«TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығының басшысы Ерсұлтан Қасымбекұлымен сұхбат
Шымкент қаласында мүмкіндігі бар азаматтарға жан-жақты көмек көрсетіп отырған мекемелердің бірі – «TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығы. Мұнда азаматтарға құқықтық кеңес беруден бастап, психологиялық қолдау көрсетуге дейін түрлі бағыттар қамтылған. Jas Qazaq тілшісі орталық басшысы Ерсұлтан Қасымбекұлымен әңгімелесіп, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
– Ерсұлтан Қасымбекұлы, алдымен орталықтың қызметі жайлы айтып өтсеңіз.
-Орталықта төрт бөлім жұмыс істейді. Олар: ақпараттық-консультациялық, құқықтық, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу және әлеуметтік-психологиялық қызмет көрсету бөлімдері.
Жыл басынан бүгінгі күнге дейін 5891 мүгедектігі бар азамат ақпараттық-консультациялық көмек алды. Оның ішінде Egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы 2169 өтінім қабылданды. Нақтырақ айтсақ:
* санаторий-курорттық емделуге – 620;
* протездік-ортопедиялық құралдарға – 509;
* техникалық көмекші құралдарға – 378;
* қоларбаға – 104;
* электрондық цифрлық қолтаңбаға – 507;
* түрлі анықтамаға – 38;
* KEZEKTE.KZ арқылы тұрғын үй кезегіне – 13 азамат тіркелді (оның ішінде I топ – 4, II топ – 6, бала мүгедек – 3).
Әлеуметтік қызметтер көрсету порталы арқылы 3722 азамат қызмет алды. Оның ішінде:
* техникалық көмекші құралдар – 139;
* санаторий-курорттық емделу – 2640;
* протездік-ортопедиялық құралдар – 381;
* қоларба – 14;
* жеке көмекші қызметін алғандар – 510.
Сонымен қатар азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру үшін «ALEUMET» сайты арқылы қызмет алуды үйрету қолға алынған. Ал шалғайдағы аудандарда тұратын 38 азаматқа «Көшпелі қызмет» акциясы аясында үйлеріне барып көмек көрсетілді.
– Құқықтық көмекке жүгінгендер көп пе?
-Жыл басынан бері 420 азаматқа құқықтық қолдау көрсетілді. Оның ішінде 395 адам инватакси қызметін алуға өтініш берді (I топ – 352, II топ – 6, III топ – 37). Сондай-ақ, мүгедектігі бар азаматтардың қатысуымен құқық, денсаулық сақтау, білім салаларындағы мәселелер бойынша алты дөңгелек үстел өткізілді. Әр азаматқа жеке кеңес берілді.
– Жұмыспен қамту мәселесінде қандай жоспарлар бар?
-Еңбек мобильділігі орталығымен бірлесе отырып, 2025 жылға дейін 1120 азаматты жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарланған. Биылғы жарты жылда 589 азамат жолданды. Оның ішінде тұрақты жұмысқа – 211, «Бастау бизнес» жобасына – 168, қоғамдық жұмысқа – 125, жастар практикасына – 28, «Күміс жас» жобасына – 20 азамат қатысты.
Сонымен қатар, қала әкімінің квотасы аясында 199 азаматты жұмысқа орналастыру жоспарланған, бүгінгі таңда 31 мекемеде 77 адам жұмысқа кірді. Бұдан бөлек, төрт рет бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
– Әлеуметтік төлемдерге қатысты не айта аласыз?
-5 АЕК мөлшеріндегі ай сайынғы әлеуметтік көмекке жыл басынан бері 4304 азамат өтініш білдірді. Оның ішінде I топ – 1554, II топ – 2750. Өтініштер «DAMUMED» қосымшасы арқылы QR-кодпен қабылданды.
– Әлеуметтік және психологиялық қызмет көрсету бағытында қандай шаралар атқарылды?
-Жыл басынан бері 1724 азамат түрлі қызмет түрлерін алды. Оның ішінде кітапханаға келушілер – 271, арт-терапияға қатысқандар – 118, музыка терапиясы – 781, еңбек терапиясы – 509, психологиялық кеңес алғандар – 45.
Мәдениет және спорт мекемелерімен, кинотеатрлармен, ойын-сауық орталықтарымен меморандумдар жасалды. 47 іс-шара ұйымдастырылды: кітапханада 12 әдеби кеш, 10 психологиялық тренинг, еңбек терапиясы бойынша 8 көрме мен шеберлік сағат өткізілді.
Әр жылы ерекше балалар мен олардың отбасыларына арнап экскурсиялар жасалып тұрады. Музейлерге, саябақтарға, театрларға, Түркістан қаласына сапарлар ұйымдастырылды. Демеушілердің қолдауымен 400-ге жуық сыйлық таратылды.
«1 маусым – Балаларды қорғау күні» мерекесінде 200-ге жуық ерекше бала мен аналарға дастархан жайылды.
– Орталықтың басты мақсаты қандай?
-Басты мақсат – мүгедектігі бар азаматтардың қоғамда толыққанды өмір сүруіне жағдай жасау. Ақпараттық, құқықтық, әлеуметтік, психологиялық бағытта көрсетілетін көмектер арқылы олардың өмір сапасын арттыру.
Сұхбаттасқан Олжас Әбдіхалық