшін маңызды екенін жете түсінеді. Осы мәселеге қатысты үлкен зерттеу жүргізіліп жатыр. Сәуірде Ауғанстанға барып келдік. Ондағы ішкі рейстермен ұшып көрдік. Кабул мен Мазари-Шариф арасындағы жағдайды бір көріп келгеніміз бар.
— Сол сапардан алған әсеріңіз қандай? Жалпы, қазір ондағы жағдай қалай екен?
— Қазір онда бұрынғыдай аласапыран жоқ. Жағдай салыстырмалы түрде тұрақталды деуге болады. Саяси-әскери жағынан да, басқа жағынан да оң өзгерістер бар. Өйткені орталықтандырылған бір билік орнағандықтан, түрлі әскери топтардың әрекеті азайып жатыр. Әйтсе де, адам құқықтары, азшылық ұлттар мен топтардың құқықтары дұрысталды деуден аулақпыз, бәрі керемет деп айта алмаймыз. Ширек ғасыр бойы қырғыннан көз ашпаған қоғамнан бірден өзгеріс күту дұрыс та емес шығар. Оған уақыт керек.
— Қазақстан мен Ауғанстан арасында сауда-экономикалық қарым-қатынас біртіндеп дамып келеді. Бұл ретте Ауған жері арқылы жаңа өзіңіз айтқан Пәкістан мен Үндістан порттарына тауар жеткізуді көздейтін көлік-логистикалық жобалардың келешегі қандай?
— Биыл көктемде еліміздің вице-премьері – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегация Ауғанстанға кезекті рет барып қайтты. Онда екі ел арасындағы сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, тау-кен, инвестициялық және басқа да салалардағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселесі талқыланды. Жалпы, екіжақты жылдық тауар айналымын 3 миллирад долларға дейін жеткізу көзделген. Соны қарастыратын жол картасы бар. Өзбекстанның да осындай жоспар жасап отырғанын айта кеткен жөн.
Ал енді тікелей көлік-логистикалық жобаларға келсек, біз онда темір жол торабын салуға қатысып жүрміз. Ираннан Ауғанстанға барар Хавс-Герат жолын салуға қатыстық. Сондай-ақ, Пәкстанға баратын Торғынды — Герат – Қандағар – Спин-Болдақ темір жол желісіне Қазақстанның қатысуы жөніндегі хаттамаға да қол қойылды. Біздің ел бұл жобаға 500 миллион доллар бөлуге тиіс. Сосын Өзбекстан, Ауғанстан, Пәкістан арасындағы Трансауған жолы бар. Ол да Ауғанстаннан Пәкістанға барады. Осылайша, Өзбекстан да Орталық Азия мемлекеттерінің ортақ мүдделерін жүзеге асыруға атсалысуда. Осындай көлік-логистикалық жобалардың біз үшін болашағы зор.
Жалпы, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстанның Ауғанстанға қатысты ұстанымы да бірдей. Біз жақсы көрші болуға ұмтыламыз. Ауған тарапы да бізбен жақсы көрші болуға ынталы. Ал алпауыт мемлекеттердің өз саясаты бар. Біз оған араласпай, өзіміздің ұлттық мүддемізді алға тартып, екіжақты дұрыс қарым-қатынас орнатуға талпынып жатырмыз.
Тасымал дегенде, ТАПИ газ құбыры жобасын да айта кеткен жөн. Оның негізгі қатысушылары – атынан көрініп тұрғандай, Түрікменстан, Ауғанстан, Пәкістан, Үндістан. Онда түрікмен газы тасымалданады. Қазақстан бұл жобаға тікелей араласпаса да, Орталық Азиядағы бұрынғы кеңес өкіметінен қалған газ құбыры желісі арқылы қатысуға мүмкіндігі бар. Біз арқылы Ресей де өз газ қорларын оңтүстік нарыққа жеткізуге мүдделі.
— Екі ел арасындағы байланысқа тоқталғанда, еліміздің осы елге гуманитарлық көмек беру миссиясын айтпай кетуге болмайды. Гуманитарлық жәрдем қандай бағыттарда жүріп жатыр?
— Ауғанстанның біраз бөлігінің әлеуметтік жағдайы өте нашар. Сондықтан бұл елге жүйелі түрде гуманитарлық көмек көрсетіп келеміз. Жер сілкінген кезде де, жәй кезде де қол ұшын созып жатырмыз. Бізден негізі бидай өнімдері жіберіледі. Осы өніміміздің сапасына олар дән риза.
Бір жағынан алғанда, Ауғанстан халқының саны бізден екі есе көп. Дүниежүзілік банктің 2024 жылғы санағы бойынша ол 42,65 миллион болған. Соғыстан қираған елде мұншалықты адамды асырау оңай соқпайды. Сондықтан біз көмегімізді аяп жатқан жоқпыз. Аяқтан тұрып кетсе екен деген жанашырлық пейіліміз бар.
Осы жерде мына жайтты айта кеткім келеді. Меніңше, гуманитарлық көмек екен деп бидайды тонналап жәй апарып төге салу дұрыс емес. Оны Ауғанстанға жеткізіп, үйлестіру жүйесі болуы керек. Яғни бұл істі бір орталықта үйлестірген абзал. Мысалы, биыл тамыз айында Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстандағы Тұрақты даму мақсаттары бойынша Өңірлік орталығы ашылды ғой. Сол арқылы іске асыруға болады. Әрине, орталықтың мұрат-мақсаты кең ауқымды. Яғни оның негізгі қызметі – инклюзивті институттарды нығайту, экология мәселесін шешу, гендерлік теңдікті, цифрлық инклюзияны қолдау және Орталық Азия мен Ауғанстан елдерінде азаматтық қоғамды дамыту. Сондай-ақ онда гуманитарлық қолдау мәселесіне де мән беріледі.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Оразәлі Баймұрат