
Абай облысында агроөнеркәсіптік кешен дәстүрлі шикізат өндіруші деңгейден өңдеуші әрі экспортқа бағытталған жаңа модельге кезең-кезеңімен өтіп келеді. Соңғы жылдары іске қосылған қайта өңдеу кәсіпорындары мен миллиардтаған инвестициялар өңір экономикасының құрылымын өзгертіп, қосымша құны жоғары өнім өндіруге жол ашты. Әсіресе, майлы дақылдар, ет және құрама жем өндірісіндегі жаңа зауыттар ішкі нарықты отандық өніммен қамтуды күшейтіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті де арттыру негізін қалайды. 2026–2028 жылдарға арналған инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі Жол картасы шеңберінде 112,5 млрд теңге сомасына 19 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Мемлекеттік қолдау тетіктері, жеңілдетілген несиелеу, субсидиялау және кооперацияны дамыту шаралары ауыл шаруашылығын экономиканың драйверіне айналдыруға бағытталған. Осы өзгерістердің мәні мен болашағы туралы Jasqazaq.kz тілшісіне Абай облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Мирас Тоқтарханов тарқатып айтып берді.
– Мирас Маратұлы, өңірде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағытында қандай негізгі жобалар жүзеге асырылып жатыр?
– Абай облысында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мақсатында арнайы инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі Жол картасы әзірленді. Бұл құжат өңірдегі қайта өңдеу саласын дамытуға, ауыл шаруашылығы өнімдерінің қосылған құнын арттыруға және ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге бағытталған.
Соңғы екі жылда бірқатар ірі жобалар іске қосылды. Мәселен, 2024 жылы қуаты 14,4 мың тонна болатын күнбағыс өңдеу цехы және жылына 600 мың тонна шұжық өнімдерін өндіретін өндіріс орны пайдалануға берілді. Ал өткен жылы жалпы қуаты 108 мың тонна майлы дақылдарды өңдейтін және құрама жем өндіретін екі зауыт іске қосылды.
Бұл жобаларға 10 млрд теңге инвестиция тартылды. Соның нәтижесінде өңірдің қайта өңдеу әлеуеті артып, ішкі нарықты отандық өніммен қамту мүмкіндігі кеңейе түсті.
– Енді алдағы жылдарға қандай ірі жобалар жоспарланып отыр?
– 2026-2028 жылдарға арналған Жол картасы аясында жалпы құны 112,5 млрд теңгені құрайтын 19 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Оның ішінде ағымдағы жылы 23,7 млрд теңгеге 6 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Атап айтқанда, 11,4 мың тонна ет өңдеу зауыты, 72 мың тонна майлы дақылдарды қайта өңдеу жобасы, астық сақтау көлемін 8 мың тоннаға ұлғайту және тұқым желісін іске қосу, 1360 гектар суару жүйесін енгізу, 7 мың бас қой шаруашылығын дамыту, сондай-ақ 47 мың тонна ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдеу және тазалау зауытын салу қолға алынады.
Бұл жобалар өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, экспорт көлемін ұлғайтуға және аграрлық сектордың бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мүмкіндік береді.
– Мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтып өтсеңіз. Шаруаларға қандай мүмкіндіктер беріліп жатыр?
– Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықты сапалы өніммен қамту мақсатында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жан-жақты қолдау көрсетіледі. Оның ішінде жеңілдетілген несиелеу мен субсидиялау тетіктері негізгі құрал болып отыр.
Мәселен, агроөнеркәсіптік кешендегі ірі жобаларды қаржыландыру бағдарламасы аясында 2024 жылы бөлінген 11 млрд теңге 2025 жылы 11 жобаға бағытталды. Бұл жобалар аясында су үнемдеу технологиялары енгізіліп, мал шаруашылығы дамытылып, бордақылау алаңдары кеңейтілді, балық шаруашылығы мен ет өңдеу зауыты іске қосылды.
Ал 2025 жылы 8 млрд теңге бөлініп, оның бір бөлігі нақты жобаларды жүзеге асыруға бағытталды. Биыл бұл бағдарлама бойынша 7 млрд теңге көлемінде қаржыландыру жоспарланып отыр, қаражат сүтті-тауарлы фермалар мен құс етін өңдеу жобаларына беріледі.
– Егін және мал шаруашылығын қолдау бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Егін шаруашылығында «Кең дала» бағдарламасы аясында көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүргізуге қаржы бөлінеді. 2025 жылы бұл мақсатқа 18 млрд теңге қарастырылып, 202 шаруашылыққа 9,5 млрд теңге несие берілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсім көрсетіп отыр.
Сонымен қатар шаруаларға арзандатылған дизель отыны беріледі. 2025 жылы 51,2 мың тонна отын бөлінсе, биыл 52,8 мың тоннаға 1171 өтінім түсті.
Ал «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында кооперативтерді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. 2025 жылы 1 млрд теңге бөлініп, әр ауданнан кемінде екі кооперативті қаржыландыру жоспарланған. Биыл бұл бағытта 4,5 млрд теңге қарастырылып отыр.
– Өңір үшін дәстүрлі сала – қой шаруашылығын дамыту бағытындағы жоспар қандай?
– Абай облысы үшін қой шаруашылығы – тарихи әрі стратегиялық маңызды сала. Осыған байланысты 2026–2030 жылдарға арналған арнайы салалық бағдарлама әзірленуде.
Бағдарлама аясында шаруашылықтар 300 мың бас қой сатып алуды жоспарлап отыр. Ал алдағы бес жыл ішінде қой санын 1,2 млн бастан 2,3 млн басқа дейін жеткізу көзделген. Бұл бағытта республикалық бюджеттен 50 млрд теңге бөлу мәселесі қарастырылуда.
– Жалпы субсидиялау көлемі қандай деңгейде?
– 2025 жылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 15,1 млрд теңге субсидия төленді. Оның ішінде мал шаруашылығына, өсімдік шаруашылығына, инвестициялық жобаларға және пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауға қаражат бағытталды.
Ал 2026 жылы субсидия көлемі 21,7 млрд теңгеге дейін ұлғайтылып отыр. Бұл ауыл шаруашылығының барлық бағытын қолдауға мүмкіндік береді.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Олжас Әбдіхалық