Музыка пән емес пе?

10 ақпан 2017, 13:00

Таяуда «Нұр Отан» партиясының Ақмола облысындағы филиалында ұстаздардың білімі туралы мәселе қараған болатын. Отырыс барысында өткен жылы облыстық білім саласындағы бақылау департаментінің деректері жарияланған. 114 орта мектеп пен 25 балалар бақшасына тексеріс жүргізіліпті. Сөйтсе, 70 мектеп пен 16 балалар бақшасындағы тәлім-тәрбиесі жалпы білім беретін мемлекеттік стандарттарға сай еместігі белгілі болған. Облыстық «Нұр Отан» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағанбетов осындай олқылықтың салдарынан білім беру сапасы сын көтермейтіндігін қадап айтты. Мәселен, ҰБТ-ның нәтижесі бойынша біздің облыс 2014 жылы республика бойынша 14-орында болса, 2015 жылы 15-орынға шегінген. Өткен жылы 12-орынға табан іліктіріпті.

Жасыратыны жоқ, шалғай ауылдағы шағын мектептерде көптеген пәнге мән беріле бермейді. Еңбек, дене шынықтыру тәрізді пәндерден мектептегі сағаты аз мұғалімге бере береді. Музыка пәні де осы қатарда.
«Жаста берген тәрбие жас қайыңмен игенмен бірдей» дейді халық даналығы. Шынында да, саздауыт жерге біткен балапан қайың жерден нәр алса ғана бой салып өспей ме? Адам да солай. Желкілдеп өсіп келе жатқан бүлдіршіннің бойындағы адамгершілік, инабаттылық қасиеттері музыканың арқасында дамымақ. Ал біздің мектептерде осы бір пән қалай оқытылып жүр десек, әрине, олқылықтың ойсырап тұрғандығы бірден байқалар еді. Нақты және гуманитарлық ғылым саласы егжей-тегжейлі таразыланғанымен, музыка пәні үнемі ескерусіз қалады. Оның ең басты бір себебі – бұрынғы ән-күй, қазіргі музыка пәнінің жас толқын ықыласын аударатындай сапалы өтпеуі, пәнге деген сала басшыларының да, ұстаздың да салғырт қарауынан туындап жатса керек. Заманында В.Сухомлинский «Музыка тыңдатпайынша, тәрбие беру – менің басыма қонбайтын нәрсе» деген екен.
Осы арада жергілікті жерден нақты бір мысал келтіре кетелік. Айталық, Зеренді аудандық білім беру бөліміне қарасты 70 мектепте музыка пәні бойынша арнайы білімі бар 24 ғана мұғалім сабақ береді екен. Ал осы 70 мектептің тек біреуінде ғана Мәлік Ғабдуллин атындағы қазақ орта мектебінде пән кабинеті бар. Қалған 69-ы мұндай қамқорлықтан қағыс қалған. Осыдан-ақ музыка пәнінің қаншалықты деңгейде оқытылып жатқандығын аңғаруға болады.
– Музыка пәні мектепте 1-6-сыныптар аралығында оқытылады. Негізі, балаға музыка тыңдауды үйрету өте қажет. Жас ұрпақ ұлттық музыканың тұма бұлақтың суындай мөлдір, жан жүрегіңді шымырлатып, тал бойыңды тамаша әуенмен толқытатын құдіретін құлағына құйып өскен жөн, – дейді Мәлік Ғабдуллин атындағы Зеренді қазақ орта мектебінің музыка пәнінің мұғалімі Нұркелді Биғарин, – біз жас ұрпақтың бойындағы отансүйгіштік, елжандылық туралы жиі айтамыз. Осы сезімдердің сіңірілу жолын іздейміз. Меніңше, бала жанындағы бар асыл қасиеттің бастауы осында жатқан тәрізді.


Біздіңше мектеп мұғалімінің бұл пікірі өте орынды. Әйтсе де, тұтас облыстағы білім ошағының жайы біркелкі емес. Бұл туралы белгілі қобызшы, Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжінің оқытушысы Нұргүл Нұрмышева былай дейді:
– Бірнеше жылғы тәжірибені қорыта айтатын болсам, білім ошақтарындағы музыка пәнінің оқыту деңгейі мүлде сын көтермейді. Бұл бүгін ғана орын алып отырған жай емес, кешегі кеңес заманында да солай еді. Бірақ байыптап қарасақ, бір жолға қоятын уақыт жеткен тәрізді. Ендігі бір мәселе – білім ошақтарында қай баспадан шыққан оқулықпен, қандай бағдарламамен оқытылады. Бұған да көңіл аудару қажет. Колледж оқушыларының ата-анасымен де пікірлесеміз. Сол сәтте мектеп оқушыларының жүктемесі шамадан тыс көп екендігі аңғарылады. Әлі қара тани қоймаған қарағым толып жатқан тапсырмамен қатар, музыка пәнін де алып кете ала ма? Екінші сыныптың бағдарламасында жануарлардың жылға таласуына арналған опера, 4-сыныпта симфониялық тақырыптар оқытылады. Әрине, музыка пәнінің мұғалімдері бағдарламада бекітілген. Негізгі талап қойылған тақырыптарды игеруге тырысатын шығар. Бірақ менің бір түсінбейтінім, бастауыш сыныптың оқушысы симфония мен операны қалай ұқпақ? Тіпті көп жерлерде оқушыларға тыңдататын дискісі мен кассетасы да жоқ. Пән кабинеттері де жабдықталмаған. Оны айтасыз аспаптары да аз, сағаты да мардымсыз. Аптасына бар болғаны бір сағат.
Ұстаз пікірін де теріске шығара алмас едіңіз. Музыка пәніне апталық жүктемеде бір-ақ сағат бөлінсе, дене шынықтыру пәніне үш сағат бөлінген. Мектептерде мынандай да тәжірибе бар. Спортқа бейімділер мен денсаулығына орай жарамсыз анықтамасын алған оқушылар екіге бөлініп оқытылады. Егер әр баланың музыкаға икемділігін, қабілеті мен дарынын ескере отырып, осындай жүйе қолданса, қалай болар еді.
– Біз кешегі кеңес заманында білім алдық. Сол кезде мектепте ән-күй сабағының бағдарламасын дайындаған белгілі композитор, КСРО халық әртісі Дмитрий Ковалевский мынандай пікір айтқан екен, – дейді оқытушы Нұргүл Нұрмышева, – «Барлық жағымсыз қылықтар, іс-әрекеттер мектептегі химия, география немесе математика пәндерін үстіртін, жаман оқытқан олқылықтардың нәтижесінен емес, ол адам баласының жан-дүниесін, сезімін, санасын тәрбиелемегендіктен. Меніңше, осы пікірдің жаны бар. Музыка өнерінің қоғам өміріндегі орны ерекше екендігі жалпыға мәлім. Ол ақыл мен сезім үндестігі – біздің жан-дүниеміздің сарқылмас рухани байлығы. Негізінен, музыкамен айналысқан, нота оқыған адамның ойлау қабілеті жүйрік. Нота оқу арқылы миды жаттықтыруға болады. Ал жақсы әуен адам жанын нұрға бөлейді десек те артық емес. Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің арнайы аспап, дирижерлау сияқты музыкалық пәндерінің оқытушысы ретінде білім ошақтарында аса пайдалы, қажетті сабақтың оқытылуына жеткілікті мән берілмейтіндігі бізді де қынжылтады.
Мектептердегі материалдық-техникалық база ойдағыдай болмағанымен, өз бетінше тырмысып, жетістікке жетіп жүргендерді де айтуға болар еді. Мәселен, Зеренді ауданындағы Шағалалы ауылының орта мектебінің табысын өзге әріптестеріне үлгі қылуға болар. Арнайы жабдықталған кабинеттері болмаса да ауыз толтырып айтуға тұрарлық дүние бар. Ұлағатты ұстаз Гүлнафис Қажығалиеваның шәкірті Назерке Нұрболат жастар арасында өткізілген дельфийлік ұлттық ойындар конкурсының бас жүлдесін жеңіп алып, алтын медальға ие болды. Ал тағы бір танымал мұғалім Қайрат Зәкидің Шыңғыс Төлеген есімді оқушысы облыстық «Абай оқулары», «Туған жер» байқауларының жеңімпазы. Мұндай мысал некен-саяқ қана. Өйткені, толыққанды білім беру үшін пәнге қатысты аспап та, көрнекі құрал да, қосымша әдістемелік материалдар да, пән кабинеті де болуы шарт.
– Менің ойымша, — дейді Көкшетау қаласындағы Біржан сал атындағы балалар музыка мектебінің оқытушысы Шынболат Өтеулі, – мектептегі музыка пәніне бөлінген сағат тым аз. Қазіргі музыка оқулықтары XIX ғасырдағы тұлғаларды қамтыған. Тұтас қазақтың фольклоры. Қаншама күйші, композитор, жыршы-жырау, ақындар, оған қоса, қазіргі заман композиторлары толайым, тұтас. Айналдырған бір сағаттың ішінде оқушы жаңағы тұлғалардың бүкіл өмірі мен шығармашылығын оқып үйрене ме, әлде шығармашылығын орындай ма? Сондықтан, аз ғана мүмкіндікті пайдаланып, алдымен, домбыраға баулу керек. Домбыраны бағдарламаға енгізіп міндеттесе, жас толқын, тіпті болмағанда домбыраны қолымен ұстап, тартып көрер еді. Тартып көрсе, оның сиқырлы сырын ұғар еді, жан жүрегімен түсінер еді. Сонда барып оның қазақы қаны оянады. Жалаң мұраларды оқыту музыка пәнінің еншісі емес. Олай болса, мәдениеттану, музыкатану емес пе. Ал музыка пәні музыкалық тұрғыдан болса дейміз де. Әрине, тарихты да білу керек. Бірақ ол өзге пән арқылы жүзеге асса, сөйтіп, екі пәнде оқытылатын дүниенің аражігін ашып алған дұрыс.
Облыстағы білім саласындағы осы пәннің жай-күйін білмек болып, білім басқармасымен бірнеше мәрте хабарластық. Тұшымды жауап бере алмады.
– Негізгі тәрбие мектепке дейінгі мекемелерде қалыптасады, – дейді Ақан сері атындағы колледждің оқытушысы Нұргүл Нұрмышева. Онда да әркімнің өзінің бойына, жасына сай оқытылса оң. Бірде облыс орталығындағы балалар бақшасындағы ертеңгілікке қатыстым. Бес жасар қыз бала махаббат туралы ән айтып тұр. Әннің сөзін естіп тұрып, ұяттан өртеніп кете жаздайсың. Қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, бесіктен белі шықпаған баланың «саған ғашықпын, күйдім, жандым, сенсіз өмір жоқ» деп ән салуы жөн бе?! Бес жасар бүлдіршінге қайдағы махаббат. Әр жыл сайын әскери әндер конкурсы өтеді. Орталық алаңда бір топ солдаттар ән салып барады. Ән болғанда да «Есік алды қоғалайды». Осы да ән бе? Ел қорғаны жауынгерлердің рухы биік, отансүйгіштік, патриоттық қайрат-жігерге толы әнді айтқандары жөн емес пе. Бұның барлығы біздің талғамсыздығымыздан орын алып отыр.
Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы жағдай да егіз қозыдай ұқсас. Бұл ауданда елу мектеп бар. 31-і орта, 9-ы бастауыш. Қалғаны негізгі мектеп. Осыншама білім ошағының ішінде аудан орталығындағы №2 мектепте қана музыка пәнінің кабинеті бар. Ауданда бұл пәннен сабақ беріп жүрген мұғалімнің тең жартысының білімі жоқ. Тек №1 орта мектепте Александра Асиеваны ғана өз ісінің жетік маманы деп атай алады. Күні кеше Ақан сері мен Үкілі Ыбырай ән шырқаған өлкенің бүгінгі ұрпағы музыкадан мақұрым қалып жатыр.

Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Ақмола облысы

16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде
05 шiлде, 14:06
Түркістан: Төлеби ауданында профилактикалық іс-шаралар басталды