БҰҰ-ның ЭСКАТО деген ұйымы бар. Тарқатып айтсақ, Азия және Тынық мұхит аймағына арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясы. Осы ұйымның жуырда жариялаған мәліметіне жүгінсек, еліміз өткен жылы жаңа greenfield жобаларына 15,7 млрд доллар көлемінде инвестиция тартып, осы көрсеткіш бойынша Солтүстік және Орталық Азия өңірінде көш бастап тұр. Айта кеткен жөн, құрылысы тақыр жерде басталатын мұндай жобаға шетелдік инвестор түрлі тәуекелді ескеріп, беттей бермейді. Демек Қазақстан – инвестицияға тартымды, ішкі ахуалы тұрақты, келешегі кемел, бар жағынан қауіпсіз мемлекет. Ал ғаламдық нарықта тікелей инвестиция қасқалдақтың қанындай қат дүниеге айналып барады. Міне, сондықтан мұны мемлекетіміздің сыртқы саясатының елеулі жетістігі деп бағалаған абзал.
Бірақ мәселенің байыбына бармай, тар түсінікпен келте ойлайтындар да бар екен. Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи таяуда жарияланған мақаласында «Қоғамда кең тараған тағы бір алып-қашпа сөз – «Мемлекет басшысы елдің ішкі мәселелерімен айналысудың орнына сыртқы саясатқа көбірек көңіл бөледі-мыс» деп жазды. Ол мұны «билік жүйесінің қалай жұмыс істейтінін толық түсінбейтін жандар айтады» дейді.
Осы орайда Қап тауының ержүрек перзенті имам Шәмілдің «Кішкентай халықтарға үлкен қанжар, үлкен халықтарға сарқылмас сабыр керек» дейтін тәмсілі еске түседі. Бірақ оны бүгінгі күнмен безбендеп, «дәл айтылған» дей алмайсың. Күрмеуі көп түйінді қанжармен шешетін XIX ғасыр емес. XXI ғасырдың қауқарлы да қарымды қаруы – дарынды дипломатия. Рас, қазіргі жүзжылдықта да асқынған дау, шиыршық атқан текетірес жетерлік. Халықаралық құқық пен қағидаттың қадірін қашыратын қақтығыс өршіп тұр. Бірер ай бұрын «Foreign Affairs» журналында «Американ жүзжылдығының аяқталуы» (The End of the Long American Century) деген тақырыппен жарияланған мақалада мұның бір себебі айтылады. Авторлар Жозеф Най мен Роберт Кохейн жазғандай, «Америка әлсіреп жатыр. АҚШ-тың айбатын арттырған екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі әлемдік тәртіп пен жүйе енді жылдам сөгіледі». Уәжбен келісу не келіспеу әркімнің өз еркінде. Тек айтпағымыз, жыл басында дүниеден озған Жозеф Най — тұтас елді қарусыз-ақ бағындыра алатын атышулы «Жұмсақ күш» (soft power) теориясының авторы. Оның қандай құдіретті күш екенін «түрлі-түсті төңкерісті» бастан кешірген Азия мен Африкадағы, сондай-ақ ТМД-дағы кейбір елдер жақсы біледі.
Е. Бәпи сипаттап жазған қазіргі аласапыран заманның ерекшелігін ескерсек, Қазақ елінің сыртқы саясатқа, дипломатияға айрықша мән беруі бекер емес. Мемлекеттің қауіпсіздігі, ішкі тұрақтылық пен әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз етуде ғаламдық ахуалды ескеру қажет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шиеленіс атаулыны БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық шеңберінде шешуге шақырады. Ұлттық мүддені қорғап, түрлі ұйымдар мен экономикалық одақтарда тиімді саясат жүргізіп отыр. Алыстағы Африкамен байланыстың жанданғанын түсінбей жүргендер де бар. Бұл жерде бұрынғы қожайынның қолтығынан шығып, даму мен өркендеудің дербес жолына түскен қара құрлықтың алып нарық екенін ескерген жөн. Әсіресе, көршілермен тату әрі өзара тиімді қарым-қатынас орнатуға күш салып келеді. Өйткені іргеде өрт шықса, оның зардабы саған да тиері анық. Бұл ретте Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің алпауыт мемлекеттермен тікелей қарым-қатынас орнатқан CA-5 форматының орны бөлек. Биыл қырғыз бен тәжік ұзақ жылғы жер дауын мәмілемен шешіп, шекрасын шегендеп алды. Мұнда Қазақ дипломатиясының жемісті тәжірибесін ескергені күмәнсіз.
Буырқанған бүгінгі дүние тек өзіне сенетін, дарынды да тәжірибелі дипломатияға арқа сүйеуді қажет етеді. Сонда ғана хәкім Абай айтқандай, «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар еңбегің мен ақылың екі жақтап».
Срайыл Смайыл