Меруерт Салықова: Экобелсенділік қоқыс жинаумен шектелмейді

18 қыркүйек, 14:12

Бүгінде қоршаған ортаны қорғау адамзат үшін маңызды мәселеге айналды. Осы орайда jasqazaq.kz тілшісі Алматы қаласында экология мен қоршаған ортаны қорғауды насихаттап жүрген экобелсенді Меруерт Салықовамен әңгімелесті.

— Меруерт ханым, сіз қалай экобелсендіге айналдыңыз? Экоактивизммен айналысуға не түрткі болды?

— Мен экологиялық өмір салты жөнінде Инстаграм мен YouTube желілерінде блог жүргіземін. «Твоя вода» экожобасының Қазақстандағы кураторы боламын. 7-8 жыл бұрын ұлым 1 батарейканы лақтырып жіберген кезде, «Мама, оны лақтырмау керек, мен мультфильмнен оның зиянды екенін көрдім. Оны қоршаған ортаны ластамас үшін арнайы пунктке тапсыру керек», — деді. Сол кезден бастап бірге жинай бастадық. Басқа қоқыс түрлерін де қайта өңдеуге тапсыратын пункттерді тауып, экоәдет қалыптастырдым. Қаламыздың экобелсенділерімен танысып, осы бағытты зерттей бастадым. Қаланың экочаттарына кіріп, экосенбіліктерге қатысып, экологиялық іс-шараларға үнемі балаларымды ертіп барамын. Тауға барғанда көрген қоқысты алып кетеміз, бұл біздің жанұямыздың әдетіне айналған. Қоқысты азайту жолдарын іздеп, сол ақпаратпен Инстаграмда бөлісе бастадым. Солай әр қадаммен қазіргі уақытта қоқысты айына 2-3 рет шығаратын деңгейге жеттім.

— Бүгінде қоқысты сұрыптап жинау түгілі, қолындағы қажетсіз нәрсесін кез келген жерге лақтыра салмау керек екенін де ескермейтін азаматтар бар.

— Оларға көп ренжімеуге, негативке көп энергия жібермеуге тырысамын. Өйткені ол адамдардың санасының деңгейі. Қаланың сыртына шықсаңыз, өзен-көл жағасы, тау бөктерінде де қоқыс үйіліп жатады. Сол қоқысты қалдырып кеткен адамдардың ойынша, олардың соңынан біреу жинау керек. Сондай қате тұжырымнан арылу қажет. Көкжайлауға пластик құтыдағы су, пакет-пакет тамақ апарып, пикник жасайды. Ал қайтарда босаған ыдыс пен қораптарды қалаға әкетуге ерінеді. Кейбіреулері сол жердегі жәшіктерге салып кетеді. Меніңше, таудағы қоқыс жәшіктерін алып тастау керек. Өйткені адамдар қоқыстарын арнайы жерге тастадым деп ойлайды. Ал қоқыс жәшігін жануарлар төңкеріп тастауы мүмкін немесе желмен ұшып барлық жаққа таралып жатады. Сонда дұрыс жерге қалдырдық деп ойлаған адамдардың қоқысы да жан-жаққа ұшып, тау бөктерін ластап жатады. Солай кейде білместікпен де қоқыспен ластап жатқан адамдар көп. Қоқысты өзімізбен ала кетіп, тазалық сақтауға үйренуіміз керек.

— Экомәдениетті қалыптастыру үшін не істеу керек?

— Жан-жақты жұмыс жүргізу керек. Әр деңгейде, яғни мемлекет тарапынан бізге заңдар керек, олардың орындалуын қадағалау керек, бұл әкімшілік деңгейіндегі іс-шаралар. БАҚ арқылы жарнамалар мен бағдарламалар қажет және әр азамат бұл сұрақты өз қолына алу керек. Сонда ғана түпкілікті өзгерістерге жетуге болады.

Қарапайым адам не істей алады? Маған zero waste тұжырымы өте ұнайды. Өз қолданысын қысқарту, бір реттік қолданылатын заттардан бас тарту керек, сынған заттарын жөндеп, өз қоқысын азайтуы керек. Қазір қай саланы алсаңыз да шамадан тыс пайдалану болып жатыр. Лақтыра салу оңай болып кетті. Бірақ сол затқа қаншама ресурс кеткенін көбінесе ойламаймыз. Мысалға, мақтадан жасалған 1 футболкаға 2,7 мың литр су қажет екен. Жұмсалған еңбек, энергоресурстарды есептемегенде. Ол зат сізге арзан болса да, планетамызға қымбат түсіп жатыр. Үйде қоқысты сұрыптап, қайта өңдеуге тапсыру керек. Тамақ қалдықтарын қоқысқа тастамай, компостқа салуды үйрену керек. Қала сыртына шықсаңыз, қоқысты жинап, сенбілік жүргізуге болады. Оның бәрін балаларыңызбен бірге жасасаңыз, балаңыз да сондай әдетке үйренеді. Біздің қоғамда экобелсенділікті дұрыс түсінбейді. Экобелсенділік дегеніміз біреудің артынан қоқыс жинап жүру емес, өз өміріңді өзгертіп, соны жан-жағыңа насихаттау, айналадағы адамдарға үлгі бола білу деп білемін.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Мақпал Махаметқызы

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?