jasqazaq.kz

Музейде маусымдық лагерь: Түркістанда «Мұрагер» жобасы басталды

30 мамыр, 12:00

Жаз мезгілі – балалардың демалып қана қоймай, таным көкжиегін кеңейтетін тамаша кезең. Түркістанда тарихи-мәдени мұраны дәріптеуге бағытталған ерекше бір жоба – «Мұрагер» жазғы лагері бастау алды. Әзірет Сұлтан Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы жанынан ұйымдастырылған бұл лагерь оқушыларды музей әлемімен таныстырып, шығармашылыққа баулуды көздейді.

Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы жанынан бастау алған «Мұрагер» жазғы лагері биыл оқушыларға жаңа серпін, тың білім мен жарқын әсер сыйламақ. Музей педагогикасы мен ғылыми-зерттеу бөлімінің бірлесіп ұйымдастыруымен жүзеге асатын бұл жоба 2–6 сынып оқушыларына арналған.
Лагерьдің басты мақсаты – жас буынның тарихи-мәдени мұраға деген қызығушылығын арттырып, музей жәдігерлері арқылы олардың шығармашылық әлеуетін ояту. Ең бастысы балалар Түркістан өңірінің тарихи ескерткіштері мен музей-қорықтағы жәдігерлер туралы жаңа мәліметтер алады. Сонымен қатар, музей ісінің маңызын түсіндіру арқылы балалардың тұлғалық дамуына, ойлау дағдыларына, ұлттық құндылықтарға деген құрметіне ықпал ету көзделген.

Бағдарлама 10 күнге жоспарланған. Әр күн өзіне тән тақырыппен ерекшеленіп, оқушылар музейде түрлі тәжірибелік және танымдық шараларға қатысады. Мәселен, алғашқы күні балалар музей әлемімен танысып, экскурсияға қатысса, келесі күндері археологиялық қазба ойындары, қыштан бұйым жасау, ұлттық ою-өрнек қиып үйрену, шығармашылық шығарма жазу, сахналық қойылым қою сияқты қызықты шаралармен жалғасады.

Бір күн түгелдей ұлттық ойындарға арналып, асық, тоғызқұмалақ, бестас сынды қазақтың дәстүрлі ойындары арқылы балалар этномәдени мұрамен танысады. Сонымен қатар, экология және табиғатпен үндесу тақырыптары да назардан тыс қалмайды – Түркістан табиғатын таныту, табиғи материалдардан коллаж жасау сияқты сабақтар қамтылған.
Лагерьдің соңғы күнінде оқушылардың шығармашылық жұмыстары көрмеге қойылып, ата-аналар мен музей ұжымы алдында қорытынды іс-шара ұйымдастырылады. Балаларға арнайы сертификат табысталып, естелік фотосессия өткізіледі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Мұрагер» – тек жазғы демалыс емес, жас буынға рухани тәрбие беретін, оларды ел тарихы мен мәдениетіне жақындататын маңызды жоба.
Осылайша, «Мұрагер» лагері – оқушылардың жазғы демалысын пайдалы өткізуге бағытталған, мәдени таным мен шығармашылықты ұштастыратын бірегей алаң. Тарих пен өнерді ойын арқылы меңгерткен бұл бағдарлама жас буынның ұлттық құндылыққа деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, олардың жан-жақты дамуына да жол ашады.

Әлия БІЛДЕБЕКОВА,
Түркістан қаласы

20 тамыз, 14:59
Түркістанда балалардың психологиялық саулығы басты назарда
20 тамыз, 13:45
Шымкентте «QH үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы жүзеге асырылуда
19 тамыз, 12:15
InEco Fest 2025: Алматыда экология, инклюзия және қала мәдениетін біріктірген фестиваль өтті
19 тамыз, 11:59
Музыка – жасөспірім жанының айнасы
18 тамыз, 14:54
Заманауи аппараттардан – жақсы нәтиже
16 тамыз, 12:34
Шымкент: Жарты жылда 1181 ерекше бала оңалтудан өтті
15 тамыз, 12:19
Биғайша Нұрғазинова: Ерекше балалар қоғамға кірігуі тиіс
10 тамыз, 21:15
Түркістан: Абайдың сөзі – рухани құндылықтың алтын қазынасы
09 тамыз, 15:04
Бахадыр Мәдәліұлы: Мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету – мәслихат пен партияның ортақ міндеті